Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қашықтан оқыту — уақыт талабы

Қашықтан оқыту — уақыт талабы

Мемлекет басшысының әлемді жайлаған індеттің алдын алу және еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы тапсырмасына орай, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындары мен колледждер студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан оқу жүйесіне көшірілді.

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус (COVID-19) пандемиясына байланысты жаппай карантин шараларының енгізілуі барлық деңгейдегі білім беру жүйелерін қашықтан оқытуға алып келді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде де ректорымыз, профессор Бауыржан Ердембековтің жетекшілігімен ұжымның қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету үшін білім беру процесін қашықтан оқытуға көшіру жөніндегі жұмыстар жедел басталып кетті. Бұл үдеріс оқу ордамыз үшін кедергілер туындатпады. Өйткені, университет қашықтан оқыту технологиясын соңғы жылдары кеңінен пайдаланып келген болатын. Нәтижесінде кәсіби мамандарымыз университет ректоры бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстарды жедел қолға алды.

Алғашқы күннен бастап-ақ университеттің пандемия кезеңіндегі академиялық саясаты анықталды, әр бизнес процесске арнайы ережелер жасақталды, қашықтан оқытуды ұйымдастыру нұсқаулығы, оқытушылар мен білім алушыларға арналған қадамдар алгоритмі, ағымдық бақылауды бағалау тәртібі, практикаларды ұйымдастыру және өткізуге, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыруға арналған нұсқаулықтар бекітілді.

«Univer» кешеніне жүктелген екі мыңнан астам пәннің силлабустары оқу топтарына байланды, пәндер бойынша 8 аптаға студенттердің өзіндік жұмыстарына тапсырмалар жүктелді. Әр факультет үшін Youtube каналдары жасақталып, пәндер бойынша оқытушылар дайындаған бейнедәрістер орналастырылды. Оқытушылардың платформаларды, бағдарламаларды, олардың қосымша мүмкіндіктерін толығымен пайдалана білуіне үйрететін бірнеше онлайн-семинарлар өткізілді.

Университетте қашықтан оқыту процесі білім берудің барлық деңгейінде сабақ кестелері бойынша «Univer» ақпараттық-бағдарламалық кешені, Zoom стримингтік сервисі, Meet.Ji.Si платформасы арқылы онлайн режимде жүзеге асырыла бастады. Әрине, интернетті пайдалану мүмкіндігі төмен мекендерде тұратын жүзден астам студент үшін Telegram, Facebook, Instagram, What’sApp, т.с.с. әлеуметтік желілердің де қолданылатынын жасырмаймыз. Әрбір білім алушы өздерінің мүмкіндіктеріне байланысты қолданыстағы бағдарламаларды немесе желілерді  пайдаланады. Оқытудың мұндай жағдайында offline режим қатар қолданылады. Сонымен қатар, білім алушылармен кері байланыс және кейбір қызмет түрлері Smart ARSU мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.

Кітапхана қорларын пайдалану мүмкіндігі шектелген жағдайда студенттердің электрондық ресурстарға қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін университет кітапханасының электрондық ресурстар қорына, Республикалық жоғары оқу орныаралық электрондық кітапханаға, Ашық университет, «Эпиграф» қорларына және тегін пайдалану мүмкіндігі берілген әлемдік мултимедиялық кітаптар қорларына сілтемелер «Univer» жүйесінің бас парақшасына салынды. Сілтемелер пән силлабустарында да көрсетілген болатын. Электрондық ресурстармен жұмыс тәртібіне арналған қадамдар алгоритмі университет сайтында ашылған «Қашықтан оқыту» парақшасына жүктелді.

Бұл ретте ағымдағы оқу жылында «Эпиграф» баспасымен бірлесе университеттің ЖАОК Web лабораториясында түсірілген профессорлық-оқытушылық құрамның жаппай ашық онлайн курстарын да атап өткіміз келеді. Қазіргі таңда 18 ашық онлайн курсы платформаға (https://arsu.mbook.kz/kk/index/) орналастырылды.

Университетіміз білім беру процесіндегі жобаларды да қашықтан оқыту жағдайында жалғастыруда. 8 білім бағдарламасы бойынша білім беру көптілді оқыту жүйесімен жүзеге асырылуда. 11 білім бағдарламасының 26 студенті университетішілік, 3 білім бағдарламасының 6 білім алушысы шетелдік жоғары оқу орындарында қосдипломды бағдарламалар бойынша білімін жалғастыруда. Польша, Түркия, Литва, Ресей жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқып жатқан, қазіргі жағдайда сол елдерде өз еркімен қалған 39 студентімізбен тұрақты байланыстамыз.

