Понедельник, Май 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студенттерге қандай жеңілдіктер бар?

Студенттерге қандай жеңілдіктер бар?

Өңірде жүргізілетін әлеуметтік саланың құрылыстары мен жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар жол жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері, сондай-ақ ақылы топтарда оқитын студенттер қабылданатын болады. Бұл туралы жұма күні «Aqtòbe» телеарнасында өткен бағдарламада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет айтты. Тікелей эфирде Мейрамбек Шермағанбетпен бірге облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары сөз алып, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты. Қазір жағдай тұрақты. Госпитальдерде 673 адам оқшауландырылған. Оның ішінде инфекциялық госпитальде — 42 адам, провизорлық госпитальде 61 адам бар. Карантиндік госпитальдегілердің үлесі — 570 адам. Үйдегі карантиндегі 1425 тұрғын медицина қызметкерлерінің бақылауында.

Облыста індеттің 55-і тіркелді. Оның 11-і жазылып шықты.

  • Тұрғындар тарапынан «Індет неге кенеттен көбейіп кетті?» деген мазмұндағы шағымдар түсіп жатыр. Соңғы 2-3 күнде сырттан біраз адам келді. 28 жағдай сол кезде тіркелген болатын. Оның 18-і — студенттер. Қалғаны Ресейде жұмыс жасап жатқан қазақстандықтардан анықталды. Оның 4-еуі — ақтөбелік. Қалғаны өзге өңірлердің азаматтары.

Тек біздің облыс қана емес, еліміздің басқа облыстары да шетелден келген қазақстандықтарды қабылдап жатыр. Олар басқа елдің емес, өз азаматтарымыз. Сол себепті оларды өз туыстарымыздай қабылдап, сын сағаттағы әрекетке түсіністік танытуымыз керек, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Тікелей эфир барысында интернеттің әлсіздігін, интернеттің жоқтығын айтып, біраз ата-ана хабарласты. Л.Оразбаеваның айтуынша, интернет Қобда, Ойыл, Байғанин аудандарында әлсіз. Мүлде жоқ ауылдар да бар. Тіпті Ақтөбе қаласындағы 15 мектептің оқушыларына курьерлік қызмет ұйымдастырылып отыр.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде интернеті әлсіз, интернеті жоқ 160-қа жуық мектеп бар. Облыстағы 402 мектепте білім алып жатқан 151 мыңнан астам баланың 11 пайызы (16 мыңоқушы)телесабақтар арқылы білім алуда, қалғаны интернет платформаларды пайдалануда.

7 мыңға жуық оқушыға техникалық құралдар (компьютер, ноутбук, т.б.) таратылып берілген.

  • Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен 2400 ноутбук алынып, аудандардағы оқушыларға таратылып берілуде. Ақтөбе қаласының оқушылары үшін де республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 1700 компьютер алынып, берілетін болады. Әрине, бұл компьютер, ноутбуктердің бәрі де мектептердің балансына тиесілі. Сондықтан төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ата-аналар мектепке қайтаруы тиіс, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Облыста қазір 1500 бала үйлеріне жете алмай, туыстарының үйінде сабақ оқып жатыр. Олардың 27-сі — Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Сондай-ақ Алматы,Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген балалар да кете алмай қалған. Үйлеріне жете алмай қалғандардың арасында өзіміздің облыстың аудандарындағы оқушылар да бар.

Төтенше жағдай кезінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 100-ге жуық  студенті шетелде болған екен. Біразы елге келген. Дегенмен олардың 43-і сыртта қалып қойыпты. Университет ректорының айтуынша, олардың бәрімен де, ата-аналарымен де тығыз байланыс жасалған. Қазір аталған білім ордасының Түркия, Ресей, Польша, Латвияда жүрген студенттері қашықтан білім алуда.

Жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту біршама жолға қойылған. Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлікмемлекеттік университетінің 15 мыңға жуық студенті қашықтан білім алып жатыр.

Университет ректоры Бауыржан Ердембековтің айтуынша, оқу орнында жазғы емтиханды ұйымдастыру мақсатында дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Жақында кезектен тыс ғылыми кеңес өткен. Күн тәртібінде жазғы сессия, қорытынды аттестациялау мәселелері көтеріліп, жан-жақты талқыланған. Қазір соған байланысты арнайы жұмыс жоспары құрылыпты.

  • Студенттің тест тапсырмаларына қалай жауап бергенін қашықтан емтихан алу арқылы анықтау қиын болады. Сол себепті І, ІІ, ІІІ курстың студенттері жазғы емтихан тапсырмайды. Жиынтық қорытынды бағасы қойылады. Оқытушы өзі сабақ беретін студенттің шамасын біледі. Соған сай бағалайды. Егер студент оқытушының бағалауына келіспесе, емтихан тапсыруына болады. Мұндай жағдайда «Zoom» платформасы арқылы ауызша емтихан өткізіледі.

Мемлекеттік емтихандарды «Zoom», «Univer» платформалары арқылы қабылдаймыз. Ал дипломдық жұмыс, магистрлік диссертацияларды қорғау «Zoom» арқылы онлайн режимінде жүргізіледі, — деді Бауыржан Ердембеков.

«Төтенше жағдайға байланысты жоғары оқу орнының студенттеріне оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер бола ма?» деген сұрақ қойылды.

Бұл сауалға Бауыржан Ердембеков:

  • Оқу ақысын төлеудің мерзімін ұзартып бере аламыз.Төлем уақытын ұзартқысы келген студенттер электронды түрде өтініш жазады. Қазір университеттегі 100-ге жуық студенттен өтініш түсті. Айта кету керек, төлем жасай алмаған бірде-бір студент оқудан шықпайды.

Студенттерғанаемес, көмеккезәруқызметкерлеріміз де бар. Олардың да өтініштерін қарап жатырмыз, — деп жауап берді.

Ол өз сөзінде өзенге батып бара жатқан 5 жасар баланы құтқарып қалған университет студенті Нұржан Рашидтің ісін көпке үлгі, өнеге етіп, студенттің әрекетін ерлікке теңеді. Нұржан Рашид университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталыпты. Сондай-ақ оған келесі оқу жылынан бастап ай сайын берілетін Жұбанов атындағы шәкіртақы (25 мың теңге) тағайындалған.

«Жетім балалар үшін гранттар бар ма?». Тікелей эфир барысында университет ректорына осындай сауал қойылды.

  • Биыл университет 85 жылдық мерейтойын өткізіп жатыр. Соған байланысты 85 жылдыққа 85 Жұбанов атындағы грант беру жоспарланды. Мұның арасында жетім балалар санаты да бар. Талапкерлерге 100 пайыз грант беріледі. Сапа мәселесіне басымдық береміз. Сол себепті басты талап — грант иегерінің оқу үлгерімі жақсы болуы тиіс, — деді ректор.

Бағдарлама қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет «Жұмыспен қамтудың жол картасы —2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін айтты.

  • Соған байланысты әлеуметтік нысандардың құрылыстарына, оларды жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына өңірдегі жағдайы төмен отбасы мүшелері бірінші кезекте жұмысқа қабылданатын болады. Бұл жұмыстарға ақылы топтарда оқитын студенттер де тартылады. Сонымен қатар бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен ақы төленетін жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыстар, қоғамдық жұмыстар бар. Сондықтан тұрғындар мемлекет тарапынан беріліп жатқан мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін тұрғылықты жерлері бойынша аудандық әкімдіктерге, жұмыспен қамту бөлімдеріне хабарласқандары дұрыс, — деді Мейрамбек Шермағанбет.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=86433