Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Заман талабымен үндескен оқу орны

Заман талабымен үндескен оқу орны

Жұбанов университеті – кешегі қазақ зиялыларының алтын ұясы болған Батыс Қазақстандағы ғылым мен білімнің бірегей қара шаңырағы. Жұбанов университетінен түлеп ұшқан талантты жастар еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүр. Білім ордасы мемлекетімізбен бірге жетіліп, өркендеп, жылдан-жылға өрістей даму үстінде. Бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара шаңырақтың 85 жылдық мерей тойымен құттықтаймыз!

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековтың бастамасымен 2018 жылы 1 маусымда сатылы білім жүйесін іске асыру мақсатында Университеттің құрылымы ретінде «Жоғары колледжі» ашылды. Биыл осы арнаулы оқу орнының екі жылдық мерей тойы! Білім ордасы қазақстандық білім берудің қазіргі тенденциялары мен дәстүрлерін негізге ала отырып, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті және кәсіби, шығармашылық әлеуеті жоғары нағыз мамандарды дайындайды. Жоғары колледж заманға сай әрекет етіп келеді, сондықтан барлық жұмыс «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын есепке ала отырып жүргізілуде.

Жаңа уақыт, Қазақстандық білім беру жүйесіне қойылған жаңа талаптар бізді абдыратқан жоқ, себебі біз білім беру қызметінің анағұрлым жоғары сатысына көшуіне дайынбыз. Педагогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебі және Ақтөбе облысы білім басқарамасы арасында Меморандумға қол қойылды. Колледж жаңа оқу жылынан бастап «бакалавр» біліктілігі бойынша мамандар дайындау дайындығына көшеді. Колледждің өзіне тән бір ерекшелігі бар: оқытушылардың төрттен бір бөлігі университеттің магистранттары. Бұлар жаңа әдіс-тәсілдерді, технологияларды меңгере отырып, тәжірибе жинақтайтын, білімдерін үнемі жетілдіруден жалықпайтын өз істеріне берілген оқытушылар.

Колледж ұстаздары мен студенттері екі жыл ішінде халықаралық, республикалық және облыстық кәсіби шеберлік сайыстары, олимпиадаларының бірнеше дүркін жеңімпаздары болып табылды. Колледждің ақпараттық кеңістігі де қарқынды дамып келеді, студенттер үшін оқу кабинеттері қазіргі компьютерлік техникалармен жабдықталған. Оқу орнымыз мықты елдің кадрлық әлеуеті сенімді болуы тиіс деген көзқарасты негізге ала отырып, болашаққа нық сеніммен қарайды. Жоғары колледжіміздің алғашқы түлектері ұшқалы отыр. Уақыт зымырап өтеді, ұрпақтар үздіксіз ауысады. Дегенмен, бір-ақ нәрсе өзгеріссіз қала бермек, ол – колледж.

Колледжде «техникалық және кәсіптік білім мамандарын даярлау» 22 мамандық бойынша жеті жүзге жуық білім алушы бар. Университетте «Жұбанов жылуы» акциясы аясында білім гранттарын ұсыну дәстүрлі жолға қойылған. Колледжіміздің намысын қорғап, мерейін өсіріп жүрген талантты, білімді студенттерімізге 2019-2020 оқу жылына білім гранттары табысталды. Сонымен қатар, қайырымдылық жасау игі іс. Еліміздің өркендеуі жолында білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, жастарға жасалған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық.

Олай болса, ел тірегі, ертеңіміздің кепілі болатын жас ұрпаққа қолдау көрсетіп, сенім мен адалдықтың нұрын ұялатып, қолда бар нәрсені бөлісіп, жастардың білім алуына қолдау көрсетіп отырған әлеуметтік топтың ірі өкілдері 22 студентке меценат гранттарын тағайындады. Колледж туы әрдайым биікте желбірей бергей! Қазіргі білім берудің маңызды міндеттері келешек ұрпақтың білімді меңгере отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарын танып-біліп, ішкі жан-дүниесіне әсер ету арқылы жастардың өзін-өзі дамытуына жол көрсету.

Білекке емес, білімге сенетін заманда, заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда болады. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуіміз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Тағы екі жылды артта қалдырып, тарих еншісіне тапсырдық. Өткен жыл колледжіміз үшін жетістіктерге толы болды десек артық айтқанымыз емес. Ендеше жастар білім жолына түскенде ғана қоғамын өрге бастырады. Ол үшін сапалы білім мен ұлы мұрат жолында жалынды еңбек ететін білім ордасын таңдауы тиіс. Жоғары колледж әрқашан сапалы білім беруге дайын. Өзінің қалаған мамандығын терең ұғып үйренуге талпынған жас жеткіншектер үшін біздің оқу орнымыз таптырмас мүмкіндік. Жоғары колледжде оқу – артықшылық, еңбек ету – абырой!

 

Гүлжан ҮЙСІНБАЕВА, 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік
университеті жоғары колледжінің директоры

 

https://bilimdinews.kz/?p=106877