Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Экологиялық тәрбие — уақыт талабы

Экологиялық тәрбие — уақыт талабы

Конференция

28 ақпан — «Невада-Семей» қозғалысының құрылған күні. Соған орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Таза табиғат пен ядролық қарусыздандыруға» атты аймақтық ғылыми конференция өтті.

Конференцияға Атырау, Орал, Маңғыстау облыстарынан  «Невада-Семей» қозғалысының Батыс Қазақстан аймағы филиалының  өкілдері келді. Семей полигонында болған облыстағы ардагерлер мен қоғам белсенділері шақырылып, жаратылыстану факультетінің оқытушылары мен экология мамандығының студенттері қатысты. Алғашқы сөзді алған университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев бұл басқосуды еліміз үшін өмірлік маңызы бар шара екенін айтты.

— Батыс Қазақстан аймағында бес полигон бар. Оны екінің бірі біле бермейді. Алдымызда редактивті қалдықтарды жинау мәселесі тұр. «Невада-Семей» қозғалысы осындай мәселелерді көтеріп, ірі ядролық апаттарды болдырмауға қарсы жұмысын жалғастыра береді, — деді.

Басқосуда  еліміздің экологиялық мәселелеріне қатысты баяндамалар жасап, оның шешілу жолдары талқыланды. Әр аймақтан келген делегаттар ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, сынақ аймағында болғандарға сөз берілді.

Конференцияда 4 адам «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдығына арналған халықаралық дәрежедегі медальдармен марапатталды. 5 адамға «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерекелік медалі табысталды. Полигон ардагерлері мен қоғам белсенділері облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хатын алды. Сонымен қатар Батыс аймағы филиалының Құрмет грамотасы мен сертификаттар батыс өңірдегі полигондарды зерттеген ғалымдарға берілді.

— Келесі жылы Семей полигонының жабылғанына 30 жыл болады. Соған байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өтетін үлкен халықаралық конгреске дайындалып жатырмыз. Бұл конференцияда қаулы қабылдап, жоспарларымызды бекіттік. Көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Солардың бірі — Семей полигонында  әскери қызмет атқарғандар  мен мүгедектеріне, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің құрметіне арнап Ақтөбе қаласына  ескерткіш-стела қою. Мұны облыстық, қалалық әкімшіліктер қолдап отыр. Полигонға қатысқандар қазір түрлі онкологиялық аурулармен ауырады. Олардың әлеуметтік жәрдемақыларын көтеру мәселесін қолға алу керек. Біз полигон ардагерлерімен бірігіп жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмыстарын жүргізуге міндеттеме алдық. Тағы бір жаңалық — полигонның жабылғанына 30 жылдық мерекесіне орай Семейде үш қабатты музей салынып жатыр,  — деді «Невада-Семей» қозғалысының Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов.

 

Самат НАРЕГЕЕВ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=83820