Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қашықтықтан оқыту технологиясы: жаңа формат. Тиімді жүйе

Қашықтықтан оқыту технологиясы: жаңа формат. Тиімді жүйе

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді міндеттеуіне байланысты Білім және ғылым министрлігі арнайы бұйрық шығарды. Соның негізінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі — 16 наурыздан бастап колледждердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерінің қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшуі.

Министрлік тарапынан оқу процесін ұйымдастыру үшін педагогтер мен студенттерге электрондық платформаларға кіруге жағдай жасалды. Оқыту құралы ретінде видео-сабақтар, дербес онлайн-жұмыс, онлайн-курстар пайдаланылып жатыр. Бұл ретте «Bilimland», «Google Classroom», «MOODLE», «Univer», «Platonus», «Canvas», «Daryn.online», «Coursera», «ZOOM»  сынды жүйелер өз курстарын, оқу бағдарламаларын, қызметтерін тегін пайдалануды ұсынды.
Біздің өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында құзырлы мекемелерге хабарласып, мән-жайды білген едік.

8 факультет, 25 кафедраның тынысы

Жүйеге 8 аптаның тапсырмалары жүктелді

Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен оқу орнының жанындағы колледжде жалпы 15 мыңнан астам білім алушы бар. Соның 5 мыңға жуығы қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқу процесіне бұған дейін-ақ көшкен болатын. Бұл жүйе арқылы білім алуға енді күндізгі бөлімде оқитын 10 мың студент қосылды.

— Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты наурыздың 16-сынан бастап қашықтықтан оқыту форматына көштік.  Бұл — оқу процесі тоқтады деген сөз емес, керісінше, оқу процесі жаңа бір форматқа көшті. Біздің университетте қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша білім беру жүйесі бұрыннан бар. Қазір мұны одан әрі дамыта түстік.

Білім беру процесінде ақпараттық жүйе ретінде «Univer» бағдарламасын пайдаланамыз.  Бұған дейін қалыптасқан оқу кестесіне сәйкес, сабақтар өткізіледі.

Университетте жалпы 8 факультет, 25 кафедра бар. Жүйеге 8 аптаның, яғни оқу жылының аяғына дейінгі тапсырмалар жүктелді.

Біз осы бағдарламаға алдын ала, яғни наурыздың 14-і күні-ақ барлық пәндер бойынша нақты тапсырмаларды, қажетті материалдарды жүктеп қойдық. Тапсырмаларды әр топқа сай реттеп те қойған болатынбыз. Студенттер сол кезден бастап-ақ, оқу жылының аяғына дейінгі тапсырмаларды өздерінің құрылғыларына көшіріп алды.

Әр факультетке ютуб каналдарын жасақтадық.  Сол каналдарға барлық пәндердің лекциялары жүктелді. Сондай-ақ, «Zoom», «Telegram» жүйелерін де іске қостық. Бұлар арқылы студенттер оқытушылармен бейнеконференция түрінде байланысқа шыға алады, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова.

16-20 наурызда университет студенттері үшін жауапты сынның бірі —  аралық бақылау өткізілді Бұл сынақтарды да студенттер қашықтықтан оқыту технологиясы негізінде жоғарыда аталған жүйелердің көмегімен тапсырды.

— Студенттерге оқу процесіне қажетті барлық ресурстарды тегін пайдалануға мүмкіндік беріп отырмыз. Олар тек «Zoom», «Univer» жүйесін ғана емес, сондай-ақ, офлайн режимінде оқытушылардың электрондық пошталарына да шығып, тапсырмаларды орындай алады. Әр пән бойынша қажетті материалдарға  байланысты нақты сілтемелер де көрсетілген. Мысалы, «Univer» жүйесінің бас мәзірінде әр пәнге сәйкес сілтемелер бар. Сондай-ақ, қажетті әдебиеттер топтастырылған көптеген электрондық базалар бар. Мысалы, республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапханасының базасы, «Қазақстанның ашық университеті» платформасы, университетіміздің электрондық кітапханасының базаларынан көптеген еңбектерді тегін пайдалануларына болады. Міне, осы игіліктердің арқасында студенттер үйлерінде отырса да оқу процесінен тыс қалып жатқан жоқ, — дейді университет проректоры.

Қазірде студенттердің басым бөлігі ауылдарына қайтарылған. Жатақханада небәрі 60-қа жуық жас қалыпты. Университет басшылығы тарапынан олар үшін де барлық жағдай жасалып жатыр. Компьютер сыныптары бар. Интернеттің жылдамдығы арттырылған.

— Шалғайдағы ауылдарда интернет желісі әлсіз. Ондай елді мекендерде тұратын балалардың есебін бірден алдық. Оларға жатақханада тұрып, аралық бақылауды тапсыруға жағдай жасадық. Сондай-ақ, интернет бағдарламаларын флешкаға көшіріп алып кеткендері де бар. Олар сол бойынша тапсырмаларды орындайды, — дейді Бибігүл Әбенова.

Оның айтуынша, кураторлар студенттермен тығыз байланысып отыр. Мониторинг жүйелі жүргізілуде.

