Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Аймақтағы іргелі оқу орнына — 85 жыл

Аймақтағы іргелі оқу орнына — 85 жыл

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне —  85 жыл. Сексен бес жыл  – тарих, тарих – өткеннің куәсі, болашақтың асыл қазынасы.

Университет осы аралықта оқу-ағарту саласының даму кезеңдерін бастан өткерді.  Өңіріміз  үшін қажетті  кадрлар  легін даярлады, «Жұбановтану» ғылыми зертханасы құрылып, ғылыми мектеп қалыптасты. Бүгінде профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімін иеленген қасиетті қара шаңырақ еліміздегі ең беделді, білім кеңістігінде ойып тұрып орнын айқындаған іргелі оқу орнына айналды.

 

Құрметті Бауыржан Амангелдіұлы!

Сізді және Сіз басқарып отырған ұжымды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылғанына 85 жыл толу мерейтойымен құттықтаймын!

Қазақ мемлекетінің тілі, мәдениеті, философиясы үшін қыруар іс тындырған ғалымның атындағы оқу орны қазір атына заты сай даму үстінде. Сіздің басшылығыңызбен университтегі әр жыл жаңғыру жылы, сапа жылы, ғылым мен инновация жылы ретінде жоспарланған. Мұнда тек маман дайындаумен ғана  шектелмей, толық адам қалыптастыруға, тәрбиеге аса мән беріледі. Бас ғимараттың маңдайшасындағы «Тәрбиесіз берілген білім, ол – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидың мағыналы сөзі осыған дәлел.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласына іссапармен келіп, университетте болған кезінде  оқу орнының атының өзі  мақтаныш етуге лайық екенін айтқан болатын. Мен де осы қара шаңырақтың түлегі екенімді мақтан тұтамын. Өмірден өз орнымды таба білуге жол көрсеткен ұстаздарыма алғысым шексіз!

Бауыржан Амангелдіұлы! Өзіңіз атап өткендей, жақсы маман мен саналы студент – бұл университтетің қос қанаты. Қанаты қарымдылар ғана алысқа самғай түспек. Ендеше облыс жұртшылығының рухани даму орталығына айналған білім ордасынан ел тұтқасын ұстар жастар, кәсіби білікті мамандар  шыға берсін тілейміз! Киелі шаңырақтың мәртебесі өсіп, алар асуларыңыз биік болсын деген шәкірттік лебізімді білдіремін!

 

Ыстық ықыласпен,

«Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері кәсіптік
одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы

Серікова Раушан Серікқызы.