Вторник, Июнь 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстаздар мен арулар айрықша ардақталды

Ұстаздар мен арулар айрықша ардақталды

Жұбанов университеті  жыл сайынғы дәстүр бойынша 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күнін сән-салтанатпен қарсы алды.

Мерекелік кеш жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен VI Халықаралық «Астана гранд фестиваль» байқауының Гран-При иегерлері, «Музыка және хореография» кафедрасының студенттік хор ұжымы композитор Кеңес Дүйсекеевтің  «Анаға хат» әнімен ашты.

«Көктемнің сәні Сіздер — Жұбанов арулары» тақырыбындағы мерекелік шараны құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  нәзікжандыларды төл мерекемен құттықтап, оларға деген ерекше ықыласын жасырмады.  Сондай-ақ, университеттің білімі мен ғылымын өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген әйел ұстаз-ғалымдарға жүрекжарды ақ тілегін жеткізді. Университет жетекшісі  өз сөзінде Жұбанов университеті ұжымының 85 пайызын қыз-келіншектер, білімгерлер контингентінің 6000-ын арулар құрайтынын айрықша атап өтті.

«Жұбанов жастары» театры бұл жолы көпшілікке жақсы таныс, кино әлемінде өшпес із қалдырған, шоқтығы биік режиссер Шәкен Аймановтың  «Тақиялы періште» фильмінің желісі бойынша  театрландырылған өнерлерін көрсетті.  Орынды сахналық көріністерге риза болған зал толы көрермен қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Бейнебір көз алдымызға нағыз кино тамашалап отырғандай әсер қалдырды. Әмина Өмірзақованың образын ашық-жарқын күлкісіне дейін келісті сомдаған педагогика факультетінің 4-курс студенті  Индира Аманжолова болса, Тайлақ рөлін физика-математика факультетінің 2-курс студенті Әділет Нурадинов, ал ғашығы Айшаны физика-математика факультетінің 3-курс студенті Нұрайна Ғилманова, Тананың құрбысы образын техникалық факультеттің 1-курс студенті Мөлдір Қабиева   үздік сомдап шықты.

Біртуар режиссер Шәкен Аймановтың тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалатын ерекше фильмі «Тақиялы періште» 1968 жылы жарыққа шықты. Фильм барысында 60-жылдардағы Алматы қаласы, сол кездегі жастардың болмысы көрсетіліп, сюжет «Тақиялы періште» деп еркелететін кенже баласының бойдақ жүргені жүрегіне батқан Тана апаның баласына қалыңдық іздеу желісіне құралған.

«Тақиялы періште» фильміндегі көрерменді баурайтын нәрсенің біріншісі комедияға тән табиғилық болса, екіншісі – сол әзіл-қалжыңды бермен қарай жеткізуші актерлік шеберліктің мықтылығы болды. Ауылдан қалаға келген Тана ана баласы Тайлақтың бойдақтығына төзбей, «ер бала жалғыз тұра алмайды, оның қасында қолдаушы-анасы, және сүйікті әйелі болу керек» -деген ұранмен қала ішінде келін іздеп, баласына жеңгетай болады. Бірақ, анасының таңдауындағы қыздарға көңілі толмаған Тайлақ жар болатын сүйіктісін, өзі іздеп табады. Баласына жар іздеймін деген Тана ана өзінің алғашқы махаббатымен бірнеше жылдан соң кездеседі. Ол ғашығы Тайлақтың болашақ жары Айшаның әкесі – Тайыр еді. Шытырман оқиғалар мен естеліктерге арналған фильмнің соңы сәтті кездесу, қос тойдың қуанышымен аяқталады. Бодандықтың құрсауындағы түрлі ұлттар араласқан кеңестік кезеңде туса да, фильмдегі Тайлақ пен Тана – ұлттық шеберханадан туған бейнелер. «Тақиялы періштедегі» актриса ойнаған Тана рөлі көпшілікке Тайлақтың анасы ретінде есте қалып, әрі қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келе жатқан фильм.

Бүгінгі мерекелік шарада кинофильмдерден әндер де шырқалып, фильмдегі Бибігүл Төлегенова айтқан «Мама» әнін студенттер Жанерке мен Назерке әдемі жеткізе білді.

Салтанатты жиын барысында мерекеге орай естелік сыйлықтар мен  гүл шоқтары тарту етілді.