Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > “АБАЙ – ҰЛТ ҰСТАЗЫ”

“АБАЙ – ҰЛТ ҰСТАЗЫ”

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор

– Бауыржан Амангелдіұлы, еліміздің батыс аймағындағы ең ірі жоғары оқу орнына басшы болып келгенде қасиетті Семей өңірінің тумасы, абайтанушы ғалым екеніңізді білген едік. Одан бері үш жылдан аса уақыт өтті. Ақтөбенің өз адамына айналдыңыз. Орайы келіп тұрғанда әңгімені өзіңіз туралы толық  анықтамадан бастасақ…

– «Шығысым батыс боп кетті» деп Абай айтқандай, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған арайлы Ақтөбеге дәм тартты. Түп нағашымыз Тобықтының ту ұстаған қолбасшысы Тоқтамыс батыр осы өңірден – Ырғыз, Кеңгір өзенінің бойынан, кезінде ауып келген Тобықты елін Шыңғыстауға, атақонысқа бастап барған екен. «Ақтабан шұбырындыда»  бабаларымызға пана болған өңірге келіп қызмет ету – алдымен азаматтық, сонан соң перзенттік борыш…

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Семей өңірі, Асқаралы деген оймақтай ауылда, ұстаздар әулетінде дүниеге келдім. Шешеміздің жолын қуып әдебиетке келдік. Сол кездегі Семейдің пединститутын бітірдік. Мен ұстаздан жолым болған адаммын. Бүгінде жетпістің бесеуіне шығып отырған Арап Еспенбетовтің жетекшілігімен жиырмадан асқан жасымда кандидаттық, отыздан асқанда докторлық диссертация қорғадым. Университетке ассистент оқытушы болып кіріп, ұстаздық пен басшылықтың барлық сатысынан өттім. Семейде, Өскеменде, Елордада қызмет еттім. Қазақстанның қай өлкесі де маған жат емес. «Өзің жақсы болсаң, әр елде бір кісілік орның боладыны» анам үнемі айтып отырады…

Әке-шешеден бесеуміз. Бәріміздің пешенемізге мұғалімдікті жазыпты. Тіпті келіндер мен күйеу балалар да мұғалім. Үйде де, түзде де педсоветтен көз ашпайтын ұстаздар әулетіміз.

Абайтанушылыққа келсек, қызметте жүріп Абайға адал бола алмай жатқаныма қынжыламын. Елді де басқарып, ғылыммен де айналысып, оқулық та жазған кезіндегі Алаш арыстарының сұрапыл қарекетіне бас шайқаймын. Абайдың әдеби ортасын зерттедім. Абайдың хатшысы Мүрсейіттің қолжазбасын ғылыми айналымға түсіргім бар. Өлеңдеріне жасалған түсініктерді бірізді қылып, толық жинақтап берсек, Абай кітапханасы деген тақырыптың көбесін сөксек деген ниет те жоқ емес.  Ақынның әр өлеңінің шығу тарихын жинақтап, кітап етіп бергім келеді, әсіресе, мектеп оқушыларына.

Ал жалпы «Абай қазаққа не үшін керек» деген мәселені көтерсек, бір ғана салыстырмалы мысал айтқым келеді. Мәселен, қытай елі Конфудзы ұстанымдарын мемлекеттік идеологияға айналдырып, ұлттың ұстазы дәрежесіне көтерген. Мемлекеттік қызмет те конфудзышылдыққа құрылған. Елдегі руханият та, патриотизм де, мәдениет те, тәртіп те осы Конфудзының идеялары арқылы өріледі. Қазақта қазір ұлт ұстазы жоқ. Біз біресе, орта ғасырдағы Әл-Фарабиге, біресе Шыңғыс ханға жармасамыз. Біле білсек, Ұлттың Ұстазы сөз жүзінде емес, іс жүзінде Абай болғанда ғана қазақ ел болып қалады. Өйткені, қазаққа Абайдан жақын тұлға жоқ.

