Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Болашақ мамандарға 80 грант бөлінді

Болашақ мамандарға 80 грант бөлінді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен 2020-2021 оқу жылына арналған гранттарды бөлу бойынша комиссия отырысы өтті.

Отырыста облыстық білім, ветеринария, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, сот сараптамалар орталығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, денешынықтыру және спорт, ауылшаруашылық, дін істері басқармаларының басшылары комиссияға қажетті мамандарға грант бөлу бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Биыл 2020-2021 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 80 грант тағайындалды.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, мамандарды даярлауға грант тағайындау 3 кезеңнен тұрады. Олар:  сұраныс жинақтау, қажетті мамандықтардың тізбесін бекіту, мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін жоғары оқу орындарының арасында конкурс жариялау,  талапкерге  мемлекеттік білім беру грантын тағайындау.

— Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін барлық пункттерде қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптар сақталады. Тестілеу аяқталғаннан кейін 13-20 маусым аралығында республикалық мемлекеттік грантқа өтініштер қабылданады. Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі анықталған соң, 25 тамызға дейін облыс әкімі арнайы бөлген 80 грант беріледі,— деді Гүлназ Сүлейменова.

Оның айтуынша, биыл өңірде медицина, білім беру, ауылшаруашылық, мәдениет салаларының мамандарына деген сұраныс жоғары.

Комиссия мүшелері грант бөлу мәселесін талқылай келе, ветеринария мамандығына 5, ауылшаруашылық мамандығына — 9, дін мамандығына — 4, құрылысқа — 4, мәдениетке — 9, сот сараптамашысына — 2, денешынықтыру мамандығына — 1, медицинаға — 15, орман ресурсына — 1, білім саласына 20 грант бөлінді.

— Облыстағы сұранысқа ие мамандықтарға жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, арнайы грант тағайындадық,  білімді  жастар еңбек етіп, туған жеріне адал қызмет етсе, оның өзі үлкен жетістік. Жоғары оқу орнын бітірген маман облыстың кез келген кадр тапшылығы бар жерге барып, келісімшарт негізінде 3 жылдан кем емес уақыт жұмыс жасауы қажет, яғни білім алған жас мамандар кейін белгіленген орында еңбек етуге міндетті, — деді жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Өткен жылы өңірге қажетті мамандықтар бойынша білім беру қызметіне ақы төлеу үшін жергілікті бюджет есебінен 100 орынға облыс әкімінің атынан грант бөлінген болатын.

Қазіргі таңда облыс әкімінің грантын алған жалпы саны 141 студент оқуда (бакалавр — 107, магистратура — 1, резидентура — 33).

Биылғы жылы аудан әкімдері мен басқармалардан барлығы 440 кадрға (оның ішінде 425 — бакалавриат, 11 магистратура, 4 резидентура) сұраныс түскен.

Отырыс соңында облыс басшысы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменоваға грантқа түскен студенттердің оқу үлгерімін қадағалап, олармен тығыз байланыста болуды тапсырды.

 

 А.ҚАЛДЫБЕК

aqtobegazeti.kz