Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми-әдістемелік семинар ғалым мерейтойына арналды

Ғылыми-әдістемелік семинар ғалым мерейтойына арналды

Бүгін Жұбанов университетінің басшылығы, оқытушылары, студенттері, түлектері филология ғылымдарының докторы Күлзат Садированы мерейтойымен құттықтауға және жаңартылған білім мазмұнын талқылауға  жиналды.

Филология факультеті деканының мерейтойын мерекелеу аясында «Жаңартылған білім мазмұны: көптілді тұлғаның дискурстық құзіреттілігін қалыптастыру әдістері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Семинардың ашылуына қатысқан ректор Бауыржан Ердембеков Күлзат Садированың университеттің ғылыми қызметін ұйымдастыруға қосқан үлесі мен ұйымдастырушылық қабілеттерін ерекше атап  өтіп, Жұбанов медалін табыс етті.

Айта кету керек, филология ғылымдарының докторы Күлзат Садирова  Жұбанов университетінде 25 жылдан астам жұмыс жасап, сол жылдары қазақ тілі кафедрасының оқытушысы және аға оқытушысы,   кафедра меңгерушісі, декан  лауазымдарын атқарды.

Салтанатты шарада  мерейтой иесінің жоғары оқу орындарындағы, білім беру ұйымдарындағы әріптестері, түлектері, студенттер мен докторанттар, Башқұрт мемлекеттік университетіндегі шетелдік әріптестері бейне құттықтауларын жеткізді.

Ғылыми-әдістемелік семинар аясында жиынға қатысушылар ғалымның жетекшілігімен жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдары туралы  да әңігмеледі.

Күлзат Қаниқызы Садирова — «ЖОО-ның үздік оқытушысы — 2012» республикалық байқауының жеңімпазы. ҚР Білім және ғылым Министрлігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Ақтөбе облыс әкімінің, Ақтөбе қаласы әкімінің Құрмет грамоталары  мен Алғыс хаттарының иегері. 130-дан астам ғылыми, оқу-әдістемелік және  ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы. Оның ішінде 7 оқу құралы, 3 монография, 1 электронды оқулық, Scopus мәліметтер базасында импакт-факторы бар журналдарда 2 ғылыми мақала, Thomson Reuters мәліметтер қорының жинағында жарияланған 2 мақаланың авторы.

Халықаралық ынтымақтастық орнату, ғылыми ақпараттармен алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында 2011-2014 жылдары  Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университетiнде, Қытай Халық Республикасының Синьцзян қаржы-экономикалық университеті мен Іле педагогикалық институтында, Ресей Федерациясының Пермь политехникалық ұлттық-зерттеу университетінде, Башқұртстан Республикасының Муфтахеттин Акмулла атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде тәжірибеден өтті.