Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Болашақ» бағдарламасы: бақтан бұрын бап керек

«Болашақ» бағдарламасы: бақтан бұрын бап керек

«Біздің «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысын бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына жібердік. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды.

Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр».

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасының іске асырылғанына осы күзде 27 жыл толады. Қазақстанның білім беру саласындағы бірегей брендке айналған жобаның арқасында бүгінге дейін 10 мыңнан астам жас шетелде оқып келді. Жыл өткен сайын бұл қатардағы жігіттер мен қыздардың саны артып отыр… Яғни мемлекеттік қолдау зор.

Осы орайда біз жас талаптардың, білімін әрі қарай шыңдауға ниетті түлектердің оқуға тапсыратын шағында «Болашақ» стипендиясының жай-жапсары мен соның игілігін көрген ақтөбелік жастың оқиғасына, сондай-ақ биылғы өзгерістерге тоқталуды ұйғардық.

Әлқисса…

Жарқын болашақ жолында…

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 Қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясы бүгінге дейін дамудың бірнеше сатысынан өтті. Айталық, 1994-2004 жылдары жобаның шарапатын 785 қазақстандық жас көріп, 13 елде білім алуға мүмкіндік алса, одан кейінгі жылдары стипендия саны 3 мыңға дейін өсті. Бұл — жыл сайын берілетін гранттың саны. Одан соң экономиканың индустриялық-инновациялық дамуына ерекше назар аударылып, артынша стипендиаттарды оқыту мен түлектерді  жұмысқа орналастыру жайын реттейтін бағдарламаның бірыңғай әкімшісі — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құрылды. Ал 2008 жылдан бастап ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, педагог мамандарға жеңілдіктер енгізілді. Сол арқылы жас ғалым мен мұғалімдерге 12 айға дейін шетелде ғылыми тағылымдамадан өту қарастырылды. Араға 3  жыл салып, мұндай мүмкіндік медицина және техника салаларының қызметкерлеріне бұйырды. Осыдан 6 жыл бұрын «Болашақпен» журналистер де шетелде білім алуға қол жеткізді. Сонымен қатар, әрине, бағдарлама талаптары, соның ішінде ағылшын тілін меңгеру деңгейі, болашақ кадрларды іріктеудегі ережелер де айтарлықтай күшейтілді…

Жалпы, бірегей бағдарламаның мақсаты — ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандарды даярлау. «Болашақ» академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.

Болашақтықтардың бастамасы бойынша «Қазақстан-2050», «Болашақ» қауымдастығы, «ҚазАльянс» сияқты қоғамдық Һәм студенттік қозғалыстар құрылды.

Германияда оқыған ақтөбелік жігіт

34 жастағы Айбек Баймұратұлы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мұнай-газ ісі мамандығының түлегі. Студент кезінде-ақ шаһардағы зауыттардың біріне жұмысшы-оператор болып қызметке орналасқан ол еңбегі мен іскерлігінің нәтижесінде ауысым басшысы, бас технологтың орынбасары, инженер-құрастырушы, техникалық директорлыққа дейін көтерілген. Кейіпкеріміз қазір «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» ЖШС-да бөлім басшысы болып қызмет атқарады.

— 2014 жылы жұмыс орнымызға облыстық әкімшілік пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан ұсыныс хат келді. Онда инженер мамандарға «Болашақ» бағдарламасымен Германия мемлекетінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік бары, егер бұл қызықтырса, жоғарыда аталған ресми органдарға хабарласу керектігі егжей-тегжейлі жазылыпты. Содан бұл мүмкіндік маған бұйырды. Сол жылы осындағы мен сияқты мамандар болып, жаппай тест тапсырдық. Сыннан мүдірмей өткен 3 адам жолдамаға ие болды.

2015 жылдың наурыз айында «Болашақтың» 1200 еуро көлеміндегі бір реттік шәкіртақысын алып, өзім жұмыс істейтін өндіріс орнының қолдауымен Германияның Берлин қаласына аттандық. Ондағы мақсат — 1 айлық курс аясында біліктілігімізді көтеру.