– Алаштың әйгілі тұлғасы Құдайберген Жұбанов есімін иеленген университетке 85 жыл толып отыр екен…

– Құдайберген Жұбанов – қазақтың ардақтысы. Қыршынынан қиылмағанда қазақты төрге сүйрер еді. Жалпы, Жұбановтай Алаш арыстарының репрессияға ұшырауы – қазақ елінің орны толмас қасіреті. Қолдан келері жоқ, тек сол қасіреттен сабақ алуымыз керек. Қ.Жұбановтың атын университетке алып берген қазақтың біртуары Мұхтар Арын сияқты тұлғаға жұбановшылардың алғысы шексіз.

Бүгінде Жұбанов атындағы қара шаңыраққа 85 жыл. Өз дәрежесінде аталып жатыр. Осы 85 жылдық датаға байланысты бір мәселені түсіндіріп кетейін. Еліміздің шығысында, Алматыда жоғары оқу орындары ашылып жатқан тұста, 1935 жылы Ақтөбеде де педагогикалық институт ашылған-ды. Бірақ, қандай да бір себептермен жиырма жылдан астам уақыттан кейін, яғни 1958-1966 жылдары оқу орны уақытша жабылды. 2006, 2016 жылдары осы қайта ашылған уақыттан бастап, университеттің 40 және 50 жылдықтары аталып өтті. Дұрыс, аталуы керек. Бірақ, 85 жылдық – сол мерейлі даталарды жоққа шығару емес, тарихымызды түгендеу, жоғымызды табу. Университеттер ғана емес, кезінде ХҮІІІ ғасырдан басталып жүрген қазақ әдебиетінің тарихын да М.Мағауин бастаған ғалымдар ежелгі дәуірге ілгерілеткенін көзі ашық қауым біледі. Сондықтан да тарих бір орында тұрмайды, архив құжаттары табылып, сараланып, университет тарихын ілгерілетіп жатсақ, одан қара шаңырақ ұтылмайды. Демек, 1935-1958 жылдар аралығындағы 23 жылдық оқу орнының тарихын архивке көміп қою жарамас. Жұбанов атындағы оқу орнының тарихы Әл-Фараби атындағы, Абай атындағы, Шәкәрім атындағы тарихы сексен жылдан асқан білім ошақтарының тарихымен деңгейлес екенін әрбір жұбановтанушы мақтанышпен айтуы керек. Біле білсек, бұл – университеттің ғана тарихы емес, батыс өңірінің, Ақтөбенің жоғары білімге бет бұруының тарихы.

Университет бұл датаны той тойлаумен емес, оқу орнының әлеуетін көтеретін жобаларды жолға қоюымен есте қалдырмақ. Бірнеше бағыттағы 85 игілікті іс-шара жүзеге асып жатыр. Бірнешеуін атап өтейік. 85 үздік оқытушы мен қызметкер және студентті анықтаудан бастап, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен шығатын 85 үздік кітап, 85 патент, 85 ғылыми жоба, 85 үздік әріптес кәсіпорын, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясының жалғасы ретінде университет музейіне 85 құнды жәдігер, университет ғалымдарының «85 жылдыққа – 85 кітап» тартуы, студенттерге «Жұбанов» атындағы 85 грант бөлу, 85 үлгі тұтар еріктілер ісі, тағы сол сияқты университет дәргейін көтеретін қадамдар жасалуда.

– Тәуелсіздіктің нәтижесінде Қазақстанды бүкіл әлем танып, білді. Уақыттың шапшаң көшінен қалып қоймау жолындағы ортақ шаруада жаңа реформалардың туындауы – заңдылық. Осы тұрғыда Өзіңіз басқаратын оқу орнында қолға алынған шаралар қандай?

– Бүгінде он бес мыңнан аса студенттері, магистрант пен докторанттары бар оқу орнының күнделікті тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері  баспасөзде, әлеуметтік желілерде айтылып та, жазылып та жүр. Білім мен ғылымға деген талап күшеюде, тиісінше университеттің де миссиясы елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыруға бағытталып, отандық және халықаралық рейтингтерде өз орнын айқындауда. АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) рейтингісінде Қазақстанның үздік жиырма университетінің ішінде төртінші орынға шықтық. Алдағы уақытта халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарекеттеніп жатырмыз.

Университет үшін 2017-2018 оқу жылы материалдық базаны күшейту, 2018-2019 оқу жылы – сапа жылы, 2019-2020 оқу жылы ғылымды дамыту жылы болып  аталып, осы салаларға күш салынды.

