Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Абай > Тұлғаны тану

Тұлғаны тану

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай және ұлттық руханият» тақырыбында республикалық онлайн-конференция өтті.

Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан белгілі филологтар, абайтанушы ғалымдар мен оқытушылар қатысты.

Шараның мақсаты —  Абайдың рухына тағзым ету, ұлы ақын шығармаларының руханиятымыздағы құндылығын, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлін, жаңаша ғылыми зерттеулердің өзектілігін насихаттау.

Онлайн-конференцияны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рақым Бекназаров ашып, ұлы ақын шығармашылығын насихаттаудың өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.

Бұдан кейін абайтанушы ғалым, профессор Бауыржан Ердембеков «Абайтанудың көкейкесті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

— Елімізде бүгінгі күні пандемияға байланысты конференциялар мен дөңгелек үстелдер онлайн форматта өткізіліп жатыр. Осы ретте 85 жылдық тарихы бар университетіміздің ұжымы да ұлы ақынның 175 жылдығына орай «Абай және ұлттық руханият» тақырыбында конференция ұйымдастырып отыр, — деді ол.

Университет ректоры өз сөзінде биылғы мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы зор екенін, Абайдың құнды ойлары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, қазіргі қоғамға да рухани азық болатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Абайдың «толық адам» концепциясын басты назарға алу керектігін атап өтті.

Конференция барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің профессоры, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайдың «толық адам» ілімі туралы айтып берді.

— Адамдық жолына нұсқап, «толық адам» болу идеясын алға тартқан ұлы тұлғаның шығармашылығына тереңнен үңіліп, тәлімін алып, оны кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру — ортақ парызымыз. Ал ұлттың бойына ұлылықты сіңіргісі келген тұлғаны ұлықтау — ұрпақ парызы. Абайдың ілімі жанды тазалайды. Сондықтан Абайды тану — адамды тану, өзіңді тану. Абайды ұлықтау — оның ойларын ұлықтау, — деді М.Мырзахметов.

Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтитынын, сондықтан ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану қажет екенін жеткізді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевтің «Абай танымындағы табиғат және адам концепциясы» тақырыбындағы баяндамасы көпшілік назарына ұсынылды. Абайтанушы ғалым өз зерттеуінде адам мен табиғат арасындағы гармонияны ашып көрсетті.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Абай поэзиясының орта түркілік әдебиетпен сабақтастығы» тақырыбында баяндама

жасап, Абай шығармашылығына әсер еткен түркілік өркениет туралы айтып берді. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркітану кафедрасының профессоры Шәкір Ибраев «Абай поэзиясының әлеуметтік парадигмасы» тақырыбында баяндама жасаса, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Берік Рахымов ұлы даланың кемеңгерлері — Әл-Фараби мен Абайдың мұраларындағы бақытқа жету мәселесіне тоқталды.

Онлайн-конференция соңында филологтар мен ғалымдар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

 

 С.БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

 университетінің медиа-орталығының маманы.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=88266