Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Атымтай жомарттарға құрмет

Атымтай жомарттарға құрмет

Қазақта ар жағы аңыздан басталатын Атымтай Жомарттан бастап, берісі Мекке мен Мәдинаға қазақтар үшін қонақ үй салдырған арғын Құнанбай мен керей Аңдамас бай, Жетісуда қазақтың қаракөз бүлдіршіндерін оқыту үшін мектеп салдырған Маман бай сияқты, Ақтөбе өңірінде де ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, қайырымдылық жасап жүрген атымтай жомарттар аз емес.

Мейірімі мен жанашырлығы үйлескен жанашыр азаматтардың көптігі қуантады. Қоғамға өз пайдасын тигізіп, үлгі болар ісімен алғыс арқалаған жомарт жандардың  игі істерін  жұртшылыққа насихаттау мақсатында Жұбанов университетінде «Құрмет тақтасы» ашылды.

Аталған оқу ордасының эндаумент қоры, материалдық-теxникалық базаны дамыту және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін студент-жастар жанашырлары Жұбанов университетінің 1993, 1996, 1999, 2019 жылғы филология факультетінің түлектері мен  «Пауэр Альянс» ЖШС Бас менеджері Арынғазы Беркімбаев, «Тілеу батыр» мейірімділік қорының директоры Қанатбай Елеусізұлы, «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай, кәсіпкер, еңбек ардагері Бақыткерей Адманов, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, Алмат атындағы мейірімділік қорының төрағасы Роман Рахиев, «Бәубек баба» қоғамдық қорының төрағасы Ақылбек Дадин, Ақтөбе облыстық кикбоксинг федерациясының президенті Саламат Қапин, Шілікті ауылы әкімі Құрышбек Қазбеков, Байқоңыр сот-сараптама орталығының жетекшісі  Мағауия Бөкешов, Жұбанов университетінің доценті Гүлім Елеусінова, ЮСИМАС Халықаралық ментальды арифметика академиясының Ақтөбе қалалық филиалының директоры Алмагүл Исабаева, «Теңізшевройл» ЖШС инженер-механигі Олжас Баянов, «ОМАС интегрейтед» ЖШС директоры Жалғас Сагинов, «Atameken Business Mediа holding» ЖШС маркетологы Алмагүл Сейтенованың есімдері құрмет тақтасына ілінді.

Жоғарыда аталған демеушілердің көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылдыБұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Амантай Өтегенов, Серік Бермағанбет  сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр.  Сондай-ақ, университетте  демеушілердің қолдауымен 44 миллион теңгеге 150 студент білім алып, арнайы шәкіртақылар тағайындалды.

Туған жеріне демеушілік жасайтын, азаматтық ұстанымы берік азаматтарымыз көбейе берсін!