Білім және ғылым министрлігінің ұстанып отырған саясатына сәйкес университетте кейінгі жылдары жасалып жатқан жұмыстардың негізгілеріне тоқталып кетейін. ЖОО-ның профильденуі. Демек, шашыраңқы жатқан мамандықтарды бір бағытқа икемдеу, заман талабына сай жаңа мамандықтар ашу, қажет емесін қысқарту. Соңғы үш жылда 6 инновациялық, 13 жаңа мамандықтар ашылып, 15 мамандық жабылды. Әсіресе, бакалавриатты сәл азайтып, магистратура мен докторантура мамандықтарын және қорғау кеңестерін ашуға күш салудамыз.

Оқу орнының беделі білікті кадр мен білімді студентінде. Осы екі позицияны күшейту мақсатында «Жұбанов керуені» мегажобасы іске қосылды. Мектеп түлектерінің мамандық таңдауында бағыт-бағдар беру, университетке жас мамандар мен ғалымдарды тарту, мектеп оқушыларын студенттік өмірге бейімдейтін «Балалар университеті», білім ордасын Қазақстан мен шет елге таныстыратын, жан-жақты байланыстарды артыратын студенттер мен оқытушылардан құралған «Жұбановтың көзімен» атты арнайы экспедиция, шетелдегі қазақтарды университетке тартуды мақсат еткен «Атақоныс Ақтөбе» сынды тармақтар Жұбанов керуенінің өміршеңдігін айқындап берді. Нәтижесінде студенттер саны артты, Алтын белгі иелерінің, түрлі конкурстар мен жарыстардың жүлдегер түлектерінің бізге оқуға түсуі күрт көбейді. Жүзден аса жас мамандар жұмысқа келді. Мыңға жуық қандастарымыз шет елден келіп университет арнайы қарастырған жеңілдіктермен оқуға түсті. Олардың дені келешегін осы Қазақ елімен байланыстыратыны қуантады.

«Жұбанов керуені» өткен жылдың қыркүйек айынан бастап облыстың барлық аудандарын аралады, және Ақтөбе қаласындағы мектептер ұстаздарын университетке жинап, ондағы мектеп және кәсіпорындармен байланыс, кадр тапшылығының мониторингін жүргізу, кафедра филиалдарын ашу, білікті профессорлардың кездесулер өткізу, мектеп бітіретін түлектермен, олардың ата-аналарымен, ұстаздарымен кездесіп, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру, жылда өзгеріске ұшырап жататын ҰБТ ережелерін ежіктеп түсіндіру сияқты кешенді жұмыс жүргізді. Нәтижесінде биыл біздің қара шаңырақтан түлеп ұшатын алты мыңнан аса түлектің өз болашағын бағамдауға үлкен көмек болады ғой деп ойлаймын.

– Оқу орнының материалдық базасын жақсарту туралы айтып қалдыңыз.

– Иә, алдымен университеттің материалдық базасын заман талабына сай жаңғыртуды қолға алдық. Құрылысы басталған бес жүз орындық жастар үйі мен инновациялық технологиялар паркі пайдалануға берілді. Тағы бір ғимарат 350 орындық студенттер үйі ретінде жаңғыртылды. Нәтижесінде 2200 орындық төрт студенттер үйі (тағы екеуі күрделі жөндеуден өтті) сұранысты толық қамтамасыз етіп тұр. «Зерек» балаларды дамыту орталығы, Стартап академиясы, Балалар университеті ашылды. Жастар үйі жаңғыртылып, оның ішінде «Мәңгілік ел» мәжіліс залы, түрлі көрмелерге ыңғайланған Атриум, Кинозал, «Әдемілік әлемі» салоны, музыкалық білім беру мен хореография мамандықтарының студенттері үшін жерлестеріміз – қазақтың тұңғыш биші қызы Нұрсұлу Тапалованың атында хореография залы, әнші Роза Жаманованың атындағы дәрісхана, басқа да арнайы кабинеттер ашылды. Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген үлкен жоба іске асуда. Соның бір қадамы оқу ғимараттарымызға халық ақыны Нүрпейіс Байғаниннің, ғалым Бекежан Сүлейменовтің, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның аттары берілді.

Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр Айтұлы, Қабақ баба Айтұлы, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Есет Жұбанов, Рабиға Сыздық және тағы басқа осы өңірден шыққан тұлғаларға, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған дәрісханалар, мамандандырылған кабинеттер ашылды. Жалпы алғанда жүзден аса жабдықталған дәрісханалардың бірқатары Арынғазы Беркімбаев, Қанатбай Елеусізұлы, Роман Рахиев, Амантай Үмбетай, Марат Қойлыбаев, Бақтыгерей Әдманов, Ақылбек Дәдин бастаған жиырмадан астам жомарт жүректі меценаттардың қаржысына жасақталды. Осы меценаттарға және соларды тауып, байланыс жасап, университеттің көркеюіне айтарлықтай үлес қосып жүрген Сабыржан Мұхтаров бастаған факультет декандарына, құрылым басшыларына жұбановшылардың алғысы шексіз.

– Цифрлы Қазақстан бүгінгі күнде көп айтылып жүрген тақырып. Университет бұл тұрғыда қандай жұмыстарын атай алады?

– Заман көшінен қалмай цифрлы университетке де көштік. «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, қашықтан оқытудың кешенді жұмысын қамтамасыз ететін онлайн білім беру орталығы, бүкіл ғимараттарды бейнекамералармен, биометрикалық турникеттермен, автоматтандырылған өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ситуациялық орталықпен жабдықтадық, оннан артық web қосымшасымен жасақталған аналитикалық жүйе, студенттерге ыңғайлы мобильді қосымшалар, IT кабинеттер мен зертханалар, цифрландыру бағытындағы жаңа білім бағдарламалары, автоматтандырылған кітапхана, міне, осының бәрі – цифрлы университетке көшудің нақты қадамдары.

– Университет ұжымының алыс-жақын шет елдердегі жоғары оқу орындарымен байланысы туралы нақты мысалдармен әңгімелесеңіз. Бұған қоса шет мемлекеттердегі қаракөз бауырларымызға білім беру мәселелесін де қамтыған жөн болар.

– ЖОО-ның шет елдермен байланысы оның беделін айқындайды. Халықаралық деңгейге шығу үшін оқытушы да, студент те тіл білуі керек, әсіресе ағылшын тілін. 7 мамандық ағылшын тілінде жүргізіледі. Елуге жуық оқытушы ағылшын тілінде сабақ беріп, сол үшін жалақысына үстеме ақы алады. Оқытушылардың тіл үйренуіне университет мүмкіндік жасап отыр. Ағылшын тілімен қатар университет жанындағы Конфудзы институтында қытай тілі, Поляк тілі мен мәдениеті орталығы, Корей тілі орталығы, Түрік тілдерін зерттеу зертханасы өз тілдерін үйретуде. Бүгінде университет әлемнің жүз елуге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта. Оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы бойынша жылына жиырмаға жуық оқытушы шеттегі университеттерге шықса, үш жүзден астам студент шетелде оқып қайтуда. Шетелдік ғалымдармен бірлескен ғылыми жобалар орындау жолға қойылды. Мәселен, Польша, Белоруссия, Латвия, Эстония елдерінің ЖОО-мен физика-математика, химия бағыттары бойынша, Түркияның Стамбул университетімен «Цифрлық лингвистика» жобасы аясында әріптестік ғылыми жобалар орындалуда.

Білім беру процесін интернационализациялау бағытында Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен, Қытай мұнай университетімен, Түркиядағы Кастамону университетімен қосдипломды білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Ұлтымыздың мәде¬ниетін, салт-дәстүрін дәріптеу, елі¬міздің тарихы мен бүгінін кешенді таныту бағытында Польшадағы және Түркиядағы аталған университеттерде «Qazaq eli» атты қа¬зақ мәдениетінің орта¬лықтары сал-танатты түрде ашылып, елден барған студенттер мен оқытушылардың ыстық ұясына айналды.

– Университеттердің білім сапасы туралы көп сын айтылуда, бұл тұрғыдан Жұбанов университеті қандай шаралар атқарып жатыр?

