Четверг, Октябрь 1, 2020
Басты > Жастар саясаты > Ашық-жарқын жүздесу

Ашық-жарқын жүздесу

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында белгілі тұлғалармен дәстүрлі түрде ай сайын өтетін «Сәті түскен сұқбат» кездесу кеші өтті.

Кездесу Университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлына арналды. Ректормен кездесуге «Құдайберген Жұбанов» атындағы конференц-залында  университеттің белсенді студенттері жиналды.

Кездесудің ерекшелігі тек университет басшысы мен студенттер ғана қатысты.  Мақсат — студенттерді толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алып, кейбір шешілмеген мәселелерді талқылау. Кездесуді ашқан университет ректоры өз сөзінде университеттің қарқынды дамып келе жатқандығын, университеттің дамуында студенттердің үлесі зор екендігін, адам өмірінің ең жақсы кезі студенттік өмірдің қызықтары жайлы айтып өтті.

Жиын барысында оқу ақысына, жатақхана мәселесіне, мемлекеттік және ректорлық грант, кітапхана, сабақтан тыс уақытта спорт залдарды пайдалану жайлы студенттер тарапынан сауалдар қойылды. Сондай-ақ, студенттер университетке қажет үйірмелер, дебаттық клубтар, театрлар туралы да ұсыныстарын жеткізді. Бауыржан Аманкелдіұлы  барлық сауалдарға толықтай жауап беріп, алдағы уақытта студенттердің өтініштерін орындап шешілмеген мәселелер жайлы жұмыс атқарып, жақсы білім алуға, студенттік шақты қызықты өткізуге жағдай жасайтындығын баяндады.

Осындай маңызды шарада университет басшысы студенттердің білім сапасын, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталып, студенттерге басты назарды білімге аударуды, көп білуге ұмтылуға кеңес берді. Алдағы уақытта университетте  Бассейн, Студенттер театры, Аллея, «Қысқы бақ» ашу туралы жақсы жаңалығымен бөлісті.

Кездесу барысында университет ректоры студенттерді жан-жақты белсенділікке және үлкен ұжымның бір бөлшегі ретінде бірге жұмыс жасап, сапалы білім алуға және студенттерге уақыттарын  әркез тиімді өткізуге  шақырды.

Кездесу соңында жиналған көпшілік ректорға алғыстарын жеткізіп, естелік суретке түсті.