Среда, Июль 8, 2020
Басты > Жаңалықтар > Қара шаңырақтың түлегі екенімді мақтан тұтамын…

Қара шаңырақтың түлегі екенімді мақтан тұтамын…

Құрметті Бауыржан Амангелдіұлы!

Сізді және Сіз басқарып отырған ұжымды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылғанына 85 жыл толу мерейтойымен құттықтаймын!

Батыс Қазақстандағы көп салалы іргелі жоғары оқу орны заман талабына сай бәсекеге қабілетті, мықты мамандар дайындап келеді. Студенттерге дәйекті білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған қара шаңырақ еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі болып саналады.

Қазақ мемлекетінің тілі, мәдениеті, философиясы үшін қыруар іс тындырған ғалымның атындағы оқу орны қазір атына заты сай даму үстінде. Сіздің басшылығыңызбен университтегі әр жыл жаңғыру жылы, сапа жылы, ғылым мен инновация жылы ретінде жоспарланған. Мұнда тек маман дайындаумен ғана шектелмей, толық адам қалыптастыруға, тәрбиеге аса мән беріледі. Бас ғимараттың маңдайшасындағы «Тәрбиесіз берілген білім, ол – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидың мағыналы сөзі осыған дәлел.

Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасы Н.Назарбаев Ақтөбе қаласына іссапармен келіп, университетте болған кезінде оқу орнының аты мақтаныш етуге лайық екенін айтқан болатын. Мен де осы қара шаңырақтың түлегі екенімді мақтан тұтамын. Өмірден өз орнымды таба білуге жол көрсеткен ұстаздарыма алғысым шексіз!

Бауыржан Амангелдіұлы! Өзіңіз атап өткендей, жақсы маман мен саналы студент – бұл университтетің қос қанаты. Қанаты қарымдылар ғана алысқа самғай түспек. Ендеше облыс жұртшылығының рухани даму орталығына айналған білім ордасынан ел тұтқасын ұстар жастарымыз білім мен тәрбие алып, мықты көшбacшылaр даярлана берсін! Киелі шаңырақтың мәртебесі өсіп, алар асуларыңыз биік болсын!


Құрметпен,

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Ербол Данағұлов.