– Университет білім сапасын арттырудың академиялық, ғылыми-әдістемелік, материалдық негіздерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Алдымен білім бағдарламалары модернизацияланды, инновациялық, жаңа, қосарланған мамандықтар ашылды, өзекті емес мамандықтарға қабылдау тоқтатылды. Сонымен қатар, мамандықтардың еңбек нарығының сұранысына сәйкестігін қамтамасыз ету және өндіріс күткен нәтижелерге жауап беру мақсатында білім бағдарламалары жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жасақталды. 138 жұмыс беруші ұсынған 57 траектория, 406 пән білім бағдарламаларына енгізілді. Студенттердің траекторияларды, модульдерді таңдауы электронды түрде жүргізіле бастады.

Білім алушылардың тәжірибелік іскерліктерін шыңдау мақсатында оқу процесіне дуалдық оқыту элементтері енгізілді, ағымдағы оқу жылының бірінші жартыжылдығында 76 пәннің практикалық сабақтары 45 өндіріс базасында өткізілді. Өндіріс орындарында, білім мекемелерінде университет кафедраларының 131 филиалы құрылды. Білім беру ісіне 50-ге жуық практик-мамандар тартылды.

Тәжірибеге бағытталған білім беруді күшейту мақсатында кәсіби практикалардың ауқымы ұлғайтылды, студенттердің 1 курстан бастап практикадан өтуі қамтамасыз етілді.

«Физика», «Математика», «Информатика», «Химия», «Биология», «Дефектология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Әлемдік экономика» білім бағдарламаларына көптілде оқыту жүйесі енгізілді. Университет ішінде қосдипломдық білім беру жобасы, жұмысшы біліктіліктері бойынша кәсіби сертификаттау процесі іске қосылды.

Профессорлық-оқытушылар құрамы жыл сайын жас мамандармен толықтырылды, Соңғы үш жылда жүз елуден астам жас маман – магистрлер мен Ph докторлар жұмысқа қабылданды.

Білім алушылардың түйінді құзірет-тіліктерін қалыптастыруды қамтамасыз ететін жаңа технологиялардың оқу процесінде тиімді қолданылуы талап етіледі. Жаңартылған орта білім жағдайында «Критериалды бағалау технологиясын» жетік меңгерту мақсатында педагогикалық мамандықтар студенттеріне Үздіксіз білім беру институты тарапынан қосымша курстар ұйымдастырылады, студенттер 2 жыл бойы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Үйрен-бөліс» жобасына қатысады, дуалдық оқыту аясында қала мектептері мұғалімдерінің тәжірибелерін меңгереді.

Кітапхана қоры қажетті оқу жəне ғылыми əдебиетпен жаңғыртылуда, студенттер әлемдік электронды ресурстар қорына қол жеткізіп отыр. Білім беру процесін зертханалық қолдау мақсатында оқу, ғылыми лабораториялар сатылып алынды, аудиториялар қорының 80%-і, компьютер кластары заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылды, жаңа мамандандырылған кабинеттер іске қосылды, ІТ кабинеттер ашылды.

Білім сапасын бақылау және бағалау мақсатында университетте Білім сапасын қамтамасыз ету саясаты құрылды. Әр оқу жылына Білім сапасын мониторингілеу жоспары бекітіледі. Академиялық адалдық кодексі жасақталды, Кодекс талаптарының орындалуы университеттің Тәртіптік-этикалық кеңесі арқылы реттеледі. Тұрақты түрде «Таза сессия» акциясы, «Білім сапасы», «Оқытушы студент көзімен» сауалнамалары жүргізіледі. ПО құрамның ғылыми-әдістемелік еңбектері, студенттердің ғылыми-жазба жұмыстары Плагиатқа қарсы рәсімдеуден өткізіледі.

Студенттердің сабаққа қатысымы бақыланады. Әр факультетте білім беру процесінің сапасын анықтау мақсатында құрылған Тәуелсіз комиссиялар жұмыс жасайды. Оқытушылардың әдістемелік тәжірибесін насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде «Үздік әдістемелік жоба», «Үздік интербелсенді сабақ» сайыстары өткізіледі. 2018 жылы профессорлық-оқытушылық құрам қызметін бағалаудың рейтингілік жүйесі енгізілді.

