Суббота, Апрель 20, 2024

Күлзат

Күлзат Садирова — бақытты ана, аяулы жар, ұлағатты ұстаз, ұлтжанды ғалым. Ол өзі білім алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде еңбек жолын бастады. Содан бері арада 27 жыл өтті. Осы жылдар аралығында кейіпкеріміз қазақ филологиясының дамуына мол үлес қосты. 27 жасында кандидаттық диссертациясын қорғаған ол қазір филология ғылымдарының докторы, профессор. Аталған оқу орнында филология факультетінің деканы қызметін атқарады. Күлзат Садирова күні кеше ғана, көктемнің алғашқы күнінде мерейлі 50 жасқа толды.
«8 наурыз — нәзіктіктің, жылылықтың, сұлулықтың, тыныштықтың, берекенің мерекесі. Меніңше, анасы бар жандардың төрт құбыласы түгел деуге болады. Анаң барда өзіңді уайым-қайғысы жоқ жандай сезінесің. Бала кезімде анамыз қонаққа кетіп қалса, тезірек келуін қалап, кешігіңкіреп қалса, мазамыз болмайтын. Үй-іші құлазып қалатын. Әрі-беріден соң үрей пайда болатын. Үрпейісіп, тіпті дәлізге шығуға қорқатын едік. Сонда біз анамызды жоғалтып алудан қорқатынбыз. Әлгінде ғана кетсе де, сағынып қалатынбыз. Анамыз үйге кіріп келгенде қорқыныштың бәрі ұмытылатын. Анамыздан бойымызға үлкен қуат алатынбыз. Сол сезім, сол түйсік жиендерінде де бар. Балаларым да әжесін қатты жақсы көреді. Сағынады. Адамдардың арасындағы жылылықтың үзілмейтін нәзік жібін жалғап тұрған осы сезім ғой деп ойлаймын», — дейді Күлзат Садирова.
Оның отбасы үшін наурыз — мерекелер айы. 8 наурыз бен 22 наурызбен қатар отбасылық мерекелер де жетерлік. Наурыздың 1-і күні — өзінің туған күні. 18 наурызда тұңғышы дүниеге келіпті. Наурыздың 20-сы күні анасының туған күнін тойлайды. Ал 23 наурыз — сіңлісі дүние есігін ашқан күн.
Күлзат Садирова бұрынғы Ырғыз ауданы Жабасақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қани бас экономист, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Анасы Аягүл мектеп асханасында еңбек еткен.
«Анам 10 құрсақ көтерген. Әкем өмірден ерте кетті. Әкем кіндіктен қалған жалғыз тұяқ, жалғыз ұл болған. Отау құрғаннан кейін анам екі жыл құрсақ көтермеген. Сонда әжем марқұм үйге кірген, шыққан сайын «Жарымаған басқа қатқан қобыз бітеді» деп айта беретін болыпты. Мұны естіген анам іштей егілетін болған. Немерелері бірінен соң бірі дүниеге келгенде әжем қатты қуаныпты. «Жалғызымның жапырақтары» деп онымызды да өзі бағыпты. Немерелерін келініне тек емізуге ғана беретін болған.
Әжем мен анамның сыйластығы жоғары болды. Анам енесін ерекше құрметтеді. Өмір болған соң ағайынмен келіспеушіліктер болады ғой. Бірде анам мен қайынсіңлілерінің арасында түсінбеушіліктер болып қалғаны бар. Сонда анамыз оларға артық ешнәрсе айтпады. Өзінікі дұрыс болса да оларға үндемеді. «Мама, ол кісінікі дұрыс емес қой» деп біз шыр-пыр болдық, сонда анам «Әжелеріңнің аруағы үшін үндегім келмейді» деді. Өзі ретсіз сөз естіп отырса да, өмірден бәлен жыл бұрын озып кеткен енесінің аруағын сыйлайды…
Өзімнің енем жақында өмірден озды. Жарықтық өте жақсы кісі еді. Енемін деп тапсынбайтын. Қолында тұрып, қолын жылы суға малдым деп айта алмаймын. Біз қалада тұрдық. Келін боп түскен бастапқы жылдары бірінен соң бірі қайта-қайта ота жасаттым. Сонда маған қамқор болып, жолдасым Қонысбекке менің ауыр нәрсе көтермеуімді нықтап тапсыратын еді», — дейді кейіпкеріміз.
Күлзат — ерекше есім. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді:
«Әріптен қате кеткендік емес. Атымды әкем қойған. Біздің үйдің қыздарының аттары «к» әрпінен, «күл» сөзінен басталады: Күлімкүл, Күлімжан, Күлзат. Күл сөзінің бір мағынасы биіктікпен байланысты. Башқұрттарда күл деп көлді айтады екен. Әдетте біз күл деген сөзді күлу деген етістікке қатыстырамыз ғой. Шын мәнінде заттық мән бар. Әкем марқұм балаларының биіктен көрінуін, жүздерінің жарқын болуын тілеген ғой…».
Кейіпкеріміздің екі ұлы бар. Үлкені Данияр — студент. Кішісі Диасыл мектепте оқиды.
«Әрбір сенбі, жексенбі сайын балаларымның сүйікті асын дайындап беруге тырысамын. Сол күндері мерекелік дастарқан әзірлеймін. Сенбі сайын пицца, жексенбіде манты пісіруді дәстүрге айналдырдым. Балаларым тартылған еттен жасалған тағамдарды жақсы көреді. Бір себептермен дайындай алмай қалсам, оларға «қарыз» болып қаламын.
Керемет аспазбын деп айта алмаймын. Тағамдарымның дәмі көңіл күйіме байланысты болады. Ет асқанды жаным сүйеді. 8 наурыз күні міндетті түрде ет асылады», — дейді ол.
Күлзат Садирова — ғалым. 27 жасында «Қазақ тіліндегі көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын, ал 2009 жылы «Қазақ тіліндегі көп пропозициялы дискурстың құрылымдық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Соның нәтижесінде, 3 монография, 5 оқу құралы, 4 авторық куәлігі бар. 200-ге жуық ғылыми материалдары жарық көрді. Еңбектері жоғары оқу орындарында оқу процесіне пайдаланылып жүр.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=83953