Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Абайдың ұлттық мінез туралы ұғымы

Абайдың ұлттық мінез туралы ұғымы

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден»[1.119-б.]. Бүгінгі уақыт шындығына  алаш зиялыларының көзімен қарайтын болсақ, қоғамдағы тұрақтылық, әлеуметтік ортаның рухани деңгейі, қоғамдық сананың жаңғыруы осы мінезден шығады, қоғамның болмысына келіп тіреледі, қоғам мен жеке адамның ортақ мінезінен, азаматтық бірегейлігінен күш алып, сол арқылы реттеліп отырмақ.

Әл-Фарабидің тұжырымы бойынша адамзат баласының ертеден бері келе жатқан идеалы ол өркениетке жету, өркениетті қоғам құру болған. Ойшыл өркениетті қоғамды қайырымды қала деп атайды. Қайырымды қалада ортақ мақсат, биік адамгершілік, білім, әділеттілік қатар өмір сүреді. Адамдардың мүддесі тегістей қорғалмақ, діни сауаттылық, адалдық қоғамның негізгі тірегіне айналады. Қабілет пен еңбек, кәсіп пен мақсат, білім мен тәрбие мемлекет тарапынан қорғалып, қоғамдық сананың бағыт беруші ұстазына айналған. Адамдардың бір-біріне зорлық, қиянат жасауы орын алмайды, керісінше адамдар арасында бір-біріне деген сенім, қамқорлық күшеймек. «Қайырымды қала надан қалаға, өнерсіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы. Сондай-ақ мұндай қалаға жеке адамдар  — осы қалалардың өкілдері де қарсы болмақ» -деп айтып кеткен ойшыл [2.160-б.]. Әл-Фарабидің өркениетті мемлекет, мәдениетті қоғамға қатысты жасаған тұжырымынан қоғамның дамуына ықпал ететін дүниелер жеке адам мен қоғамның санасына тәуелді келетіндігін көреміз. Адам баласының рухани өмірінің мәні, мазмұны (баянды болуы) оның ішкі әлеміне тәуелді келетіні секілді, қоғамның да болашағы қоғамдық сана қызметіне тәуелді. Қоғамдық сананың негізінде қоғамның болмысы, танымы, мінезі мен психологиясы жатыр. Қазақ тарихында тарихи өмірдің қиындығына қармастан, батыр әрі ойшыл адамдар қоғам алдына шығып, оның мүддесін қорғауға, қоғамның болмысын сақтап қалуға қызмет етіп отырған. Бұның негізінде қоғамдық сананың негізгі қозғаушы күшіне айналып отырған тарихи сана мен ұлттық сананың рухы, қызметі ерекше көзге түседі. Қоғам болмысының рухани және әлеуметтік жағынан берік болуы оның адамдарының бай немесе кедей болуына қарамайды. Қоғамның мәдени дамуын тежеп отыратын  әртектілік, надандық бейбітшілік уақытта да орын алады. Әл-Фараби жазғандай, «Надан қала дегеніміз – ешқашан да бақытты көріп-білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіріп шықпаған тұрғындар қаласы. Олар мұны ешқашан бастан кешіріп те көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес. Игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен, денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады» [2. 160-б.]. Адам баласы қаншама тарихи уақытты артқа тастап тұрмысын, өмірін жақсартатын дүниелерді жасағанымен адамзат әлемінде орын алған рухани дағдарыстың түрлері күшеймесе азайып отырған жоқ. Бұның барлығы айналып келгенде сана мен мінезден шығып отырған.  Бұқар жырау сомдаған:

Аруды таңдап сүйсе де,

Алтынды үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Арманын қоймас адамзат! [3.50-б]. Қазақ ойшылдарының даналығынан түйеріміз арман, мұрат, мақсат ақыл, мінез арқылы оның болмысын жақсылыққа қарай бұрып отыруы тиіс. Ол үшін қоғамға жақсы ақыл-парасат, ұрпаққа түзу жөнді үйрететін деңгей, орта қажет. Болашақ адамның дұрыс ойынан шығады, дұрыс ой адамға дұрыс білім, дұрыс түсінік, дұрыс талғам, дұрыс сенім, дұрыс тәрбие арқылы келеді деген идея қазақ ойшылдарының руханиятында жатыр. Біздің ойымызша әр ұрпақ тарихты, ойшылдарының рухани дүниелерін сол үшін оқиды. Адамға дұрыс мінезді үйрететін толымды ақыл, өресі биік ой өмірдің тәжірибесін үйрену, білу арқылы келіп отырған.

Абайдың көтерген мәселесі қазақ жырауларының рухани дүниелерінен бастау алады. Қоғам мәселесіне, адамзат қоғамындағы орын ала бастаған өзгерістерге, оның қазақ қоғамының алдына жүктейтін мәселелерін жыраулар топшылап кеткен. Абай заманында бұл мәселелер түгелдей қоғамнан орын алған. Сұлтанмахмұт Торайғыров жазғандай:

Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені,

Күн батыстан суық жау көрінгені.