2018-2019 оқу жылының қысқы сессиясынан бастап оқу және бақылау процестері ажыратылды, емтихандардың 93%-і оқытушының қатысуынсыз жазбаша түрде қабылданады. Білім алушылардың курстан курсқа көшуінің орташа баллы – GPA мөлшері ұлғайтылды. Нәтижесінде 2019 жылы 200-ге жуық студент келесі курсқа көшірілмеді.

Бұл шаралар білім алушылардан да, оқытушылардан да жоғары көрсеткішке қызмет етуді, қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Білім сапасын арттыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Оқу жетістіктері жоғары 129 студент өндіріс грантын, 172 студент облыстар әкімдері грантын, 19-ы Жұбанов атындағы грантты, 32-сі Президенттік стипендияны, 10-нан астамы Жұбанов атындағы стипендияны иеленді. Студенттер жоғары оқу орындары арасында жыл сайынғы өткізілетін республикалық пәндік олимпиадалар жеңімпаздары қатарында аталады. Бітіруші түлектердің еңбекке орналасу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, университетті 2019 жылы «Білім» бағыты бойынша бітірген  түлектердің 95%-і жұмысқа орналасты.

Университет ұлттық ЖОО Бас рейтингінің 2019 жылғы қорытындысы бойынша  4-орынға көтерілді, 27 білім бағдарламасы жетекші позицияларды иеленді. «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша университеттің 16 білім бағдарламасы жетекші орындардан көрінді.

– Университеттің ғылыми потенциалы туралы не айтар едіңіз?

– Әрбір ЖОО-ның елдің дамуындағы үлесі қазақ ғылымының сапасын арттырумен өлшенетіні аян. 85 жылдық тарихы бар университетіміз де осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін нақты шараларды қолға алуда. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда 30 ғылым докторы, 250 ғылым кандидаты мен Ph докторлар жұмыс істейді.

Университетте физика-математика, тарих, әлеуметтану, филология бағыттары бойынша ғылыми мектептердің қалыптасқанын айтуға болады.

Бір мысал, профессор Қ.Ш.Шүңкеевтің ғылыми мектебі «Материалдардың радиациялық физикасы» зертханасында Эстонияның Тарту, Белорусияның Гродно және еліміздің Нұр-Сұлтан қалаларында Назарбаев университеттерімен біріккен жобаларды іске асыруда. Ғалымның жетекшілігімен 10-нан аса жас ғалым диссертация қорғады.

2019-2020 оқу жылы ғылымды дамыту жылы болып  аталды дедік. Осы орайда «Zhubanov жастарды шақырады» атты жоба аясында жас ғалымдарды университетке шақырдық. Докторантурада оқып жатқан  61 жас ғалымның жиырмасы оқуларын бітіріп, қара шаңырақтың ғылыми потенциалын көтеру үшін ортамызға оралады. Университет жанынан ашылған «Инновациялық технологиялар паркі» бірнеше бағыттағы зертханалармен жабдықтала бастады.

Магистратура он бес мамандықтан қырық мамандыққа, докторантура бір мамандықтан алты мамандыққа ұлғайып, физика және математика бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.

Саннан сапа шығатыны ескеріліп, ғылыми жарияланым белсенділігі жыл сайын өсуде. Оның сандық және сапалық көрсеткіші Scopus және Web of Science сынды әлемдік басылымдар дерекқорындағы университет және университет ғалымдарының Хирш индексінен байқауға болады.

Әрине, ғылымды дамыту қаржыны ғана емес, уақытты да қажет етеді. Бүгінгі жасалып жатқан істердің нәтижесі болашақта өз жемісін береріне сенімдіміз.

– Жалпы университеттегі әлеуметтік жұмыс, тәрбие мәселесіне аз-кем тоқталсаңыз.

– Студенттер әлеуметтік жағынан толықтай қорғалған деуге болады. Жатақхана жеткілікті, студенттік емхана жоғары деңгейде қызмет көрсетіп тұр, «Білім алушыларға білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы ережеге» сәйкес ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерден басқа оқуда озат, шығармашылық, спорттық жетістіктерге жеткен студенттерге халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, шығармашылық байқау жеңімпаздарына, шетелдегі қазақ диаспорасына университет тарапынан көмек көрсетіліп келеді.

