Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > ҰБТ: қауіпсіздік және ерекшеліктер

ҰБТ: қауіпсіздік және ерекшеліктер

Біздің облыста ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 21-і мен 4 шілде аралығында өтеді. Індеттен сақтану мақсатында тапсырушылардың санына байланысты аудандарда тестілеу 2-3 лектен өткізіледі. Сынақ тапсыруға жалпы 5739 түлек ниет білдіріп отыр.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін аудиториялардан онлайн-трансляция жүргізілетін болады. Бұл пилоттық жобаның арқасында кез келген адам процесті үйде отырып-ақ бақылай алады. Біз осы және тестілеу ұйымдастырудағы басқа да ерекшеліктер туралы Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқыловпен сөйлескен едік.

Сынақ тапсыруға ниетті түлктердің 5190-ы өтініштерін онлайн режимінде берген. Қалғаны өтінішті дәстүрлі түрде жазыпты.

Бұған дейін біздің өңірде ҰБТ 15 пунктте өткізіліп келген болатын. Биыл 14 пунктте ұйымдастырылатын болады.

— Тестілеуді 12 ауданның орталығында өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы 2 пунктте өткізіледі. Бұл пункттер: Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу корпусы мен №8 орта мектептің ғимараты. Биыл Сақтаған Бәйішев атындағы тестілеу орталығында сынақ ұйымдастырылмайды. Жалпы облыс орталығында 3612 түлек тест тапсырады, — дейді Талғат Жарқылов.

Індеттің алдын алу мақсатында санитарлық шаралар күшейтіледі. Мысалы, бұған дейін өткен тестілеу кезінде аудиторияларда адам көбірек отырса, биыл олардың саны одан әлдеқайда аз болады. Яғни аудиториялардағы орын саны азаяды. Санитарлық талапқа сай түлектердің арақашықтығы 2 метрден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ түлектерге бетперде, қолғап, антисептик пайдалану міндеттеледі. Мектеп бітірушілер тестілеу ұйымдастырылатын ғимаратқа дезинфекциялық туннель арқылы кіреді. Міндетті түрде термобақылаудан өтеді.

— Барлық бақылаудан өткеннен кейін тестке қатысушыға бетперде беріледі. Тест басталғаннан кейін 2 сағат өткен соң жаңа бетперделер таратылатын болады. Түлектердің қауіпсіздігі үшін қолға алынатын бұл шараларды Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қабылдады, — дейді Талғат Жарқылов.

Оның айтуынша, аудиториялардағы орын санының азаюына байланысты тестілеу ұйымдастырылатын күннің саны артқан. Індетке байланысты тестілеу ұйымдастыру екі аптаға созылады.  Байғанин, Қарғалы, Шалқар, Хромтау аудандарында тестілеу екі лектен ұйымдастырылады екен. Ал қалған 8 ауданда тестілеу 3-4 лектен өткізіледі. Мұның бәрі сақтық шараларын қатаң сақтау мақсатында қолға алынбақ.

— Қауіпсіздік үшін ата-аналардың тестілеу өткізілетін ғимарат аумағына еріп келуіне тыйым салынып отыр, — дейді филиал басшысы.

Білім және ғылым министрлігі жанындағы ұлттық тестілеу орталығының бастамасымен былтырдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобының мүшелері бірлесіп, білім беру ұйымдарының тестілеуге дайындығы мен оны өткізудегі жұмысын бақылау, сонымен қатар қатысушылардың ұялы телефондарды пайдалануын болдырмау мақсатында бақылау жүргізеді.

Сондай-ақ биылғы ҰБТ кезінде қоғамдық бақылау да күшейтіледі. Тестілеу өткізілетін әр аудиториядан онлайн-трансляция жүргізіледі. Бұл қатысушылардың іс-әрекеттерін бақылауға мүмкіндік береді. Кез келген адам процесті бақылап, тестілеу барысында ереже бұзылған жағдайда орталыққа хабарлауына болады. Бұл жүйе автоматты режимде ұялы телефондарды пайдалану дерегін де анықтайды.

— Тексеру кезінде түлек ұлттық бірыңғай тестілеу ережесімен танысу және тыйым салынған заттарды алып өту жауапкершілігі туралы қағазға қол қояды. Тыйым салынған заттарды қолданған жағдайда тестілеуге қатысушы аудиториядан шығарылады. Сонымен қатар оның жұмысы есепке алынбайды.

Түлектерге аудиторияда калькулятор беріледі. Сол себепті олар өздерімен бірге калькулятор да алып кіруіне болмайды.

Айта кету керек, тестілеуден кейін барлық бейнежазбалар тексеріледі. Талап пен ереже бұзылған жағдайда тест тапсырушының жауаптары жойылады, — дейді филиал басшысы.

Биылғы тағы бір ерекшелік, тест тапсыратын уақыт 10 минутқа ұзартылады. Яғни түлектердің тест тапсыруы үшін 4 сағат беріледі.

Тағы бір ерекшелік, тест тапсырушыларға сертификат берілмейді. Қатысушылардың жинаған ұпайы жоғары оқу орындарының деректер базасында көрсетіледі.

 P.S. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары оқу орнына түсуге талаптанғандардың арасында биылғы түлектермен қатар, колледж бітірушілер мен былтыр мектеп бітіргендер де бар. Олардың саны — 647 адам. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсушілер үшін берілетін уақыт — 4 сағат. Ал қысқартылған оқу жүйесі бойынша жоғары оқу орнына құжат тапсыруға ниетті тест тапсырушылар үшін берілетін уақыт — 1 сағат 50 минут.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.