— Оқу процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сай жүзеге асырылуда. Барлық факультеттің декандары, кафедра меңгерушілері оқытушылардың сабақты кестеге сәйкес жүргізуін бақылап, қадағалап отыр. Кестеге сәйкес әр оқытушы өз пәні бойынша бейнебайланысқа шығып, лекциясын оқып, тапсырмаларын беріп жатыр, — дейді проректор.

Үйде отырып, сабақ оқиды 

Облыста жалпы 43 колледж бар (оның 26-сы — мемлекеттік, 17-сі — жекеменшік). Дегенмен қазір қашықтықтан оқыту форматына көшкен колледждердің саны — 38. Қалған 5 колледжде түрлі себептерге байланысты бұл оқу процесі жүргізілмейді. Олар: Ақтөбе кооператив колледжі, Ақтөбе қаржы-экономикалық колледжі, Ақтөбе медресе-колледжі, Ақтөбе көпсалалы колледжі, облыстық есту, көру қабілеттері бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат колледжі.  Бұл мекемелердің екеуінде (жекеменшік) — Ақтөбе кооператив колледжі мен Ақтөбе қаржы-экономикалық колледжінде бала мүлде жоқ. Қазір оларды жабу процесі жүргізіліп жатыр. Ал қалған үш білім беру ұйымы —  жабық мекемелер. Мысалы, қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түрменің жанындағы Ақтөбе көпсалалы колледжінде жазасын өтеп жатқан жастар оқиды. Сол себепті, мұндағы оқушылар ешқайда жіберілмейді, оқу процесі әдеттегідей өткізіледі.

— Қалған 38 колледж қашықтықтан оқыту технологиясына көшті. Олар өздерінің мүмкіндіктеріне қарай оқу процесінде ақпараттық жүйе ретінде «Platonus», «Электронды журнал» автоматтандырылған жүйелерін, «ЕduРage», «ИС колледж» платформаларын, «МOODLE», «Google classromm»  бағдарламаларын пайдалануда. Сондай-ақ, студенттердің жағдайына қарай бірнеше әлеуметтік желілер, электронды платформалар қосымша қолданылып жатыр, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, жалпы колледждердегі оқушы саны — 19 320. Соның 70 пайызы қашықтықтан оқу технологиясы бойынша білім алуда. Оларға 270 педагог сабақ береді. Әр мұғалімнің әр топқа сабақ беруіне қарай арнайы сабақ кестесі жасалыпты.

— Электронды жүйелердің барлығы тегін ұсынылып отыр. Оқушылар колледж кітапханаларынан қажетті кітаптарды үйлеріне алып кетті.

Оқытушылар да жаңа жүйеге бейімделуде. Әр жүйе, бағдарламаның өкілдері колледж педагогтеріне жаңа әдіс бойынша қалай жұмыс істеу керегін жан-жақты түсіндіріп жатыр. 

Облыстық білім басқармасының жанындағы ғылыми-әдістемелік орталығында ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыс жасайтын арнайы бөлім бар. Сол бөлімнің мамандары оқу процесіне жүйелі түрде мониторинг   жүргізіп отыр. Мұғалім мен баланың арасында байланыс бар ма, педагог пен оқушы неше рет жүйені пайдаланды, оқушы бағдарлама бойынша қанша уақыт жұмыс жасады, тапсырманың орындалу сапасы қалай, тапсырма уақытында тексерілді ме — мұның барлығы қадағалауда. Айта кету керек, бұл жұмыстардың бәрі әншейін, есеп үшін жасалып жатқан жоқ. Шын мәнінде жүйелі іс қолға алынуда, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Интернет байланысы әлсіз ауылдың жастарына жатақханада тұруларына рұқсат берілген. Қазір жатақханада 50-ге жуық оқушы бар.

— Жетім балалардың барлығы жатақханада тұрып жатыр. Оларға ыстық тамақ ұйымдастырылып, жатақханада әлсін-әлсін санитарлық-дезинфекциялық шаралар жүргізілуде. Колледж басшыларымен бірге, электр жүйесіне, жылу жүйесіне жауапты мамандар, техникалық қызметкерлер жұмыс жасап жатыр.   

Ойыл ауданында, Мұғалжар ауданының Ембі қаласында интернет желісі әлсіз. Сол себепті аталған елді мекендердің әкімдіктеріне хабарласып, оқушыларға интернетті пайдалануға мүмкіндік жасауларын өтіндік, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Министрліктің №108 бұйрығы негізінде колледж оқушылары үшін өндірістік тәжірибелер тоқтатылған.

— Соңғы курстың оқушыларына қазіргі кез өндірістік тәжірибеден өтетін уақыт. Сол себепті олар қашықтықтан оқыту форматына көшкен жоқ. Олар үшін өндірістік тәжірибе оқу жылының аяғында немесе келесі оқу жылының басында ұйымдастырылады. Бұл жерде де баланың өмір қауіпсіздігіне, денсаулығына басымдық беріліп отыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

P.S.

Кейбір жоғары оқу орындары үшін қашықтықтан оқыту жүйесі жаңашылдық емес. Министр бұйрыққа қол қойған сәттен бастап-ақ, арнайы технологияларды пайдаланып жүрген кейбір іргелі оқу орындары онлайн-форматқа көшуді бастап кетті.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=84408