Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әл-Фараби философиясы әлемдік өркениеттің негізі

Әл-Фараби философиясы әлемдік өркениеттің негізі

Ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай Жұбанов университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен Zoom платформасы негізінде «Әл-Фараби философиясы әлемдік өркениеттің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел студент жастардың арасында әлемнің ірі ойшылы Әл-Фарабидің білім, өнер, ғылым жөніндегі идеяларын, рухани мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастрылды.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. Сондай-ақ, оқу ордасында Әл-Фараби бабамыздың мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды келесі ұрпаққа жеткізуде көптеген іс-шаралар атқарылуда.

— Әл-Фараби сияқты ғұлама бабамыздың еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару орайында, әлі де көп тер төгуге тура келеді. 2020 жылы тойланатын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде, әлемдік мәдениеттің ұлы мерекесі дәрежесінде өзінің туған жері Қазақстанда өтуі тиіс. Осындай мақсатта университетімізде өркениеттілік, білім, өнер және ғылым тақырыбындағы ойшыл идеяларының өзектілігі жөнінде бірнеше баяндамалар дөңгелек үстел барысында зерделенді, — дейді, ұйымдастырушылар. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды. Шара қонағы ретінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, философия кафедрасының меңгерушісі, доцент Есбол Мұханбетқалиев «Әл-Фараби мен Абай шығармашылығындағы үндестік» тақырыбында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел соңында тарих факультетінің деканы, доцент Гүлмира Купенова қорытынды сөз сөйлеп, ғылыми апталыққа сәттілік тіледі.