Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жауапкершілігі маңызды кездесу

Жауапкершілігі маңызды кездесу

Бүгін  Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков Ақтөбе облысы бойынша  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі  ұйымдастырған «ЖОО-дағы превенция жұмысы» тақыбындағы онлайн-конференцияға қатысты.  Өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосқан жиын «Sanaly Urpaq» республикалық жобалық кеңесінің жетекшісі  Қайыржан Токушевтің қатысуымен өтті.

ZOOM платформасы арқылы өткізілген конференция аясында студенттердің адамгершілікке тәрбиелеу, парасаттылық пен әділеттілік принциптерін нығайту мәселелері қарастырылды.

Басқосуда сөз тізгінін алған Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков  оқу орнында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жіті  тоқталды.

Оның айтуынша, аталған оқу ордасында бүгінде  жемқорлықтың алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта «Zhubanov парасаттылық ордасы» мега жобасы ашықтық, жариялылық принциптеріне сүйене отыра «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық мектебі», «Адалдық дүкені», «Ізгілік Елшісі» жобаларын жүзеге асыруда. Жұбанов университетінде 2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында  «Саналы ұрпақ» фронт-офисі құрылған болатын. Қазір оның құрамында 1800 студент бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, академиялық адалдық, ақпараттық қолдау бағыты бойынша іске асып жатыр.

2018 жылдан бастап  Жұбанов университетінде  Адалдық дүкенінің қызметі жүзеге асуда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Ізгілік Елшісі» — «Акселератор добра» жобасы қолға алынды. Бұл студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба.  Жастар арасында еріктілер қозғалысын дамытып, оларды қайырымдылық іс-әрекеттерге кеңінен тартудың маңызы зор.

Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылының басында «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобасы аясында Ақтөбе облысы бойынша ең алғаш рет Жұбанов университетінде «Парасаттылық мектебі» ашылды. Соның нәтижесінде оқу жылында 55 тыңдаушыға сертификат табысталды. Мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Әділет. Парасаттылық. Сенім» Халықаралық форумы кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлерімен университеттің профессор-оқытушылық құрамы бірлесе жазған «Парасаттылық негіздері» оқу құралы жарық көрді.

Конференция  барысында  университет ректоры тәрбиенің, мәдениеттің, қоғамға қызмет етудің және әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі рөлі туралы сөз қозғады. Өз кезегінде оқу орнының басшысы университеттегі «Мансап мектебі» мен «Парасаттылық мектебінің» дамуына тоқталды.

— Республикамызда алғаш рет «Мансап» мемлекеттік қызмет студенттік мектебін 4 жыл ішінде 100-ден астам студент бітіріп, бүгінгі күні олар мемлекеттік қызметтің түрлі саласында жұмыс жасап жатыр.

Оқу процесін ұйымдастыру департаменті мен Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті жанынан штаб құрылды. Құрамына кірген Жастар ісі жөніндегі комитет, Студенттік парламент, «Парасаттылық мектебі», «Саналы ұрпақ» клубының белсенділері бірлесіп,  қашықтан оқытуда кездесетін мәселелерді анықтап, тез арада шешілуіне ықпал жасап отырды. Студенттер арасында парасаттылық қағидаларын қалыптастыратын онлайн кездесулермен бірге аралық бақылау және қорытынды аттестаттау бағытында парасаттылық қағидаларын ұстану бойынша сауалнама, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Цифрландыру процесіне «IT-волонтер»  клубы зор үлесін қосып, ютуб желісіне «IT-волонтер» каналының тұрақты жұмысы жолға қойылды.

 «ProActive» академиясы «ProActiveTime.» жобасын онлайн және офлайн форматында студенттік топ басшыларымен (староста) өзекті мәселелерді анықтап, студенттік өзін-өзі басқарудағы топ басшының рөлін жетілдіру, парасаттылық қағидаларын ұстану, студенттердің бойындағы өмірлік маңызы бар дағдыларын шыңдау бойынша тренингтер ұйымдастыруда, — деді ол.

Сөз соңында университет басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында оқу ордасында бірақатар шараларды жүзеге асыру  жалғасатындығын алға тартты.