Жоғары білікті мамандар даярлауда инновациялық технологиялар мен интерактивті әдістердің қолданылуын оқытушылар қашықтан оқыту жағдайында одан әрі жалғастыруда. Өзара тәжірибе бөлісуге арналған университетішілік, республикалық, халықаралық дәрежеде бірнеше вебинар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, сәуір айында «Жұбанов университетіндегі қашықтықтан оқыту: жүзеге асырылуы және тәжірибесі» тақырыбында вебинарлар сериясын өткіздік. Вебинарларда оқытушыларымыз қашықтықтан оқыту жағдайында STEM білім беру, дәріс сабақтарын Lecture together (қосарлы дәріс) форматында өткізу, зертханалық сабақтарда виртуалды ортаны қолдану тиімділігі, лабораториялық сабақтарды Google Classroom платформасында өткізу, практикалық сабақтарды ұйымдастыруда ZOOM платформасының қосымша мүмкіндіктерін пайдалану, шығармашылық пәндерден студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Вебинарға отандық ондаған ЖОО-ынан қатысқан әріптестеріміз, онлайн аудиторияның ауқымы, пікірталастар төркіні тәжірибе алмасуға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Қашықтан оқыту барысында туындаған кейбір мәселелер аталған форматты ғылыми-әдістемелік жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Осы бағытта профессорлық-оқытушылық құрам тарапынан жаңа жобалар ұсынылуда. Мысалы, университет қаржыландыратын жобалар қатарында физика-математика, педагогика, кәсіби-шығармашылық факультеттері оқытушылары жасақтаған «Қашықтан оқытудағы STEM білім берудің тиімділігі» жобасы өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Пилоттық режимде енгізілген Action Research жобасын да қашықтан оқыту форматында пайдалану мүмкіндігін қарастыруды қолға аламыз.

2019-2020 оқу жылына жоспарланған шаралар онлайн форматта өткізілуде. Ғылыми, оқу-әдістемелік кеңестер, ректорат мәжілістері, барлық деңгейдегі жұмыс жиындары, кәсіби бағдар жұмыстары, куратор сағаттары, студенттік ұйымдардың іс-шаралары, пәндік олимпиадалар, «Атамекен» ҰКП, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) тарапынан өткізілетін білім бағдарламаларының рейтингтеріне қатысу жұмыстары онлайн жүргізіліп келеді.

Педагогикалық және өндірістік практикаларды қорытындылау бітіруші курс студенттерінің, білім беру мекемелерінің, өндіріс орындары өкілдерінің қатысуымен бейне-конференция форматында өтті. Аталған практикалардың соңғы екі аптасы студенттер үшін қашықтан ұйымдастырылды. Міне, осы жағдайда студенттер тәжірибесін қорытындылауға және бағалауға жауапкершілікпен қараған серіктестеріміз – өндіріс орындарына – практика базаларына алғысымыз шексіз.

Түлектерді еңбекке орналастыру бағытында университеттің Кәсіби даму және мансап орталығы «Самұрық-Қазына» АҚ «Жас өркен» жобасының, Ақтөбе қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы өкілдерінің қатысуымен тікелей эфирлер, мансаптық кездесулер және цифрлық жәрмеңкелер ұйымдастырды. 17 сәуірде ғана педагогикалық бағытты бітірушілерді алдын-ала еңбекке орналастыру мақсатындағы Түлек-2020 шарасы өткізілді. Аталған шараға Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Ақтөбе қалалық білім бөлімі, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен кадр бөлімдері мамандары және білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің басшылары, факультет декандары, топ кураторлары, кафедра меңгерушілері, бітіруші түлектер қатысты. Түлектерді алдын-ала жұмыс орындарына бөлу «Ақтөбе облыстық білім басқармасының педагог кадрларға сұранысы» негізінде өткізілді. 12 мамырдан бастап педагогикалық емес мамандықтар түлектерін алдын-ала жұмыс орындарына бөлу мақсатындағы онлайн шаралар жоспарлап отырмыз.

Жұбанов университеті пандемия кезеңінде әлеуметтік серіктестік аясында Ақтөбе қаласының «Новый», №3, 40 орта мектептеріне, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебіне, Облыстық физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернатына, Шұбарқұдық гимназиясына мердігерлік қолдау көрсетті. Әлеуметтік серіктестік механизмі электронды платформаларды қолдану бойынша әдістемелік көмек, бейне, онлайн, мультимедиа дәрістерді құруға әдістемелік қолдау, онлайн консультациялар түрінде жүргізілді.

