Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Екі күннен кейін ҰБТ басталады

Екі күннен кейін ҰБТ басталады

Екі күннен кейін елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу  басталады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді, оған 130 мыңнан астам адам қатысады. Биыл ҰБТ алғаш рет жаңа жағдайда өтеді: түлектер коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантиннің қатаң талаптарын сақтауы тиіс.

Жалпы, Ақтөбе өңірінде  ҰБТ  14 пукте ұйымдастырылады, соның бірі Жұбанов университетінің экономика және құқық факультетінің ғимаратында өткізіледі. Мұнда індеттің алдын алу мақсатында санитарлық шаралар күшейтіледі. Мысалы, бұған дейін өткен тестілеу кезінде аудиторияларда адам көбірек отырса, биыл олардың саны одан әлдеқайда аз болады. Яғни аудиториялардағы орын саны азаяды. Санитарлық талапқа сай түлектердің арақашықтығы 2 метрден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ түлектерге бетперде, қолғап, антисептик пайдалану міндеттеледі. Мектеп бітірушілер тестілеу ұйымдастырылатын ғимаратқа дезинфекциялық туннель арқылы кіреді. Міндетті түрде термобақылаудан өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мектеп бітірушілерді  емтихан тапсыру пункттеріне жеткізу ұйымдастырылады және тестілеу кезінде оқушылар арасында әлеуметтік қашықтық қамтамасыз  етіледі.

Естеріңізге сала кетейік, түлектер үшін тыйым салынған заттар туралы талап күшейтілді. Егер бұған дейін  талапкерден тыйым салынған зат табылса, ол тестілеуге қатыса беретін, ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап оқушы емтиханға кіргізілмейді. Ал ҰБТ тапсырып жатқан кезде тыйым салынған затпен ұсталса, тестілеу нәтижесі жойылады.

Егер ҰБТ тапсыратын ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар, смартфондар, жазба қағаздар, құлаққаптар және т.б. анықталса, тестіленуші емтиханға жіберілмейді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Сонымен қатар орталық басшысы осы жылдың 25 тамызына дейін ҰБТ өткізілген аудиториялардан түсірілген бейнежазбалардың барлығы қаралатындығын және талдау жасалатындығын ескертті.

Айта кетейік, бұрын ҰБТ тапсыру уақыты 3 сағат 50 минут еді. Биыл тестілеуге 10 минут қосылып, 4 сағатқа дейін ұзартылды. Пандемияға байланысты өткізілу ережелері болмаса, қалған тәртібі мен талаптары сол күйде қалып отыр. Ал, оқуға түсу үшін белгіленген шекті балға қатысты талап күшейді. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына кемінде 50 балл.

Тағы бір айта кетерлігі, ең жоғары талап қойылып отырған жекелеген мамандықтар да бар. Мәселен, педагогика мамандығы. Педагогикалық ғылымдар саласы бойынша кемінде 70 балл. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша кемінде 65 балл қажет. «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария»  білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл. Былтыр педагогика мамандығының шекті балы 60 болған, биыл 10 балға көтерілген.

Ал, ата-анаға, балаларды алып жүруші тұлғаларға ҰБТ пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-ана тестілеу барысын ҰБТ өтіп жатқан жерге келмей-ақ, үйінде отырып көруі үшін онлайн трансляция жасалады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтеме арқылы өтіп, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көре алады.