Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздік куратор анықталды

Үздік куратор анықталды

Жұбанов университетіндегі «Smart куратор – 2020» онлайн байқауы өз мәресіне жетті. Бір айға созылған байқау тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру үшін топ кураторларының жұмыстарын дамыту, позитивті имиджін нығайту,  озық іс-тәжірибесін насихаттау және жаңа тұрпатты маман дайындаудағы куратор мәртебесін көтеру, шығармашыл, талантты топ кураторын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Университеттің кәсіподақ ұйымы мен әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті  ұйымдастырған байқауы 2020 жылдың 14 мамыр 3 маусым аралығында өткізілді. Осы уақыт аралығында байқауға педагогика, филология, жаратылыстану, кәсіби-шығармашылық, физика-математика, экономика және құқық, тарих және Жоғары колледждің ең үздік кураторлары қатысып, үш кезең бойынша өзара бақ сынады.  Байқауға жас мамандармен қатар тәжірибелі кураторлар да қатысуға мүмкіндік алды. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, оқытатын пәндеріне, еңбек өтілдеріне қарай ешкімді бөліп жарған жоқ. Талап бәріне бірдей, ереже – ортақ.

Байқауға қатысушылар қызмет барысындағы кәсіби шеберліктерімен қатар өздерінің үздік екендіктерін дәлелдеді.  Мәселен, үміткерлер алғашқы кезеңде  өзін және тобын бейнеролик  арқылы таныстырса, екінші кезеңде әлемге әйгілі ғалым  Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған ашық куратор сабағын өткізді. Ал соңғы кезеңде Жұбанов университетінің 85 жылдық мерейтойына орай түсірген челлендждерін жолдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқытушылар оқу орнының мерейтойына үлес қосу мақсатында университет пен қала аумағын  абаттандыру, көгалдандыруда челлендждер мен  «Марафон-85» денсаулық акциясы аясында игі бастамаларды қолға алып, жүзеге асыруға ниетті.

Байқау жеңімпаздарын құттықтаған университет ректоры Бауыржан Ердембеков топ кураторы студенттің ерекше рухани кеңесшісі алға тартты. Өз кезегінде сөз алған тарих факультетінің оқытушысы Мирослава Өмірзақова топ кураторлары студенттермен ауызбіршілікте тіл табысып, бірлесе еңбек ету керек деп санайды.

— Менің ойымша, жақсы куратордың сыры – студенттермен бірлесе еңбек ету, түсіністік таныту. Яғни, студенттермен тез тіл табысып, жұмыс істей білу керек. Куратор болған соң студенттердің мәселелеріне тереңірек үңіліп, оның дұрыс шешілуіне көмек беруге тиіссің. Мұның бәріне бар ынтаңды салуыңа тура келеді. Сонда ғана кураторлық жұмысыңның нәтижесі болады, — дейді.

Сайысқа әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры  Қарылғаш Сатыбалдина, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиева, ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры  Берікхан Иісбек, үздіксіз білім беру институтының директоры Гүлбану Такишева, оқу-әдістемелік жұмыстар және қашықтықтан білім беру орталығының жетекшісі Айнұр Кадиркулова бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Байқау нәтижесінде  әділқазылар алқасының шешімімен  кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушысы Гүлжан Алгартова «Smart куратор – 2020» атағына   ие болды. Ал бірінші орынды Жоғары колледж атынан Ақылбек Қонысов жеңіп алса, екінші орын жаратылыстынау факультетінен Ақерке Каироваға бұйырды. Байқаудың жүлделі үшінші орнын филология факультетінің оқытушысы Айнұр Кушкимбаева еншіледі.

Сонымен қатар байқауға қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Новатор куратор», «Белсенді  топ кураторы», «Үздік ұйымдастырушы куратор» номинациялары бойынша марапатталып, ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Байқауда бағын сынап, жеңімпаз атанғандарға арнайы дипломмен қоса 100, 70, 50 және 40 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етілді.