Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Игі істері көпке үлгі

Игі істері көпке үлгі

Қазақта ар жағы аңыздан басталатын Атымтай Жомарттан бастап, берісі Мекке мен Мәдинаға қазақтар үшін қонақ үй салдырған арғын Құнанбай мен керей Аңдамас бай, Жетісуда қазақтың қаракөз бүлдіршіндерін оқыту үшін мектеп салдырған Маман бай сияқты, Ақтөбе өңірінде де ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, қайырымдылық жасап жүрген атымтай жомарттар аз емес.

Қазақта «жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын» деген әдемі сөз бар… Әдетте, бұл сөз жақсы адамның игі істерін мадақтап, оған деген ел-жұрт­тың құрметін арттыру мақса­тында айтылатын болса керек. Дегенмен, қазіргі кезде қазақ­тың бұл әдемі сөзін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне білген, бұқараның әл-ауқа­тын арттырып, білім алуына, түрлі си­паттағы тұрмыстық мәселе­лерін шешуге мүмкіндік жасап жатқан азаматтарға қарата да айтуға болатын сияқты. Мейірімі мен жанашырлығы үйлескен жанашыр азаматтардың көптігі қуантады.

Қоғамға өз пайдасын тигізіп, үлгі болар ісімен алғыс арқалаған жомарт жандардың  игі істерін  жұртшылыққа насихаттау мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде құрмет тақтасы ашылды. Игі істерімен көзге түсіп жүрген демеушілердің бірі де, бірегейі «Пауэр Альянс» ЖШС Бас менеджері Арынғазы Беркімбаев, «Тілеу батыр» мейірімділік қорының директоры Қанатбай Елеусізұлы, «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай, кәсіпкер, еңбек ардагері Бақыткерей Адманов, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, Алмат атындағы мейірімділік қорының төрағасы Роман Рахиев, «Бәубек баба» қоғамдық қорының төрағасы Ақылбек Дадин, Ақтөбе облыстық кикбоксинг федерациясының президенті Саламат Қапин, Шілікті ауылы әкімі Құрышбек Қазбеков, Байқоңыр сот-сараптама орталығының жетекшісі  Мағауия Бөкешов, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің доценті Гүлім Елеусінова, ЮСИМАС Халықаралық ментальды арифметика академиясының Ақтөбе қалалық филиалының директоры Алмагүл Исабаева, «Теңізшевройл» ЖШС инженер-механигі Олжас Баянов, «ОМАС интегрейтед» ЖШС директоры Жалғас Сагинов, «Atameken Business Mediа holding» ЖШС маркетологы Алмагүл Сейтенованың есімдері құрмет тақтасына ілінді.

Аталған оқу ордасының эндаумент қоры, материалдық-теxникалық базаны дамыту және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуде Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің 1993, 1996, 1999, 2019 жылғы филология факультетінің түлектері де өз үлестерін қосуда. Жоғарыда аталған демеушілердің көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық технологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды. Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Амантай Өтегенов сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр.

Сондай-ақ, университетте  демеушілердің қолдауымен 150 студент білім алып, оларға арнайы шәкіртақылар тағайындалды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  атқары­лып жатқан игі істерге куә болған соң, жомарт жандардың  игі істерін  насихаттауды жөн көрдік. Сөздің ба­сын «жақсының жақ­сылығын айт…» деп бас­тауымыздың себебі де осы.

 

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің Медиа орталығы

 

https://bilimdinews.kz/?p=108071