Мені аталған мемлекетте ерекше қызықтырғаны, барлығы автоматтандырылған екен. Қолмен жасалатын жұмыстар жоқтың қасы. Көбінесе адамдардың орнына роботтар «жұмыс істейді»… Қызметкерлер біздегідей көп емес, бірақ шаруасына мығым. Айталық, әрқайсысының өзіне бекітілген жұмысы бар, ол адам басқа ештеңеге араласпайды. «Өзіңнің жұмысыңды бітірсең, маған көмектесіп жіберші» деген атымен жоқ. Сосын біздегідей жұмысшыларды қадағалап отыратын ешкімді байқамадым. Әр маман таңертең тапсырмасын алады, соны күн ұзағына бітіргенше асығады. Жалақысы да жақсы. Салыстырмалы түрде алсақ, еңбекақысы бізден 4-5 есе жоғары, —деген Айбек сапардан алған әсерін сөзбен жеткізу қиын екенін, Германияны шынымен өркениетті елдердің ішіндегі мықтысы ретінде мойындауға болатынын тілге тиек етті. Айтпақшы, курс аяқталған соң әңгімелесушіміз сондағы профессор-оқытушыларға, сала мамандарына емтихан тапсырып, одан «5» деген баға алғанын да білдірді. Тиісінше оны растайтын сертификат табыс етілген.

Дрезден, Гамбург, Кёльн, Бонн, Гёрлиц сияқты өндірісі ерекше дамыған қалаларда болған ол бағдарламаның айтарлықтай қызықты өткенін айтады. Неміс кәсіпкерлерінің жұмысымен жан-жақты танысқан болашақтықтар түске дейін теориялық білім алса, күннің екінші бөлігінде зауыт-фабрикалардың өзіне барған.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы ұсынған мәліметке сүйенсек, бағдарламаның 26 жылы ішінде 10 738 маман даярланған. Олардың арасында қазіргі кезде 7226 түлек өзінің шарттық міндеттемелерін орындапты, ал 3331 түлек еңбекпен өтеу мониторингінде. 3331 түлектің 3282-сі жұмысқа орналасқан, қалғаны әзірге қызметпен қамтылмаған.
Бағдарлама түлектері мен стипендиаттары арасында көбірек сұранысқа ие мамандықтар: ақпараттық технологиялар мен жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, журналистика және коммуникациялық менеджмент, қоғаммен байланыс және жарнама, сәулет және құрылыс, жобаларды басқару, педагогика, құқық және мұнай-газ ісі. 

Биылғы талаптар қандай?

Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауда үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Үкіметтің 6 мамырдағы №271 Қаулысымен бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, биыл стипендияның конкурсына елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады. Соған сәйкес конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды.

Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:
1. Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілетін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;
2. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;
3. Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.
Сондай-ақ енді үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаттарын ұсынуы керек. Ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификаттарды ұсынады. Қазақ тілін білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығында өткізіледі.

Тағы бір жаңашылдық — жаңа ережеде алдын ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзім ішінде ағылшын тілін үйрену ел аумағында ұйымдастырылады. Бұл қазақ және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, өзі таңдаған саласы бойынша белгілі бір хабары бар адамдар ғана шетелдегі ақысыз оқуға жіберіледі деген сөз. Яғни қай істе болсын, білім мен біліктің ескерілетіні кезекті рет дәлелденгендей…
Ал басымдық берілген мамандықтар тізімі, еңбек нарығын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.

Айта кетейік, «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау және стипендия тағайындау конкурсын өткізу мерзімі құжаттарды қабылдау уақытынан 10 күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл күн өте жақын… Құжаттардың өзі www.egov.kz — «Электрондық үкімет» порталы арқылы қабылданады.

P.S. Әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» бағдарламасының игіліктері һәм мүмкіндіктері туралы айтар сөз көп. Бір анығы, бұл бірталай қазақ жастарына қанат бітірген айрықша жоба. Елбасының стратегиялық бағдарламасымен оқуға түсу жолдары, барлық талаптар туралы оқырмандарымыз www.bolashak.gov.kz ресми сайты арқылы біле алады.

Сәт сапар, жас түлек!

 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=88297