Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің үздіктері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді

Университеттің үздіктері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді

Бүгін Жұбанов университетінің Жастар сарайында Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Кеңесте жастар арасындағы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламалар аясында жастардың қолжетімді тұрғын үймен қамтылуы мәселелері талқыланды.  Кеңес отырысына кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, жастар және волонтерлық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бүгінгі дөңгелек үстелде аймақ басшысы мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдауларды ерекше атап өтті. “ 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялануы жастар үшін үлкен мүмкіндіктер берсе, үстіміздегі жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялануы мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету, екенін айтқан болатын. Ақтөбе өңірінде талантты, білімді, тәртібімен үлгі боларлық жастарымыз жеткілікті.Облыстың дамуына үлес қосуға ниетті жастарды біз әрқашан қолдауға дайынбыз”, — деді Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, Ақтөбе өңірінде 14-тен 29 жас аралығында 196 мың жас бар, бұл өңір халқының 22,3%-ын құрайды. Оның ішінде 107 мың қала жастары, 90 мың ауыл жастары.

Осы шара барысында облысымызда жастар үшін жасалып жатқан игі істердің бірі — үздік студенттерге жыл сайын тағайындалатын облыс әкімінің стипендиясын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

ЖОО басшылары мен жастар ұйымының мүшелерінен құралған комиссияның шешімімен ЖОО, колледждің қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсеткен, дарынды, әлеуметтік осал топтағы 230 студентіне стипендия тағайындалды.  Биылғы жылы облыс әкімінің стипендиясы облыстың және оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласып, оқуда үздік көрсеткіштерімен ерекшеленген талантты да дарынды жоғары оқу орындарының  190 студентіне 120 мың теңгеден  және техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының 40 студентіне  70 мың теңгеден берілді.

Еске салсақ, аталған стипендия тағайындау шарасы 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында жалпы 850 ақтөбелік жас облыс әкімінің атаулы стипендиясын алды.

Марапатқа ие болғандардың бірі Жұбанов университетінің  2-курс студенті Исламбек Бітімбай. Ол қазіргі уақытта – экономика және құқық факультетінде білім алуда. Ислам —  Ақтөбе облысы бойынша пікірсайыс қозғалысының көшбасшыларының бірі және де «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының президенті, оқу озаты, белсенді студент.  Ол оқуын аяқтаған соң туған жерінде адал қызмет етуге ынталы.

Мемлекет пен университеттің жастарды жан-жақты қолдайтыны мені және менің достарымды қатты қуантады. Жастардың жағдайын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың барлығы қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, алатын болсам 1000-ға жуық менің достарыма біздің Жұбанов  университетінде  әр түрлі әлеуметтік жеңілдіктер көрсетіліп, түлектердің еңбекке орналасуы бойыншада мүмкіндіктер көп. Қазірдің өзінде менің достарым жас Жұбановшылар, біздің оқу орны түлектері еңбек нарығындағы жұмысқа орналасуда бәсекеге қабілеттіліктің болуы керектігін жақсы түсінеді, өйткені пандемия кезінде жұмысқа орналасуды  бағалайтын «Цифрлық жәрмеңке» өткізіліп, онда жұмыс берушілер мен түлектер бір алаңда танысып, тестілеу, әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. 

Сондықтан біздер болашақ жас маман  ретінде әрдайым өзіміздің алдымыздағы аға буын ұрпаққа соның ішінде сіздерге қарап бой түзеп, туған жерімізге адал қызмет ететінімізге сенімдімін, — деді студент.

Марапат соңында өңір басшысы  стипендияға ие болған жастарды бұл жеңістерімен тағы да құттықтап, алдағы өмір жолында сәтті сапарлар тіледі.