Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Батыс өңіріндегі қос университет IT-медицина саласында мамандар даярлайды

Батыс өңіріндегі қос университет IT-медицина саласында мамандар даярлайды

Бүгінгі таңда медицина саласы қарқынды дамып келеді. Аталған саланың  дамуы түрлі медициналық техникалардың пайда болып, қолданысқа енуіне тікелей байланысты. Ал бұл жағдай осы техникамен жұмыс істейтін арнайы мамандарды қажет ететіні анық.  Сондықтан, IT-медиктер – бүгінгі таңда аса сұранысқа ие мамандық болып табылады. Бұған дейін мұндай  мамандар тек шетелдерде ғана даярланатын, ал енді біздің өңірде де оқуға мүмкіндік туды. Бұл ретте Ақтөбедегі Жұбанов университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті алғашқы болып  осы бағытты қолға алып отыр.

Биылғы оқу жылында аталған жоғары оқу орындары  бакалавриат деңгейінде жаңа біріккен «IT-Медицина» білім бағдарламасын ашты. Ол республика бойынша бірыңғай мамандықтар тізіліміне енгізілген. Осыған орай медицина саласында мамандар даярлау мақсатында Жұбанов университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің  басшылығы  кездесті.

Кездесуде  жоғары оқу орындарының басшылары қос университеттің білім берудің жаңа саясатына бейімделу жолында айқын мақсат ұстанатынын тілге тиек етті. Екі жақты келісім аясында білім алушыларға ақпараттық коммуникациялық технологиялар бағытында аталған екі университетте тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріліп отыр. Оқу орнының басшылары нейропсихология, биофизика бағыттарын қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтады.

Білім беру қызметі нарығында жаңа мамандықтың пайда болуына республиканың түрлі салаларында, соның ішінде денсаулық сақтауда цифрландырудың белсенді дамуы ықпал етті. Пәндер негізін медицинадағы интернет технологиялар, медикобиологиялық мәліметтер қорын өңдеу мен жобалау, жасанды интелект, мәліметтерді сараптау мен машиналық оқыту, электронды денсаулық сақтау, денсаулық сақтаудағы жобаларды басқару бағыты құрайды.

Мектеп бітірген әр түлек сұранысқа ие мамандықты таңдауға талпынады. IT-медик – қазіргі кезеңде дәл осы сұранысқа ие мамандықтардың қатарында.  Дегенмен, ол мамандыққа оқуға түсу үшін қойылатын өзіндік талаптары бар. Оның бастысы – ағылшын тілін меңгеру. Сонымен қатар, бұл мамандық иелері  физика, математика пәндерін жақсы меңгеруі қажет. Демек, IT-медик мамандығына түсуде тапсырылатын бейінді пәндер — математика, физика болмақ.

Осы жылдың жаз айынан бастап «IT-Медицина» мамандығына мектеп түлектері  қабылдана бастайды. Ал, оқу үдерісі бірден  Жұбанов университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде өтеді, оқу мерзімі төрт жыл. Айта кетейік, IT-медицина қызметкерлері кез-келген ғылыми-зерттеу институттарында, емханаларда, ауруханаларда, маңызды зерттеулер жүргізумен айналысатын шағын жеке зертханаларда жұмысқа орналаса алады.

Екіжақты басқосуда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов қос университетті байланыстыратын ортақ мақсаттар көп екенін айтып,  білім мен ғылым  саласындағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдалы әрі тиімді екенін атап өтті. «Елімізде медицина ғылымын дамытуға, білім және ғылым саласын дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Сондықтан алдағы уақытта да ынтымақтастық пен серіктестігімізді одан әрі нығайтып, ел игілігі үшін көптеген жарқын жобаларды бірлесе іске асыратын боламыз деген сенімдемін», — деді Мұрат Қойшыбайұлы.

Бүгінгі кездесу нәтижесінде медицина саласында мамандар даярлауда  екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды.  Кездесуді қорытындылаған Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков  екі университет арасындағы ынтымақтастық үлкен көпір болатынына сенім білдірді.