Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жолың болсын, жас маман!

Жолың болсын, жас маман!

 

Осындай атпен Жұбанов университетінің Жастар сарайында экономика және құқық  факультетінің бітіруші түлектерін шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға аталған университет  ұстаздары мен  түлектері қатысты.

Қасиетті қарашаңырақтың 85 жылдығында экономика және құқық  факультетін бітіріп отырған түлектердің де арманы асқақ. Бұл күннің жүректерде жатталып қалары сөзсіз… Үлкен өмірге жолдама алып отырған жастардың жанарынан өз мамандығына деген кәсіби көзқарас, ұшқын байқалады. Енді  олар  өз  жүрек  қалауымен  таңдаған   мамандықтары   бойынша   еліміздің  ауыл-аймақ, ірі қалаларында   еңбек   жолын   бастайды.

Университет түлектерінің қолдарына салтанатты түрде диплом ұстатып, үлкен өмірге шығарып салу шарасына университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков те қатысты.  Оқу орнының басшысы өз кезегінде диплом алғалы тұрған болашақ жас мамандарды құттықтап,  өмірде лайықты орындарын табуына тілектестік білдірді.

Бұдан соң сөз «Технодом Operating» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас бухгалтері Гүлнар Шибинтаева түлектерге ақжол тілеп, айтулы күндерімен құттықтады.

Айта кетейік, экономика және құқық факультетін биылғы оқу жылында 9 мамандық бойынша  300 студент бітіріп отыр. Бүгін 29 түлекке диплом табысталды, олардың 8-і үздік диплом иегерлері.

Бұл күн жас  мамандар жадында ұзаққа сақталары сөзсіз. Себебі, білім ордасы  әрбір жасқа таңдаған мамандығының  қыр-сырын меңгертіп, болашақ кәсібіне құрмет-сүйіспеншілікпен қарауды үйретті.

Жас  түлектердің  басым  бөлігі университетте үздік  оқып,  қоғамдық   жұмыстарға   белсене  араласты. Биылғы бітірушілердің ішінен өздерінің жоғары қабілетімен, үздік білімімен, өнерімен танылған студенттер бар. Солардың бірі — Анар Досмағамбетова. Ол қызыл диплом иегері, республикалық олимпиада жүлдегері, топ басшысы, өндірістік практикадан өту үшін, конкурстық негізде «Технодом Corporation» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде есепші  қызметіне қабылданды.

Мінберде сөз алған Анар Досмағамбетова ұстаздары  мен   ата-аналарының   сенімін ақтап,   елімізге адал  еңбек  етуге уәде  берді.

— Факультет түлектерінің атынан барша ұстаздарымызға танытқан қамқорлығы, берген білімі, көрсеткен қолдауы  үшін алғыс айтқым келеді. Бізге артқан сенімді ақтауға тырысатын боламыз. Олар итермелеген биік шыңдарды бағындыруға талпынамыз. 85 жылдық тарихы бар қарашаңырағымыз Жұбанов университеті әрі қарай өркендеп, дами берсін деген тілегімді жеткізгім келеді, — деді ол.

Салтанатты шара соңында  түлектерге құтты қадам тілеген  факультет деканы Бағдагүл Таскарина  мамандығы бойынша қолына алған құнды құжатты игілігіне жаратып, халыққа қызмет етуіне тілектестігін білдірді.