Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттен Мақтааралға гуманитарлық көмек жіберілді

Университеттен Мақтааралға гуманитарлық көмек жіберілді

Елдің елдігі де, ұлт болып ұйысуы да қиналған сәтте білінеді. Бұл ретте Ақтөбе қаласынан Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтіп отыр.

Осындай игілікті шара барысында Жұбанов университетінің ұжымы да азаматтық танытып, мүмкіндігінше көмек көрсетуде.

Азаматтық қоғамның белсенділігін айғақтайтын осынау қайырымы мол істен шет қалмау мақсатында оқу ордасының ұжымы мен студенттері зардап шеккен ағайынға 2 миллион тенге қаражат жинады.
Бүгін «Жұбанов жылуы» қайырымдылық қорынан жиналған қаржыға гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар мен киім-кешектер аталған ауданға жөнелтілді.

— Қазір ешкімге оңай соғып тұрған жоқ, бірақ осындай қиыншылыққа тап болған Мақтаарал ауданының тұрғындарына қол ұшын беруіміз керек. Ел басына күн туған шақта қол қусырып қалмай, қиналған көпшілікке қолұшын созу азаматтық парызымыз деп есептейміз. Халқымыз бірліктің арқасында талай қиын-қыстау заманды жеңе білген. Қысқа уақыт ішінде бұған бей-жай қарамай университет ұжымы өз үлестерін қосып отыр, — дейді ұйымдастырушылар.

Еске салсақ, Өзбекстандағы су қоймасының бөгеті жарылып, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекен су астында қалған еді. 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.