Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студент 5 жасар баланы құтқарып қалды

Студент 5 жасар баланы құтқарып қалды

Ырғыз өзеніне батып бара жатқан 5 жасар баланы құтқарып қалған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Нұржан Рашид Қ.Жұбанов атындағы стипендия мен «Үздік студент» медаліне ұсынылды. Бұл туралы білім ордасының ректоры Бауыржан Ердембеков өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

«Өзінің өміріне қауіп төніп тұрса да, суға кетіп бара жатқан бес жасар баланы құтқарып қалған университеттің техникалық факультетінің 2-курс студенті Рашид Нұржан Айдарәліұлы үшін марқайып та, сүйсініп те отырмыз. Осындай жүректі жастарды тәрбиелеп жатқан қара шаңырақ бүгін бір батырымен мақтана алады! Нұржанның ерлігін ескере отырып, «Үздік студент» медаліне және Қ.Жұбанов атындағы стипендияға ұсынысымызды университеттің Ғылыми кеңесіне шығарамыз»,— деп жазған ректор өз жазбасында.

Ал облыстық төтенше жағдай департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы таратқан ақпаратта:

«21 сәуір күні 16 сағат 15 минутта 101-пультке Ырғыз ауылының өзеніндегі суға батып бара жатқан бала туралы хабар келіп түсті. Өзен баланың тұратын жерінен 10 метр қашықтықта орналасқан. Көршісі оны құтқаруға келген кезде, жасөспірім бала жағадан 7 метрге дейін, тереңдігі 2 метр тұсқа ұзап кеткен. Бала қазір аудандық ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Емдеуші дәрігер суық тимегенін және жағдайы тұрақты екенін хабарлады», — делінген.

Әлеуметтік желіні шулатқан оқиғаны өз аузынан есту үшін Нұржанға қоңырау шалдық. Ырғыз ауданының Ырғыз ауылында тұратын, сабақтан тыс уақытын үй шаруасына арнайтын ол 21 сәуір күні түс қайта досының көлігімен ауылдың арғы шетіндегі бір шаруасын тындырып қайтпақшы болады.

— Біздің үй өзен жақта орналасқан. Досымның көлігімен сағат 16.00 шамасында үй жаққа қарай келе жатқанбыз. Қолын бұлғап, бізді шақырып тұрған көрші әжені көрдім. Көліктен түсе сала жүгірдім. Сөйтсем, күнде көз алдымызда ойнап жүрген 5 жасар немересі суға батып бара жатыр екен. Әжеден мән-жайды сұрамастан, өзенге қойып кеттім. Су баланы жағадан бірнеше метр жерге алып кеткен екен. Оны құтқару үшін барымды салдым. Қалың киінген екен. Белінен ұстап, жағаға алып шықтым, — деп ол оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Сондай-ақ баланы құтқарып қалған ол жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

— Ондай жағдайда ойланып тұратын уақыт жоқ. Бір ғана мақсат — баланы құтқарып қалу. Қолымнан келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның тыныс алуына көмектестім. Бастысы — көршім аман, — деген Нұржан бұған дейін де бір адамның өмірін құтқарып қалғанын айтады.

— Ес білгелі өзен жағасында өстік. Ырғыздың бойында дүниеге келген соң «жүзу білмеймін» деген ұят болар(күліп). Өзеннің арғы шетінен бергі шетіне дейін еркін жүзе аламын. Осыдан екі-үш жыл бұрын туысқан інімді құтқарып қалған болатынмын. Мен өзімнің бұл әрекетімді ерлік деп ойламаймын. Менің орнымда болған кез келген адам осылай жасар еді. Бұл әрбір адамның азаматтық парызы деп білемін, — дейді ол.

Қ.Жұбанов атындағы стипендия мен «Үздік студент» медалінен өзге Нұржан Рашидке Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке батырлық әрекеті үшін марапаттау туралы өтініш дайындап жатыр. Бұл жаңалықты естіген Нұржанның университеттегі ұстаздары ерекше қуанышты. Өз өміріне қауіп төндіре отыра, осындай ерлікке барған студенттің қандай да болсын марапатқа лайықты екенін айтады.

Нұржан Рашид оқитын «Құрылыс-201» тобына 1-курстан бастап кураторлық етемін. Топта 24 студентім бар. Әрқайсысының орны бір төбе. Ал Нұржанның кешегі ерлігін естіп, тіпті марқайып қалдық. Бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, келсе де кез келгеннің ерік-жігері жете бермейтін үлкен іс. Ұстазы ретінде баламның бұл әрекетіне қуансам, әке ретінде қорыққаным рас. Бастысы — балалардың екеуі де дін аман. Нұржан ақысыз бөлімде оқиды. Жатақханада тұрады. Сабақ үлгерімі де жақсы. Тәртібі де түзу. Сабақтан тыс уақытында футбол ойнайды, үстел теннисіне қатысады. Үстел теннисі бойынша бірнеше жарысқа қатысып, талай мәрте университет намысын қорғаған. Нұржанның бұған дейінгі жетістіктері мен кешегі ерлігін қосқанда оның кез келген марапатқа лайықты студент екенін айтқым келеді. Алдымен, осындай ұлды тәрбиеліп өсірген ата-анасына рақмет айтсақ,  оның осы еңбегін ескеріп, бағалап жатқан білім ордасының ректоры Бауыржан Ердембековке алғыс айтамыз, — дейді техникалық факультеттің аға оқытушысы, Нұржанның кураторы Бегім Рысқұлов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=86322