Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі

Өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі

Бүгін Жұбанов университетінің тарих факультетінде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының үйлестірушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Құсайынұлы Абеновтің  60 жылдығына арналған жиын өтті. Басқосуға мерейтой иесінің әріптестері, үзеңгілес достары мен шәкірттері,  тарих факультетінің түлектері қатысты.

Абенов Даулет Құсайынұлы – Қарағанды облысы Балхаш қаласы Тас-Арал селосында 1960 жылдың 21 ақпанында дүниеге келген. 1992 жылдан бастап Жұбанов университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды.  Дәулет Құсайынұлы Абенов 100-ге тарта ғылыми мақалалар мен бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектердің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ақтөбе облысы әкімі жанынан құрылған «Ақпарат толқыны» үгіт-насихат тобының, «Ақтөбе облыстық ономастикалық комиссиясының» және Елбасы Жолдауларын облыс халқына түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тобының мүшесі. Сондай-ақ,  Дәулет Абенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы» төсбелгісінің  иегері атанды.

Алдымен салтанатты шарада  Дәулет Абеновтің  осы күнге дейін жүріп өткен өмір жолын қамтитын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Жиынды ашқан университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі  проректоры Рахым Бекназаров тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Абеновтің  ұлт руханиятына қосқан үлесі туралы баяндап берді. Сөз соңында мерейтой иесіне ыстық ықыласын жеткізе келіп, ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Ғылыми кеңестің шешімімен «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін табыс етті. Одан кейін жиналған қауым алдында құттықтау сөз алған Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауын жеткізіп, университеттің кәсіподақ ұйымының атынан мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

«Құрметті Дәулет Құсайынұлы!

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы және кәсіподақ ұйымы Сізді бүгінгі мерейлі 60 жасыңызбен құттықтайды.

Ұлт тәрбиесі – ұстазға байланысты. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие  беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қаситетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам — Ұстаз. Ендеше өз ісіне берілген,  жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп алтын уақытын арнаған Сіздей ғалым ұстаздардың жөні де, жолы да қашанда бөлек.

Жоғары оқу орнындағы студент кезіңізден бастап, түрлі қоғамдық қызметтер Сізді  Азамат ретінде де, тұлға ретінде де шыңдады. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде оқытушы,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан қызметіңіз Сіздің ұйымдастырушылық  қабілетіңізбен қатар, биік парасат-пайымызды анық көрсетті.

1995 жылдардың басынан ғылымға бет бұруыңыз дер кезінде дұрыс қабылданған шешім екендігін бүгінгі күн анық дәлелдеп отыр, бүгінде есімі елге белгілі ғалымсыз, көптеген ғалым тәрбиелеген ұстазсыз!

Қазақстан тарихына арналған  200-дей ғылыми еңбегіңіз ел игілігіне айналып, ғылым мен білім саласында кеңінен пайдаланылуда. Сіздің «Ұлт- азаттық көтеріліс көсемдері», «Революцияға дейінгі басылым беттеріндегі Қазқстан тарихы», «Қазақ  жерінде орыс шаруаларын қоныстандыру тарихы» сияқты еңбектеріңіз болашақ тарихшы мамандарды дайындауда аса қажетті, іргелі еңбектер болып табылады.

«Ұстазы мейірлінің шәкірті пейілді» болатынындай, ұстаз қандай болса, шәкірт те соған сәйкес өседі. Сіз осы тұрғыда ұстаздық мақсатыңызды азаматтық парызбен ұштастырған тағылымды тұлғасыз. Сіздің кәсіби біліктілігі мен білімі жоғары тарихшы мамандар даярлаудағы еңбегіңіз қашанда құрметке лайық!

Құрметті Дәулет Құсайынұлы!

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен жеткен ғұмырыңыздың биік бір белесіндей мерейтойыңыз тағы да құтты болсын! Сізге әрқашанда зор денсаулық, ұзақ жас, қайнар-бұлақ қуат, отбасыңыздың берекесін тілей отырып, шығармашылықтағы шабытыңыздың еселене беруін тілейміз!», — делінген құттықтау хатта.

Бұдан кейін Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов жиналғандарға  тарихшы ғалымның ғылымдағы азаматтық-адамгершілік қырлары жайлы естеліктер айтып, басқарма басшысы Айбек Көпеновтің  құттықтау хатын оқып берді.

Салтанатты шарада «Тарих және дінтану» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Избасарова мерейтой иесінің өнегелі өмірі мен мағыналы   еңбек  жолы туралы баяндама жасады. Ол баяндамасында Дәулет Құсайынұлының  өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады.  Сондай-ақ шарада мерейтой иесін  құттықтаған  шәкірттері, әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын табыстады.

Жиында  ҚР Білім және ғылым министрлігінің  Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі департамент директорының орынбасары Бану Нарбекованың, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім мен ғылым саласын қадағалау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың, академик Берекет Кәрібаев сынды тарихшы-ғалымдар бейнеқұттықтауларын  жолдады. Сондай-ақ, филология факультетінің 3-курс студенті Самғар Орынбай ғалымның мерейтойына өз арнауын паш етіп, інілік ізетін білдірді.

Белгілі тарихшы-ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған  салтанатты жиында оның еңбектері сараланып, тарих  ғылымына қосқан еңбегі айтылды. Ғалымның көпжылғы еңбектері салтанатты шараға арқау болды.