«Жаяулап келер жұртыңа,

Балды май жағар мұртыңа.

 

Сұрамай алар жаныңды,

Бауыздамай ішер қаныңды.

Есепке салар малыңды,

Солдат қылар ұлыңнан,

 

Көрерсің әлі құлыңнан…»

Деп, келместен құты ұшып жеңілгені.

Абай тұсы халықтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны.

 

Ақ бейіл, бауырмалдың қалпы кетіп,

«Желбуаз», «сұрқия» боп қызынғаны.

Ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен,

Көңілден ар әм беттен ұят кеткен.

 

Ұлтшылдық, намысшылдық қарасы ұшып,

Ес-дерті болған онда шен мен шекпен.

Жол-жоба түзулікке тоқтау қалып,

Кім бір аяқ ас берсе, сол әкеткен[4.224-б.]. Өз заманында қоғамнан орын алып отырған әлеуметтік философиялық проблемалар ойшылдарды тарихпен келер уақытпен байланыстырып отырған.

Абай қоғамның табиғатын, әлеуметтік жағдайын, болашағын зерделеуде ұлттық мінез мәселесіне екі тұрғыда көңіл бөлген. Бірішісі ұлттың, ел болмысының тұлғасын негіздейтін, тарихи кеңістікте орнықтырып отырған ұлттық қасиеттерді дәріптеу. Екіншісі отаршылдық заманда қазақ қоғамына жүргізілген идеологияның салдарынан туындап отырған (адам мен қоғам болмысына қатысты) мәселелер, яғни мінез түрлері. Атап айтсақ жағымпаздық, намысыздық, мансапқорлық, даңғойлық, екі жүзділік, парақорлық, атаққұмарлық, жеңілтектік және тағы басқалары. Осы мінез түрлері қоғамға орнығып, күш алып кетсе ел мәдениетінің әлсіреп, түбінде жойылатындығын айтқан:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз  аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы.

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың [5.16-б.]. Ойшылдың ұғымынша қоғамдық санаға, көңіл күйге әсер ететін жекелеген адамдардың түсінігі, ой өрісі, іс-әрекеті. Қоғам уақыттың, тарих пен болашақтың талабынан тысқары, айналып өтпейді. Өзінің дұрыс жолын күні бұрын айқындап алуда қоғам өзін алға жетелейтін адамдарды өзі шығарып отыруы тиіс. Бұның негізі жаңа айтып өткеніміздей тарих пен өмірдің тәжірибесін қатар зерделеп, уақыттың қоғамнан талап етіп отырған нәрсесін білуден шығады. Қоғам алдында қабілетті, зерек, ақылды әрі білімді, ерік-жігері мол, табанды адамдар жүретін болса қоғамдық сана да жаңа өзгеріс пайда болмақ:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың[5.16-б.]. Абай ұлттың мінезін кеулеп, қоғамның тұтастығын жоятын жалған, алдамшы нәрселер жөнінде көп айтқан.

Абайдың ұғымында ел мүддесіне қызмет ететін адамның болмысы мемлекет пен халықтың, тарих пен келер уақыттың арасында рухани көпір болуы тиіс. Зиялылар халықтың сенімінен шығар болса, қоғамына үлгі-өнеге беретін дейңгейді оның (қоғамның) санасында қалдыра алса, қоғамға зиялылар арқылы бағыт берілсе, мемлекет тарапынан нағыз зиялы адамдарға қолдау көрсетілсе қоғамның мінезі  ұлттық сипатқа ие болмақ. Би, шешен, ақын, жырау, батыр, бай адам болсын барлығын біріктіретін, бәрінің де мақсат мүддесін бір арнаға тоғыстырып отыратын ел мүддесі болған.

Байлар жүр жиған малын қорғалатып,

Өз жүзін, онын беріп, алар сатып,

Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай  атып? – дейді Абай [5.17-б.].

Абайдың мінезге қатысты айтқан ойлары философиядағы қоғам мен адам болмысына қатысты көтерілген мәсселелермен сабақтасып жатыр. Адамның рухани болмысын зерттеуде мінезді тәрбиелеуге қатысты терең ойлар айтқан грек философы Сократ болатын. Сократта қоғамды рухани жағынан дағдарысқа әкеліп тірейтін жалған мінез түрлерімен күрескен, оны өзгертуге еңбек сіңірген. Сократтың адамзат алдына қойған «не нәрсе игілік болып табылады? деген сауалы ғасырлар бойы философия тарихында адам мен қоғам болмысына қатысты идеялардың өрбуіне ұйытқы болған. Бұндай бағыттағы ағартушы тұлғалар тарихта көп болған. Абай үшін адамға игілік болып оралатын нәрселер ол биік адамгершілік, шынайылық, қанағатшыл және әділетті болу, ар-ұяттың молдығы, еңбекқорлық, өнерлі әрі білімді болуға ұмтылыс, іскерлік. «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.

Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі  де – ақымақтық» деген ойшыл[6.41-б.]. Адамның игілікке қол жеткізуіне көмектесетін көркем мінез, көркем мінездің негізінде қоғамның, уақыттың адамға үйретер тәрбиесі, тәжірибесі жатыр.

Қоғам бір күйде тұрмайды, оның дамуы бір уақытпен ғана шектелмеген. Қоғамның уақыт талабына ілесуінде оның игілікке қол жеткізуіне көмектесетін қоғамның болмысы, мәдени құндылықтар. Қоғам болмысының берік, рухани жағынан терең болуында ұлттық мінез ерекше көзге түседі. Ұлттық мінезге қатысты Абай өзінің отыз тоғызыншы қара өзінде былай деп жазады: «Біздің ата – бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата – бабаларымыздың әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінез қайсы десең – әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен..

Екіншісі – намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен…

Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» [6.106-б.]. Абайдың айтуы бойынша ұлттық мінез ұлттық болмыстың, оның мәдениетінің түп тамыры, қоғамның беріктігін сақтап отыратын негізгі қасиет. Қоғам қаншалықты дами берсін, өркениет жолына ерте түскен мемлекеттердің өзі үнемі тұрақтылыққа, бір қалыпты дамуға көңіл бөліп отырады. Қоғамдық дамудағы тұрақтылық, бір қалыптылық, бір ізділік қоғамның мәдениетінен шығады.

Абайдың мінез туралы айтқан ойларынан бүгінгі біздер, бізден кейінгі ұрпақ ой түйіп отыруы тиіс. Әрине Абайдың заманындағы халыққа, жастарға ренжуге болмайды. Олар шын мәнінде уақыттың, қоғам өмірінің қиындығына, әділетсіздікке қарамастан елдің мүддесін қорғап қалуға ұмтылды. Абайдың дүниелерін терең зерделеп, оның кейінгі уақытқа жетуіне себепкер болған алаш зиялылары болатын.

Абайдың әлеуметтік филоофиялық идеялары әлем ойшылдарының идеяларынан кем түспейді, солармен байланысып жатыр. Ірі ойшылдардың тарихта көтерген мәселелеріне қазақ қоғамының, тарихтың деңгейімен қараған.  Әсіресе Абайдың мына бір сөздерін ұрпақ үнемі естен шығармауы қажет:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!

 

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей, бәйгі алма [5.141-б.]. Еліктеушілік, әр істің басын шалу, жалқаулық бұның барлығы уақыт орамында адам баласын, одан қалды қоғамды қай жағынан болса да тежей түспек.  Өнерпаздықтың басы адамның, қоғамның өзіне-өзі талап қоюынан шығады. Талап болу үшін тәрбие, білім, мінез қажет. Бұл үшеуіне бас болатын (адам бойында біріктіріп отыратын) сана, тарихи сана. Абай, кешегі алаш зиялылары ұлттық мүддеге қызмет етуде өздеріне талап қоя білген, талап қоюда нәтижеге қол жеткізуге себеп болатын нәрселерді (құндылықтарды) тани білген, соны иелене алған адамдар. Аға буынның тұлғалығы осылайша кейінгі уақытқа идея түрінде жетіп отырады:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз [5.31-б.].

Қоғам болмысын іштей кеулеп, сананы жайлап отыратын, ақыр соңында халықтың әлеуметтік танымын тұмшалап тастайтын кері тартпа әдеттер болады. Бұны ойшыл адам мен қоғам болмысының дамуын тежейтін әлеуметтік қайшылықтардың негізі санаған. Адам болмысының шеңберінде әлеуметтік қайшылықтардың туындауына ықпал ететін нәрселер, бұлар өсек, өтірік, даңғойлық, жалқаулық, бекер мал шашу. Қоғам үшін сананың ашықтығы, ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы, ел болмысындағы тұтастық Абай сомдаған бес асыл қасиеттен шығады. Әрине Абайдың ұлттық мінез туралы ұғымын бір мақала көлемінде айтып шығу мүмкін емес. Абай ұлт ісіне аса дайындықпен келген адам. Оның философиясын, даналығын жан-жақты зерделеп, терең  түсіну үшін де даналық қажет.

 

Әдебиет:

  1. Бөкейханов Ә. Шығармалар. — Алматы: Өнер, 1994. — 383 бет.
  2. ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» — Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.
  3. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
  4. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 т. — Алматы: Ғылым, 1993. -280 бет.
  5. Абай. Қалың елім, қазағым…Өлеңдер – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.
  6. Абай. Қара сөз. Поэмалар. А., 1993.-272 бет.

источник