Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұстаз, заңгер, ғалым: Педагог Асыл Смағұлованың өнегелі өмірі

Ұстаз, заңгер, ғалым: Педагог Асыл Смағұлованың өнегелі өмірі

Өмір бойы іздену – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал, ізденіс жолында кездескен үлкенді-кішілі сынақтарға сынбай, дегеніне жететіндер, қандай қиындық көрсе де, өз білгенін өзгеге үйрете алатын, айналасын әдемі түске бояп жүретіндер тіпті аз. «Білімді елдің» бүгінгі кейіпкері, жетпіс жастағы құрметті ұстаз Асыл Смағұлова соңғы атаған адамдардың қатарынан. Педагогтың тұтас өмірі, әрине, бір әңгімеге сыймайды. Солай бола тұра, оның қысқа ғана баяндалған өмірбаянының өзі мотивацияға толы.

Аңсатып туған «асыл» қыз

Асыл Смағұлова 1950 жылы туған. Ата-анасы ұзақ күткен қыз – әкесінің 58 жасында, анасының қырық жасқа таяған шағында екі ұлдан кейін дүниеге келген «асыл» сәби болады. Әке-шешесі егде жасқа келген соң туған Асыл олардың қарттық кезіне де ерте куә болған. Студент шақ пен тұрмыс құрудың арасында бір жыл төсек тартқызған жол апаты тағы бар. Өз естеліктерінде ол «алдымда екі ұл сүйіп, өсірген әке-шешем маған «Асыл» деп ат қойып, ардақтады. Табиғатымнан мінезім ұяң, ұялшақтау болса да, оқу аяқтай сала, жұмысқа араласқаным, қарт ата-анамның сырқаттануы мені өте тез есейтті» деп жазады. Осылайша, ата-ананың ұзақ күткен перзенті ерке, өзімшіл болудың орнына қайсар, жанашыр, арманшыл болып ержеткен. Бұл қиындықтар өмір бойы ұстаздық еткен Асыл Смағұловаға алдындағы шәкіртіне тек теориялық білім емес, мотивация, өмірге деген құлшыныс, армандау, арманға жету үшін тынымсыз еңбек ету керек екенін үйретуді ұғындырған. Оның нағыз педагог атануының сыры да осы.

Ұстаздықтан заңгерлікке дейін

…Оқушы кезінде Асыл Смағұлова қатарластарындай «қыз балаға осы да жарайды» деген мамандықтарды емес, заңгер болуды қалаған. «Бірақ, армандаған мамандығыма бірден қолым жетпеді. Заңгер мамандығына оқытатын оқу орындары аз әрі бәрі алыста еді. Ата-анам ауылдан ұзатқысы келмеді. Сондықтан, іргелес Орал қаласында оқыдым» деп еске алады мамандық таңдаған жылдарын ол. Осылайша, өмірінің 50 жылға таяу уақытын ұстаздыққа арнаған Асыл Смағұлованың осы жолдағы алғашқы қадамы –Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтының табалдырығы болды. Асыл Смағұлова 1974 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, ауыл мектептерінде тарих пәнінен сабақ беруге кіріскен. Қырық жылдан астам уақыт ол шәкірттеріне білетінін үйретіп, білімдерін шыңдады. Оқушыларды қажымай оқытқан ұстаз қазір жастарға, яғни, студенттерге сабақ беріп жүр.

Арманы оны, ол арманын алдамады

Өмірдің әдеттегі сценарийі болса, Асыл Смағұлова «бұйырғанға» бас иіп, өзгеріссіз, сол мектептегі ұстаздығымен зейнетке аттанар ма еді, кім білсін!? Бірақ, тумасынан білім мен жаңалыққа құштар болған ол, қай жаста болса да, балалық арманына қол жеткізу – ұят емес, ұлылық екенін дәлелдеді. Бұл мінезі туралы ол өз сұхбаттарының бірінде былай дейді: «Бойымда​ әу бастан ыждаһаттылық, талпыныс, жауапкершілік, алған бетімнен қайтпайтын қайсарлық​ та бар еді. Алдыма қойған мақсатқа жетпей қоймайтын, қолыма алған​ істі аяғына​ жеткізу – менің негізгі өмірлік қағидам​ десе де болады. Осы қағидамнан ешқашан қайтқан емеспін».

Осылайша, педагог Асыл Смағұлова, 2001 жылы өзінің 51 жасында заңгер дипломын алған. Онымен тоқтамай, 2004 жылы Алматы қаласында кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылыми жұмысының тақырыбы қазақтың әдет-ғұрпы құқығындағы мұра мен мұрагерлік туралы болған. Осы тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген Асыл Смағұлова 4 монография , онға жуық оқу құралын, 200-ден астам мақала жазды. Жиырма жылдай уақыт Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің заң факультетінде студенттерге білім беріп, 2006 жылдан бері факультеттің деканы қызметіне тағайындалған. Оның басшылығымен студенттер де зерттеу жұмыстарына көбірек тартылып, түрлі деңгейдегі конференцияларға қатысады. Халықаралық, республикалық​ ғылыми-практикалық конференциялар заң факультетінің ұйымдастыруымен жиі өтті. Ресей және Қырғыз елдерінің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылды. Тәжірибесі мол ұстаз, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық информатизация академиясының академигі Асыл Смағұлова енді ұстаздық жұмысынан тыс уақыт тауып, егде жасына қарамастан азаматтық істерге белсенді ат салысып жүр. Бұндағы мақсаты тағы да сол жастарды аудитория алдында сөз сөйлеуге үйрету, әрбір адам азаматтық қоғамның ажырамас бір бөлігі екенін ұғындыру. Солай бола тұра, біз бен сіздің қоғам жеке дара тұлғалардан құралатынын, ал, әрбір тұлға өзін қаншалықты рухани бай, адал ұстаса, қоғам да соншалықты әділетті, берік болатынын әрбір жастың санасына ұялату. Бұл жұмысын Асыл Смағұлова қауқары таусылғанша, тоқтатпаймын дейді. «Білімді ел» басылымының ұжымы Асыл Смағұлованы жетпіс жас мерейтойымен құттықтай келе, осы мақсатына жетуде де қажымас қайрат, зор денсаулық тілейді.

Гүлбану Әбенова

https://bilimdinews.kz/?p=98543