Четверг, Март 28, 2024
Басты > Абай > Абайтану және ұлттық руханият

Абайтану және ұлттық руханият

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Қазақ сөзінің ажырамас ұғымына айналған Абай өмірі, Абай сөзі, Абай даналығы өз заманының, өз кезеңінің темірқазығы болды.

Абай шығармашылығын жұртшылыққа насихаттау, Абай ілімі арқылы жастарға тәрбие беру, қазіргі іргелі абайтанушы ғалымдардың озық ойларын ортаға салу, пікір алмасу мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және ұлттық руханият» тақырыбында республикалық онлайн конференция өтті. Университеттің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан, Ақтау қалаларының оқытушы-ғалымдары қатысты. Бұл шара қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абайдың рухына тағзым етуге, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ұлы Абай мұрасының руханиятымыздағы құндылығы, бүгінгі ұрпақтың тәлім-тәрбиесіндегі маңызы, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі, абайтанудағы жаңаша ғылыми зерттеулердің өзектілігі мақсаттарын көздеді.

Ғылыми жиынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаров алғысөзімен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Университет проректоры құттықтау сөзінде ұлы ойшыл, философ шығармашылығын насихаттау өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті. Көрнекті абайтанушы, профессор Бауыржан Ердембеков «Абайтанудың көкейкесті мәселелері» тақырыбындағы баяндамасымен конференция жұмысын ашып берді.

– Құрметті әріптестер, құрметті абайтанушы ғалымдар! Елімізде бүгінгі күні пандемияға байланысты конференциялар мен дөңгелек үстелдердің барлығы онлайн форматта өткізіліп жатыр. Осы ретте 85 жылдық тарихы бар Жұбанов университетінің ұжымы да ұлы ақынның 175 жылдығына орай «Абай және ұлттық руханият» тақырыбында конференция ұйымдастырып отыр, – деді. Абай танушы ғалым өз сөзінде мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына арқау болған ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайдың құнды ойлары ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпай, ол ой-тұжырымдар мен ақыл-кеңестері бүгінгі қоғамға да рухани азық екенін жеткізді. Сондай-ақ, Абайдың «толық адам» концепциясын басты назарға алып, әлеуеттің әрбір саласына қолдануымыз керек екенін ерекше атап өтті.

Абайтанушы ғалымның сөзіне сүйенсек, Абай мұрасы қанша уақыт, ғасыр өтсе де өз өміршеңдігін жоймағынын, керісінше өзектілігі артып, ақынның ой-тұжырымдары баршамызға рухани азық болып, ұлтымызды жаңғырту ісінде тағылымы зор мұра болып отыр. Бала бақшадан бастап, мектеп, қазіргі қоғамда Абай мұрасын кеңінен насихаттау қажеттігі мен ондағы негізгі ойларға жүгіне отырып, оны тереңнен тану арқылы ұрпақтың жүрегіне Абайдың өсиетін сіңіру керектігіне назар аудартты. Тікелей видео байланыс форматында өткен конференцияда танымал филологтар, тарихшылар, ғалымдар, зерттеушілердің ғылыми баяндамалары тыңдалды.

Конференцияға қатысушы ғалымдардың арасында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, көрнекті абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абайдың толық адам ілімі» туралы айтып берді. Белгілі абайтанушы ғалым Абай шығармашылығындағы «толық адам» ұғымына жан-жақты тоқталды. – Ұлы Абайдың шығармалары арқылы адамзаттық құндылықтар мен адам бойына ізгілікті сіңіріп, адамдық жолына нұсқап, «толық адам» болу идеясын алға тартқан ұлы тұлғаның шығармашылығына тереңнен үңіліп, тәлімін алып, оны кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық парызымыз. Ал ұлттың бойына ұлылылқты сіңіргісі келген тұлғаны ұлықтау – ұрпақ парызы болуға тиіс. Абайдың ілімі жанды тазалайды, арды да тазалайды деп қосар едік. Ілім мен білімді меңгерген, арлы да адамдық қасиет бойына дарыған, ізгілік нұрын сепкен адам «толық адам» санатында болмақ.

«Абай сөзі ұрпақтың бағаты алатын темірқазығына айналу қажет» деген Мемлекет басшысының сөзін келтірген ғалым «адамзаттың Абайды тану – адамды тану, өзіңді тану. Абайды ұлықтау – оның ойларын ұлықтау. Дана адайдың даралығы да – терең ойларында. Ол ой ақынның ұрпаққа қалдырған мол мұрасында», – деп ой қорытты. Конференцияға қатысқан ғалымдар өздерінің мазмұнды баяндамаларын жасап, ұлы ақын Абайдың өмірі мен шығармашылығына туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Абай және ұлт мәселесі туралы баяндап берді.

— Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтиды. Сондықтан ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып ұтымды пайдалану қажет, себебі ақын көтерген мәселелер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деп Абай әрбір қазақ баласын өз елінің парасатты және ұлтжанды азаматы болуға шақырды. Абай ілімі арқылы интеллектуалды ұлт болуға шақырады. Абай – ойшыл. Абайды ақын деп қарауға болмайды. Біз жастардың тәрбиесін, ұлтты Абайша сүюден, елдікті, мемлекетті қадірлеуден бастауымыз керек. Абайдың мұралары арқылы өскелең ұрпақ бойына адамгершіліктің, адалдықтың, еңбекқорлықтың, парасаттылықтың дәнін егу керекпіз, — деді ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Абай поэзиясының орта түркілік әдебиетпен сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасап, Абай шығармашылығына әсер еткен түркілік өркениет туралы айтты. Хәкімнің шығармашылығын Алтын орда дәуірі мұраларымен байланыстыра зерттеу, оның тақырыптық, идеялық үндестігін, тілдік деректерді терең талдау қажеттігі жайлы пікірлерімен бөлісті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану кафедрасының профессоры Шәкір Ибраев «Абай поэзиясының әлеуметтік парадигмасы» тақырыбындағы баяндамасын ортаға салды.

– Батыс Еуропа әдебиеттану ғылымының сонғы жылдардағы бет бұрған мәселелерінің бірі – әлеуметтік парадигманың методологиясы. Постструхтуралистік теориядан кейін әдебиеттің әлеуметтік сипатын және қызметін басты орынға қоятын бұл тұғырнаманың мақсаты қоғамдық үрдістердің әдебиетпен байланысын бірлікте қарастыру. Абай поэзиясының өміршеңдігі мен актуалдылығы оның көркемдік мінсіздігінде ғана емес, әлеуметтік терең мәні мен астарында жатыр. Ақын шығармаларының әлеуметтік парадигмасы адам мен социумның арақатысын жаңаша пайымдауға шақыратыны сөзсіз, – деді Ш.Ибраев.

Өз кезегінде Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессор Берік Рахымов Ұлы даланың кемеңгерлері әл-Фараби мен Абайдың мұраларындағы бақытқа жету мәселесін ашты. Баяндамасында ұлттық мәдениетті қалыптастыру әл-Фараби ұлағаты және Абай тағылымдарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес екендігіне баса назар аудартты. Ғалым өз ойын кемеңгер әл-Фарабидің «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш. Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту», – деген даналық сөздерімен қорытты.

Үш сағатқа вебинар соңында мазмұнды ойлар ортаға тасталынып, алдағы жоспар талқыланды. Үстіміздегі жылы 175 жылдық мерейтойы болғалы отырған Абай Құнанбайұлына арналға республикалық онлайн конференцияның бергенінен берері мол болды. Айта кетейік, 2019 жылғы 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Биылғы жылдың 21 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар бастау алды.

 

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті

https://bilimdinews.kz/?p=106653