Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұстазын ұлықтауды ұмытпаған ұжым

Ұстазын ұлықтауды ұмытпаған ұжым

Жұбанов университетінің басшылығы ардагер ұстаз Жәния Нұржанқызын 90  жылдық мерейтойымен құттықтады.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков мерейтой иесіне ыстық ықыласын жеткізе келіп, ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Ғылыми кеңестің шешімімен «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Кездесуде Жәния Нұржанқызының еңбекқорлығы мен кәсiбилiкке жұмсалған еңбегi айтылды. Өз кезегінде университеттің әлеуметтік жəне тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев,  филология факультетінің деканы Күлзат Садирова және кәсіподақ комитетінің төрайымы Ольга Сұлтанғалиевалар  жылы лебіздерін арнап, құттықтауларын жеткізді.

Кездесу соңында марапатқа бөленген  мерейтой иесі де университет басшылығына көрсеткен қолдауы мен зор құрметі үшін өз ризашылығын білдірді.

Ғибратты ғұмыры ұрпаққа өнеге болған Жәния Нұржанқызының білімді және рухани жағынан бай ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі зор.

Жәния Нұржанқызы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Жұбанов университетінде бірнеше жылдар бойы абыройлы қызмет етті. Қазақ тілін үйрету бойынша  бірнеше әдістемелік нұсқаулар мен  300-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.