Жұбанов университеті қала ғана емес, бүкіл облыстың әдеби, мәдени, рухани өзегі деуге болады. Бірер мысал, оқу орны жанынан ашылған Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалы кабинеттері сөзіміздің айғағы.

«Жұбанов парасаттылық ордасы» жобасы аясында да кешенді жұмыс төрт бағытта жүргізілуде. Бірінші – академиялық процесті ұйымдастыру мен қаржыландыруда әділ шешім қабылдау мақсатында алқалы органдарға сүйенеді. Екінші – «Бір терезе» қағидасын ұстану. Үшінші – адалдық принциптерін сақтау. Төртінші – студенттер мен қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру. Бұл тұрғыда студенттер тарапынан   «Адалдық дүкені», «Саналы ұрпақ» клубы, «Парасаттылық мектебі» нәтижелі жұмыс жасап жатыр.

Сонымен қатар, 2017 жылы Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылды. 2019 жылы «Академиялық адалдық Кодексі» жасақталды. Әр оқу жылының академиялық кезеңдерінде Сапа мониторингі бөлімі тарапынан «Оқытушы студент көзімен», «Білім беру сапасы», «Таза сессия» сауалнамалары жүргізілуде. Білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми жазба жұмыстары университеттегі Антиплагиат бағдарламасынан тексеруден өткізіледі.

Университетте студенттердің  өзін өзі басқару ұйымы – студенттік парламент құрамында 17 студенттік ұйымдар мен клубтар жұмыс жасайды.

Орайы келгенде қолға алынып жатқан әлеуметтік жобалардың біразын атап өтейін.  Өңірден шыққан белгілі тұлғаларды насихаттайтын «Ақтөбе ақтаңгерлері», музей қорын толықтыратын «Жәдігер жерде қалмасын», университетке жомарт жандарды тартатын «Жұбановқа жомарттық», университет ғалымдары еңбектерін жарыққа шығаратын «Жұбанов кітапханасы» сериясы, «Қанатты сөз – қазына» тағылымдық тақталары, университет аумағын, одан әрі қаланы көркейтетін «Жасыл желекті Жұбанов», жемқорлыққа қарсы «Жұбанов – парасаттылық ордасы», «Жұбанов жылуы» қайырымдылыққа негізделген еріктілер ұйымы – осының бәрі қара шаңырақтың әлеуметтік тағылымдық тынысын кеңейте түсіп, өз жемісін беріп жатыр. Биыл еріктілер жылы. Оларды біріктіретін «Жұбанов жылуы», «Ізгілік елшілері», «ECOARSU», «Volonteer-2020», «INVO» бес волонтерлық клубы университеттің қайырымдылық сипатын айқындайды.

– Ғалымсыз, игі дәстүрлер қалыптасқан іргелі оқу орнының басшысысыз. Өңірде болып жатқан қоғамдық-саяси шаралардың бел ортасында жүресіз. Бос уақыт бола бермейтіні де рас. Дегенмен, үйреншікті хоббиіңізді білген артық болмас…

– Жастау кезімде қанатты сөздерді жинайтынмын. Соған қарап өзім де қанатты сөз жазуға тырысқан кездерім болды. Студенттерге тағылымдық жағынан үлкен әсер ететін  «Қанатты сөз – қазына» атты жоба университетте қолға алынуда. Жалпы бір жобаны ойлап тауып, соны іске асыру хобби болса, сол менің хоббиім деуге болады. Мәселен, Ақбөкен деген аң бар. Отаны – осы өңір. Киелі аң, мінезі, тағдыры қазаққа келеді. Ол туралы көп айтуға болады. Студенттерге «Ақтөбе – ақбөкендер мекені» деген жоба ұсындым. Мақсат – ақбөкенді Жұбанов жастарының бойтұмарына (талисман), одан әрі Ақтөбенің символына айналдырсақ. Бүгінгі Ақтөбенің символы қызғалдаққа Алатау өңірі де, шетелде голландықтар да таласа алады, ал ақбөкен бізге жақын ғой. Көзі мөлдіреген бейкүнә құралайдың суреті біздің символымыз болса қандай керемет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=56750