Университет жанындағы Үздіксіз білім беру институты тарапынан мұғалімдер біліктілігін көтеруге арналған курстар, шағын жинақталған мектептер үшін кадрларды қайта даярлау курстары онлайн форматта жалғастырылуда. Мамыр-маусым айларында «Цифрлық сауаттылық» жобасы аясында қызметкерлеріміздің цифрлық дағдыларын арттыру мақсатындағы онлайн режимде оқу үдерісін ұйымдастыру үшін оқытушының жеке сайтын құру, Google Slides платформасында презентациялар жасау тақырыптарында біліктілікті арттыру курстарын өткізу жоспарлануда. Өйткені, қызметкерлеріміздің цифрлық сауаттылығы, әсіресе, кәсіби ортада өзекті мәселеге айналды. Оны қазірдің өзінде көп жұмыстың онлайн режимге көшуі көрсетіп отыр. Төтенше жағдай режимі мен жалпыұлттық карантин енгізілгеннен кейін қашықтан білім беру жүйесіне көшуде инфрақұрылыммен қатар, қолданылатын платформалармен жұмыс істей алатын педагог кадрларымыздың дайын  болуы да маңызды.

Сондықтан да, жоспарланып отырған курстарымыз қызметкерлеріміз үшін цифрлық контент жасауда және алмасуда, оқытуда, жұмыста және қызметте өте тиімді, сонымен қатар, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру үшін проблемаларды коммуникациялауға және шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Қазір университет білім алушыларды аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру формалары мен механизмін анықтады. Білім алушылар ауызша онлайн формада, компьютерлік тест формасында,  ағымдық бақылау көрсеткіштері негізінде силлабустарға сәйкес бағалау немесе жиынтық бағалау рәсімдері арқылы аттестатталады. «Қазақстанның қазіргі замандағы тарихы» пәні бойынша мемлекеттік емтихан компьютерлік тест формасында «Univer» жүйесі арқылы жүргізіледі. Аралық және қорытынды аттестаттау рәсімдерінде Zoom стримингтік сервисі, Meet.Ji.Si платформасы, Google forms, Web қосымшалар прокторинг талаптары ескеріліп қолданылады.

Университеттің Call-орталығы қашықтан оқыту жағдайында барлық оқу-әдістемелік, әлеуметтік және техникалық қолдау мәселелері бойынша қоңыраулар қабылдау және жауап беру мақсатында қосымша номерлермен толықтырылды. Туындаған мәселелерге уақытылы жауап беру үшін университет ректоры, проректорлар, факультет декандары студенттермен және оқытушылармен онлайн-конференциялар және әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізіп отырады.

Айта кетейік, университеттің 8 факультетінде 25 кафедра жұмыс жасайды. 15 мыңдай білім алушының 5 мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарда оқиды. Оқу ордамыз 78 бакалавриат, 35 магистратура және 5 докторантура, барлығы 118 білім бағдарламасы және жоғары колледжде 12 мамандық бойынша мамандар даярлайды.

Университет білім беру қызметін қашықтан оқыту форматында көрсетілген ауқымда және кеңістікте шашау шығармай жүзеге асырып отыр. Оқу-әдістемелік жұмыстар және қашықтықтан білім беру орталығы,  деканаттар мен кафедралар сабақ кестелеріне сай білім алушылардың онлайн дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысуын, сабақтардың өтуін қадағалап отырады.

Бүгінгі таңда университет қызметкерлері мен мыңдаған студенттер жұмылған жұдырықтай асқан ұйымшылдықпен жұмысты жалғастырып келеді. Білім ошағының қабырғасында бастау алған игі істердің нәтижесінде білім алушыларымыз үшін сапалы білім алудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып, техникалық тиімді тәсілдер үздіксіз жетілдірілуде. Бұл ретте қашықтан оқытудың жүзеге асуын қамтамасыз етуде университет басшылығының, факультеттер мен кафедралардың, білім беру процесіне қатысты құрылым қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар оқытушылар мен студенттерге тәулік бойы ақпараттық қолдау көрсетіп, қашықтан оқытудың технологиялық ерекшеліктері бойынша нұсқаулықтар беруде.

Ең бастысы, Білім және ғылым министрінің, вице-министрдің апта сайынғы онлайн форматтағы аппараттық және кеңес мәжілістерінде көтерілетін мәселелер, берілетін бағыттар, жоғары оқу орындарының тәжірибелері, пікір алмасулар пандемия кезеңінде білім беру ісінің үздіксіз, жүйелі түрде жүзеге асырылуында үлкен маңызға ие боп отыр.

Жалпы карантиндік жағдай қазақстандық жоғары оқу орындары үшін сынақтан өтудің де, әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің де жақсы мүмкіндігі болуға тиіс. Қалай десек те, талай қиындықты бастан кешкен, «тал бесіктен жер бесікке дейін» білім алуды айтып кеткен бабалар өсиеті қандай қиын жағдайда да тоқтамаса керек-ті. Маңыздысы індет кезіндегі карантин ережелерін сақтасақ, университет қабырғасына оралар күн де алыс емес…

 

Абенова Бибігүл Сейілқызы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар

жөніндегі проректоры

 

file:///C:/Users/User/Downloads/17(222).pdf