Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 85 жылдыққа – 85 білім гранты

85 жылдыққа – 85 білім гранты

Кәсіби бағдар беру — әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіптік қызығушылығын қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмегін көрсететін жұмыс. Ал, мамандық дегеніміз – адамның еңбек қызметінің түрі. Мамандық таңдау – адам өміріндегі алдағы болашағын айқындайтын, үлкен өмірге аяқ басатын маңызды қадамдарының бірі. Алайда, алтын ұя мектебінің қабырғасынан ұшатын түлек алдағы болашақ мамандық таңдау туралы ойлана бастайтыны белгілі. Болашағында жақсы, білімді, қажетті маман иесі болу әрбір оқушының алға қойған мақсаты, тіпті арманы десек те болады.

Сексен бес жылдық тарихы бар Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті – ұлттық бірыңғай тестілеуге, мемлекеттік білім гранты байқауына және магистратура мен докторантураға құжат қабылдайтын өңірдегі базалық жоғары оқу орны. Аталмыш оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен биыл бірінші мәрте бастау алған «Жұбанов керуені» жобасы былтырғы жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағын аралады.

Жылжымалы топтың құрамында жоғары оқу орнының басшылары, профессорлық-оқытушылық құрамы, кәсіби бағдар беру және қабылдау бөлімінің мамандары, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің белсенділері мен шығармашыл жастары бар. Бұл жоба алдағы оқу жылында жоғары оқу орындарына түсетін жас түлектерге бағыт пен бағдар беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Кездесу шеңберінде жоғары оқу орындарына түсемін деген әрбір мектеп бітірушіге барлық көмек көрсетіліп, ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыру ережелерін түсіндіру, қажетті пәндер бойынша шеберлік сағаттары, «Ашық микрофон» сұрақ-жауап алаңы (мектеп бітірушілермен, олардың ата-аналарымен және ұстаздарымен кездесу), студенттік клубтар мен білім бағдарламаларының көрмесі, университет кампустарымен таныстыру, кафедра филиалдарының ашылуы, ғалымдарының еңбектерін табыстау, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Жалпы, мамандық таңдау өмірдегі өз орныңды табудың алғашқы баспалдағы. Оған бейжай қарауға болмайды… «Жұбанов керуені» жобасында болашақ студенттердің дұрыс мамандық таңдауына бағыт бердік деп ойлаймын. Биылғы мектеп бітіруші түлектерімен кездесуде жоғары оқу орнына түсу ережелері туралы баяндап, онда білім деңгейінің сатыларына, жаңадан ашылған мамандықтарға және білім беру гранттары туралы ақпараттармен бөлістік. Сондай-ақ, кездесуде облыс бойынша 6500-ге жуық мектеп түлегі қамтылды. Кездесу барысында олардың әрқайсысымен сауалнама жүргізіп, соның негізінде ауқымды талдау жасалды. Қорытындысында 2400-ге жуық түлек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне оқуға түсуге ниеттеніп отырғанын жеткізді. Соның ішінде таңдаған мамандығына тоқталатын болсақ, түлектердің көбінің математика-физика, химия-биология, биология-география бейіндік пәндеріне қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Жалпы бұл өңір бойынша мектеп бітіруші түлектермен жүргізілген талдау нәтижесінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына, шетелдік жоғары оқу орындарына түсетін, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайтын және педагогикалық мамандық таңдап отырған түлектердің саны да анықталғанын айта кеткен жөн, — дейді, кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева.


Рауан Жалтырбаеваның айтуынша, мектеп түлектерімен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітіретін 6300-ге жуық түлектер мен магистратура, докторантураға түсушілерге кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары да қосымша жүргізілуде.

Мектеп бітірушілермен  кездесу барысында жоғары оқу орнының жетекшісі жобаның негізгі мақсаттарын таныстырып, мамандықты таңдаудың маңызы мен мәнін түлектерге жете түсіндірді.

