Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Абай > Абай мұрасын кеңінен насихаттау – игілікті іс

Абай мұрасын кеңінен насихаттау – игілікті іс

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» дей келе, «биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады» деп айрықша атап өтті.  Осы ойды қуаттай отырып  Жұбанов университетінің  «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы Абай поэзиясы бойынша инста-байқау жариялаған болатын.

Екі ай көлемінде ұйымдастырылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» тақырыбындағы байқауға  еліміздің әр өңірлерінен 16-30 жас аралығындағы өлеңсүйер қауым қатысты.

Аталмыш байқау Абай шығармаларын жұршылыққа таныту, насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа ықыласын арттыру мақсатында  өткізілді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу. Себебі Абайдың ой-тұжырымдары әлі күнге өзектілігін жойған емес. Абай шығармашылығы – адамзатқа арналған рухани азық. Сол себепті байқауды ұйымдастырудағы мақсат, Президент айтқандай, «Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алу».

Іс-шараның басты міндеттері — жастардың санасында Абаймен насихатталатын жоғары адамгершілік құндылықтарды нығайту. Байқау аясында студенттер философиялық ой толғауын поэзиямен біріктіре отырып, Абайдың әндері мен өлеңдерін орындады.

Биыл қазақтың ұлы ақыны, философ, гуманист және қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Көрнекті ақын-ағартушының бейнесі тек әдебиет саласында ғана емес, музыка және бейнелеу өнерінде де сақталған. Бұл мұра жастарды қазақ халқының рухани құндылықтарымен таныстыруда маңызды рөл атқарды.

Қатысушыларға ақын, «Ақтөбе» газетінің  бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев,  ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы  Бауыржан Бабажанұлы,  университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі  Абат Пангереев,  ғылым және инновация департаментінің басшысы Берікхан Иісбек және университеттің  бас ғылыми хатшысы Мира Балтымова төрелік етті.

Қазылар алқасы қатысушыларды бағалауда қазақша сауатты сөйлеуін, ойын жүйелі жеткізе білуін және Абай өмірі мен шығармашылығы бойынша білім деңгейін басты назарға алды.

Сайыс соңында қазылар алқасының төрағасы Рахым Бекназаров қарашаңырақта осындай өнегелі шара өз жалғасын тауып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тілді еркін игерген бүгінгі жастар – ертеңгі білікті маман, тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашағы екендігін айтты. Сондай-ақ ол байқау жеңімпаздарын атап өтті.

Бірінші орын және 50 000 теңге   Гүлбибі Сейдәліге (Қызылорда қаласы) бұйырды. Екінші орын және  25 000 теңге Назгүл Сембаева (Семей қаласы) мен Айым Қаршығаға (Қостанай облысы, Амангелді ауданы) берілсе, үшінші орын және 10 000 теңгені  Аида Сакенова (Қарағанды қаласы), Бауыржан Жақсылықов (Ақтөбе қаласы),  Айдана Ақсейілова (Ақтөбе қаласы)  еншіледі.

Ал, «Көрермен көзайымы» номинациясында инстаграм желісінде ең көп лүпіл жинаған Ақтөбе қаласының тұрғыны Мейрамгүл Маратбекқызына 10 000 теңге ақшалай сыйлық  бұйырды. Сондай-ақ, байқауда белсенділік танытып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсеткен жастарға университет ректоры,  көрнекті абайтанушы ғалым Бауыржан Ердембековтің  «Абайтану» кітабы сыйға берілді.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» поэзия инста-байқауы қатысушы жастарға жалпыадамзаттық құндылықтардың маңыздылығын көрсетті.