Вторник, Январь 31, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Конференция қонақтары студенттермен жүздесті

Конференция қонақтары студенттермен жүздесті

Ақтөбеде өткен «Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы және оның мемлекет пен қоғам дамуындағы маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына арнайы келген қонақтар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде болып, студент жастармен кездесті.

Кездесу барысында еліміз тәуелсіздік алған жылдары ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі, Әділет министрі, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарып, Қазақстандағы құқықтық реформаның авторы атанған Нағашыбай Шәйкенов туралы естеліктер мен әдемі әңгімелер айтылды.

Лидия Шәйкенова өзінің марқұм күйеуі Нағашыбай Шәйкеновтің еліміздің Негізгі заңын әзірлеудің бастауларында қалай тұрғаны туралы айтып, ақтөбеліктерге Шәйкеновтің рухына көрсеткен құрметтері үшін ризашылығын  білдірді.

— «Шәйкенов оқуларының» Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы аясында Ақтөбе жерінде өтіп жатқандығына өте қуаныштымыз. Өйткені, Ақтөбені Нағашыбай Аманғалиұлы өзінің кіші отаны санайтын. Орынбор облысында дүниеге келгенімен, Ақтөбеге біз өте жиі келетін едік. Оның анасы, әпкесі мен ағасы осы қалада тұрды.

Нағашыбай Аманғалиұлы еліміздің Конституциясының басты авторларының бірі ретінде саналады. Мен сол бір кезеңді өте жақсы білемін. Ол — еліміз үшін жаңа, жарқын таңның атып келе жатқан кезі еді. Нағашыбай Аманғалиұлы бастаған топ күндіз-түні тынбай жұмыс жасады. Аз ғана уақыттың ішінде өздеріне жүктелген ең ауыр міндетті ойдағыдай аяқтады. Олар әр бапты талқылап, талдап отыратын. Нәтижесінде осындай Конституция дүниеге келді, — деді Лидия Шәйкенова.

Бұдан өзге кездесу барысында Каспий жеке қоғамдық университетінің құқықтық ғылыми-зерттеу институтының директоры Майдан Сүлейменов,  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Зәуреш Баймолдиналар сөз сөйлеп, Конституцияның 25 жылдығы аясында өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі іс-шараның өзектілігіне тоқталды.  

Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Асыл Смағұлованың айтуынша, кездесуге келген қонақтарды студенттер бұған дейін тек  күнделікті оқу процесінде қолданылып жүрген оқулықтардың авторы ретінде танып келген.

— Бүгін біздің студенттер Майдан Сүлейменов, Ақтөбе университетінде заң факультетін құрушылардың бірі Шолпан Тлепина, еліміздің бірінші Әділет министрі болған Нағашыбай Шәйкеновтің жұбайы Лидия Шәйкенова, сондай-ақ  Зәуреш Баймолдина, Жанат Құлжабаева секілді еліміздегі заң ғылымдарының шеберлерімен жүздесті. Бұл кездесудің біздің оқу орнында білім алып жатқан студенттер үшін өзіндік жаңалық боларына сенімдімін, — дейді Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі.

Шара барысында қатысушыларға ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған фильмдердің тұсаукесері мен көрсетілімдері ұсынылды.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=83832