Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады

Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында әлемдегі қалыпты тіршілікке пандемияның айтарлықтай əсер еткенін, дегенмен елімізде дағдарысқа қарсы шаралар дер кезінде қабылданғанын айтып, осындай күрделі кезеңде халыққа көрсетіліп жатқан көмек түрлеріне тоқталды. «Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мəселенің бірі», — дей отырып, əлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануы мен ауыл шаруашылығын қолдау саласында атқарылатын шараларға тоқталды.

Мемлекет басшысы ең маңызды мəселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету екендігін баса айтты: «Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Осы жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды, бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргідей төтенше жағдайда волонтерлер аянбай еңбек етіп жүр. Күрделі кезеңде белсенділік танытқан жігерлі жастарды үлгі тұтуымыз керек». Сондай-ақ білім беру саласында қашықтан оқытылудың енгізілгенін, алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн екенін, цифрландыру үдерісінің  мəн-маңызы арта беретінін айтты.

«Біз Елбасының салиқалы саясатының, халқымыздың ырыс-ынтымағының арқасында тəуелсіз Қазақстанды құрдық», — дей отырып, қиындықтарды еңсеруге əрдайым дайын болуымыз керек екенін атап өтті. Бұл ретте Президент: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дəстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Əсіресе мемлекеттік тілдің мəселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты əлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны əрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», — деді.

«Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сəтте елге қызмет етудің озық үлгісін танытты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрінісі», — деді Мемлекет басшысы.

Барлық қиындықты бірге жеңеміз!

 

Мира Балтымова,

Қ.Жұбанов ат. АӨМУ бас ғылыми хатшысы