Среда, Апрель 17, 2024
Басты > Жаңалықтар > Волейболдан ректор кубогының жеңімпаздары анықталды

Волейболдан ректор кубогының жеңімпаздары анықталды

Бүгін Жұбанов университетінде төрт күнге созылған  «Ректор кубогы» үшін волейболдан республикалық ашық турнир аяқталды. Университеттің 85 жылдық мерейтойына арналған шара университет басшылығының қолдауымен өткізілді. Аталмыш спорттық шараны университеттің  Жоғары колледж ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Жарысқа оқу ордасының және Нұр-Сұлтан, Орал, Қостанай, Ақтөбе қалаларының жоғары оқу орындарынан   12 ерлер командасы қатысты.

Бүгінгі марапаттау шарасына «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе филиалының, облыстың ішкі саясат басқармасының өкілдері және Жұбанов университетінің түлектері арнайы қатысты.  Өз кезегінде Қазақстан Республикасының еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Бауыржан Нұрмаханов спортшыларға мықты денсаулық және  спорт биіктерін бағындыру жолында табыс тіледі.

Сондай-ақ, жақында ғана Үндістанның астанасы  Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында 125 келі салмақта үздік атанған ақтөбелік алтын медаль иегері  Юсуф Батырмұрзаев та құрметті қонақ болды. Чемпион өз кезегінде жарыс жеңімпаздарын құттықтап, лайықты марапаттарды табыс етті.

Аса тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша, 1 орынды –  Қостанай облысы Челябинск мемлекеттік университетінің командасы иемденсе, 2 орынды Жұбанов университетінің Жоғары колледжінің  командасы алды. Ал  3 орынды Жұбанов университетінің  жігіттері еншіледі.

Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал үздік ойыншылар мен жаттықтырушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.