Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті студенттерімен мақтанады

Жұбанов университеті студенттерімен мақтанады

Күн сайын қарапайым азаматтар бір-біріне қолұшын созып, кейде өзі жете танымайтын адамды ажалдан құтқару үшін өз басын қатерге тігіп жатады.

21 сәуір күні күндізгі сағат 16:15 шамасында Ырғыз  аудандық жедел жәрдем кезекшілік бөлімшесіне бір баланың суға ағып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Бірақ,  оқиға орнына құтқарушылар келгенше көршісі 5 жасар баланы судан шығарып алып, көмек көрсетеді.  Оқиға орнына лезде жеткен 19 жастағы Нұржан ағысы қатты судан баланы аман алып қалды.

— Көше жақта көлікпен келе жатқан болатынмын. Өзен жағасынан өтіп бара жатқанда қол бұлғап шақырып,  көмек сұраған дауысты естідім. Оқиға орнына жеткен кезде көршімнің 5 жасар немере ұлы батып бара жатқанын байқадым.  Бар ойым баланы аман алып қалу болды. Мен оны құтқаруға келгенде баланы жағадан 7 метр, тереңдігі 2 метрге дейін алып кеткен. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Жасанды тыныс алу әдісін жасадым. Кеуде тұсынан басып, дем алуына көмектестім. Бастысы бала аман!, — дейді Нұржан.

Көп кешікпей құтқарушылар жасағы да, жедел жәрдем де жеткен. Жасөспірімді судан алып шыққаннан соң дәрігерлер оны бірден Ырғыз аудандық орталық ауруханасына жеткізген.
Өз кезегінде балаларын аман алып қалған студентке жасөспірімнің ата-анасы шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірген.

Айта кетейік,  Рашид Нұржан — Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылының тумасы. Жұбанов университетінің техникалық факультетінің «Құрылыс» мамандығының 2-курсында оқиды.

— Өз әрекетімді ерекше ерлік деп ойламаймын. Менің орнымда болған кез келген адам осылай жасар еді,  — дейді ол.

Оның ерлігі назардан тыс қалмақ емес. Ырғыз ауданының басшылығы жас жігітке батылдығы мен өжеттігі үшін алғыс айтты. Аталған оқу ордасының басшылығы да Нұржанның ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс екенін айтып,  батырды марапаттауды ұйғарып отыр.