Бүгінгі күні елімізде маман даярлауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Келесі бір мәселе — мектеп бітіруші түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Мектеп оқушысының мамандық таңдауынан бастап, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті қамтитын «Кәсіби даму және мансап» орталығы құрылды. Қазақстандағы шетелдік инвесторлар қауымдастығы ұсынысымен мұндай орталық бес жоғары оқу орнында ашылса, соның бірі — Жұбанов университетінде. Орталықтың негізгі мақсаты – ең алдымен, өңірге қажетті мамандардың мониторингін жасау. Бүгін оқуға түскен студент төрт-бес жылдан кейін жұмыссыз қалмауы қажет. Бұл жөнінде «Bilim ja’ne g’ylym» тақырыбында өткен облыс педагогтарының жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесінде де айтылды.

Қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-класта емес, 8 бен 9-кластардан басталуы керек. Ата-аналардың сексен пайызы, пән мұғалімдері, класс жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына қосатын үлесі зор. Барлық сыннан өтіп, тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап, немесе грант үшін, төрт жыл, жүрегі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады. Бұл арада, әрине, жан-жақты кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіре түсу қажет.

Мұғалім болатын түлектердің жетпіс бес пайызы жұмысқа орналасты дегенімізбен, пән мұғалімдері өңірде жетіспейді дедік. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ең алдымен, өңірді кадрмен қамтамасыз етуі керек. Бұл тұрғыда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Дегенмен де, бұл жұмысты күшейту мақсатында қазан айынан бастап «Жұбанов керуені» жобасы аясында университет ұжымы аудандарға іссапарға шығып отыр. Оқуға түсу туралы жалаң үгіт-насихатпен емес, ғалымдар дәрістері, мектептегі кафедра филиалдары жұмысы, оқушылар арасындағы түрлі олимпиадалар, ҰБТ-ға дайындау, жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша бірлескен семинар, дөңгелек үстелдер өткізу, бірлесіп оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселелері осы кешенді жобаның негізгі бағдары болып, мектеп пен университеттің арасындағы байланысты күшейтіп, бірнеше түйткілді мәселелерді шешеді деген ойдамыз, — деді ректор.

Жоғары оқу орны жетекшісінің мәлімдеуінше, үш тілде білім беру — бүгінгі заман талабы. Өткен жылдан бастап осыған орай оқыту кезең-кезеңімен енгізілуге байланысты, түлектерге ағылшын тілін меңгерту мақсатында университетте «Білім» бағытының алты білім бағдарламасы (физика, информатика, математика, химия, биология, дефектология) бойынша көптілді білім беру жүзеге асырылады.

Айта кетейік, университет ректоры түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Бұл ретте білімнің киелі шаңырағына баланатын Ақтөбедегі іргелі оқу орнының сексен бес жылдық мерейлі датасына орай университет басшылығы  тарапынан мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан мектеп бітірушілерге 85 білім гранты бөлініп отыр.

Соның нәтижесінде «Жұбанов керуені» жобасының аясында 45 мектеп  бітірушіге білім грантының сертификаты табысталды. Онымен қоса жобаның «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан отыз алты мектеп бітірушіге  оқу ақысына жиырма бес пайыз жеңілдік беретін арнайы сертификаттар берілді.

Аталмыш кездесуде білім ордасында оқитын ауданның үздік студенттерінің ата-аналары мен ауданда қызмет атқаратын университет түлектеріне құрмет көрсетіліп Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты облыстың 400-ге жуық мектебінің кітапхана қорына профессор Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.

Жиынға арнайы  қатысқан аудан әкімдері мен білім бөлімінің басшылары да биылғы жылғы түлектерге ерекше шараны ұйымдастырған қазақ білімінің қара шаңырағының ұжымы мен университет басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сапар барысында толғаныс үстінде жүрген биылғы түлектермен жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік. Олардың армандары асқақ, мақсаттары биік… Сапар барысында 11 класс оқушыларының өздеріне сенімді екендіктерін оңай байқадық. Мәртөк ауданында қанат қаққалы отырған 300-ге жуық түлектің ішіндегі мектеп белсендісі, болашақта елдің дизайн саласына үлес қосқысы келетін Нұрлан Қаршығаны сөзге тартқанымызда былай деп жауап берді.

Бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға мың алғыс. Осы күнге  жеткеніміз ата-анамызбен қоса парасатты педагогтердің ерен еңбегі екендігі даусыз. Алдымызда үлкен сынақ күтіп тұр. Содан сүрінбей өтіп, армандаған жоғары оқу орнына түсіп кетсек деген жалғыз ғана тілегіміз бар. Студент атанып жатсақ, бұл тек біздің ғана жеңісіміз емес, ұстаздарымыздың да жеңісі.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті – менің армандайтын оқу орындарымның бірі.  ҰБТ тапсырған соң осында түсуді мақсат етіп отырмын. Бүгін біздің ауданымызға келген  «Жұбанов керуені» жобасында өзім қалаған мамандық жөнінде көптеген мағлұматтар алдым. Болашақта осы университетті бітіріп, дизайнер болып жұмыс жасағым келеді. Маған осы университеттің белсенді жастары ұйымдастырған концерттік іс-шара мен білім бағдарламаларының көрмесі қатты ұнады, — деді ол бізбен әңгімесінде.

Еске салсақ, жоба өкілдері Ақтөбе облысының Алға, Қобда, Темір, Байғанин, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Ырғыз, Әйтеке би, Шалқар, Ойыл аудандарындағы үш жүзден аса мектептерде, 3300-ге жуық мектеп  түлектерімен кездесті. Басқосуға аудан түлектерінен бөлек олардың ата-аналары мен мектеп мұғалімдері, аудан басшылары қатысты. Жоба барысында пәндік негізде кеңестер беру және мектеп ұжымы мен факультет ұжымының тәжірибе алмасуын жүзеге асыру, теориялық білім мен практикалық дағдыны бірлесе қалыптастыру мақсатында аудан мектептерінде университеттің 16 кафедра филиалы ашылып, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында бес ауданда меморандумдарға қол қойылды.

Сондай-ақ, аудан мектептерінде университет факультеттерінің ғылыми-әдістемелік семинарлары мен үздіксіз білім беру институтының «Инклюзивті білім беру мәселелері» тақырыбында оқыту семинарлары ұйымдастырылып, төрт жүзден астам мектеп мұғалімдері кәсіби біліктіліктерін арттырды. «Жұбанов керуені» жобасының жалғасы ретінде облыс орталығындағы мектеп бітірушілерге ашық есік күндері ұйымдастырылды.

Бір апта бойы  университет өкілдері қаланың сексенге жуық мектебінің 3200 түлегімен кездесті. Басқосуда кәсіби бағдар беруші мамандар мамандық таңдаудың маңыздылығына айрықша мән беріп, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мектеп бітіруші түлектер  университетке сапары барысында «Zhubanov Cinema» кинозалындағы  көрсетілімдерді тамашалауға мүмкіндік алып, оларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңде университеттің белсенді білімгерлері концерттік бағдарлама ұсынып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

P.S. Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенттерінің саны биыл 14600 адамды құрады, оның 6800-і педагогикалық мамандықтарда оқиды. Осы оқу жылына 1 курсқа алты мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 190 «Алтын белгі» иегері, екі жүзден аса оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар университеттің студенті атанды. 1400 студент мемлекеттік және облыс әкім грантын иеленсе, меценаттардың қолдауымен 43 миллион теңгеге 128 студент білім алуда. Біздің жоғары оқу орны тарапынан жиырма бір студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 794 студентке түрлі жеңілдіктер берілді. Университет алпыс төрт бакалавриат, 41 магистратура және алты докторантура, барлығы 111 білім бағдарламасы және жоғары колледжде он төрт мамандық бойынша мамандар даярлайды.

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің

Мedia орталығының маманы,

Ақтөбе қаласы

https://bilimdinews.kz/?p=91146