Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім беру грантына өтінішті қабылдау онлайн жүзеге асырылады

Білім беру грантына өтінішті қабылдау онлайн жүзеге асырылады

Карантинге байланысты талапкерлер грант конкурсына құжатты онлайн форматта тапсыра алады. Талапкерлер білім грантына 13-20 шілде аралығында өтініш бере алады. Конкурс 21-31 шілде күндері өтеді. Бұл туралы  Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры  Әділет Тойбаев онлайн брифингте мәлімдеді.

Биыл бакалавриатқа 53 864, магистратураға 13 300, доктарантураға 2 355 грант бөлінген. Сондай-ақ гранттар жеке санаттар бойынша да қарастырылған. Осы гранттардың ішінде жеке санаттарға қабылдау туралы кепілдік қарастырылған. Бұл бірінші және екінші топтағы мүгедек балаларға арналған 1 пайыздық квота. Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін 0,5 көлемдегі квота. Ауыл жастары үшін 30 пайыздық квота. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 4 пайыздық квота қарастырылған. Жетім балалар квотасы 1 пайызды құрайды және «Серпін» бағдарламасы бойынша 10 пайыздық квота қарастырылған. Білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша да бөлінген.

Департамент директорының айтуынша, құжаттарды беру рәсімі онлайн жүзеге асырылады. Электрондық үкімет сайтында білім беру бағдарламаларының нақты топтарын, ЖОО-ны таңдап, конкурсқа қатысуға өтініш жіберуге болады. Өтінішке білімі туралы құжатты, ҰБТ сертификатын, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса тіркеу қажет.

Өтінішке білімі туралы құжатты, ҰБТ сертификатын, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса тіркеу қажет. Оқуға түсуші конкурс қорытындысы бойынша гранттың тағайындалған немесе тағайындалмағаны туралы жауапты порталда алады. Егер жауап оң болса, сіз грант туралы электрондық куәлік алады. Ал талапкер кәмелетке толмаған болса және ЭЦҚ болмаса, заңды өкілдер өтініш бере алады.

Айта кету керек, талапкер белгіленген мерзімде ЖОО-ға келіп, білім беру қызметін көрсету туралы шарт жасасуы тиіс. Егер мұны жасамаса, онда тіркеу жүзеге асырылмайды және заңды күшіне енбейді.