Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Репрессия құрбандарын еске алу — тарихтан сабақ алу

Репрессия құрбандарын еске алу — тарихтан сабақ алу

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Жұбанов университетінің «Тарих және дінтану» кафедрасы «ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы ашаршылық және қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» тақырыбында республикалық деңгейде онлайн дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел ХХ ғасырда Қазақстанда болған ашаршылық нәубеті мен қуғын-сүргін қасіретінің еске алу, кеңестік жүйе саясатының құрбандарынына тағзым ету  мақсатын көздеді. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.

Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Ғылыми шараны Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров  кіріспе сөзімен ашып, бұл күннің Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие екендігіне тоқталды.

Тағылымды іс-шараға ғалымдар мен тарихшылар ат салысып, өткен тарих қасіретінін сабақ алу қажеттілігі туралы қашықтан әңгімеледі.  Шара барысында спикерлер ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қазақ халқына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірудегі рөліне тоқталды.

Онлайн-отырыста Абай атындағы  ҚазҰПУ-нің профессоры  Мәмбет Қойгелдиев, ҚазҰАУ-нің профессоры  Ханкелді  Әбжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры  Светлана Смағұлова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің доценті Құралай Сәрсембина, «Тарих және дінтану» кафедрасының профессоры Ұзақбай Исмағұлов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев және  басқа да ғалымдар өз зерттеу тақырыптары бойынша түйіткілді мәселелерін ортаға салды. Спикерлер кешегі қилы заманда жер ауып келген талай ұлт пен ұлыс баласының қазақ халқының бауырмалдығының арқасында бүгінгі күнге аман-есен жетіп, өсіп-өркендеп отырғанынан әңгіме қозғады.

Әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанның осындай деңгейге жетуіне  ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерінің сіңірген еңбектері зор. Алдағы уақытта жастар ұлы тұлғаларымыз аманат етіп қалдырған рухани, мәдени құндылықтардың жойылмауына өз үлестерін қосатыны анық.