Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстаздар күніне арналады…

Ұстаздар күніне арналады…

Бүгін 6 қазан күні Жұбанов Университетінің Студенттер сарайында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясатының департаменті, Педагогика факультеті, кәсіподақтың ұйымдастырумен  қарашаңырақтың тірегі – ұлт болашағының мәңгі мызғымастай іргетасын қалап беруші, қадірлі ұстаздарға арналған  «Ұстазым — алтын қазынам»  атты мерекелік шарасы өтті.

Аталмыш шараға университеттің барлық профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, университеттің ардагерлер қауымы  жиналды.

Салтанатты шара кезінде алғысөз алған Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков ұстаздар қауымын құттықтап, «Аяулы ұстаздар, әріптестер,  Сіздердің мейірімді де, шуақты жүздеріңіз шәкірт жүрегін нұрландырып, жандүниесіне шапағат нұрын төгуде. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, ұстаздан өнеге-білім алып, өмір теңізіне бағыт алған әрбір шәкірт ұстазымен мақтанады.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың ұлағаты — мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты — оқу мен әдебиетте» деген екен. Ұстаз — осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден-бір тұлға.  Мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы ұстаздың бүгінгі тәлімінде», — дей келе, биылғы оқу жылында орын алған бірқатар өзгерістерге тоқталып өтті.

Университет ректоры Ұстаздардың төл мерекесінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ ұстаздарды  марапаттап, салтанатты түрде бірінші алқа, республикалық құрмет, облыстық құрмет грамоталарын тапсырды.

Мерекелік кеште Ретро стилінде попури, «Гүлнар» ансамблінің орындауында Тақиялы періште фильмінен көрініс,  Аққу би ансамблімен үнді биі,  «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетіліп, ұстаздарға арналған әндер шырқалды.

Сондай-ақ, жиналған көпшілік Ұстаз тағылымы, ұстаз есімінің мәні, еңбек жолын айқындайтын  бейнероликті тамашалады.

Шәкірттер санасына білім сәулесін шашып, ғылымның шырағын жағып жүрген ұлағатты ұстаздарға ақ тілектер мен ыстық ықылас білдірген білім ордасының студенттері жиылған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.