Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Емхана қызметкерлері марапатталды

Емхана қызметкерлері марапатталды

Бүгін нағыз өз ісінің шеберлері ұлықталды.  Олар  денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай,  халықтың жылы ықыласына бөленген мейірімді жандар.

Еске салсақ, алдағы жексенбі — медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күн қарсаңында Жұбанов  университетінің емханасының қызметкерлері алғыс хаттар мен бір айлық жалақының көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Маңызды мерекеге арналған жиында өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызмет атқарған 7  қызметкер  университет кәсіподақ ұйымының атынан ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жүгі ауыр жұмысты атқарып жүрген мамандарға құрмет көрсетіліп, ректор Бауыржан Ердембеков ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.  Өз кезегінде университет басшысы ұлт болашағыныӊ денсаулығын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салатын дәрігерлердіӊ еӊбегі ыстық ықылас пен зор алғысқа лайық екенін атап өтті.

Кәсіби мерекеде құрметке бөленген сала мамандары өз қуаныштарын жасырмады.  22 жылдан бері университет емханасында талмай еңбек етіп жүрген  Жұмагүл Жұмағазина  қазірде емхана жетекшісі қызметін атқарады. Емхана басшысы университет басшылығы атынан көрсетілген құрметке  деген алғысын жеткізді.

— Еңбегімізді елеп, бағалап отырған университет басшылығы мен  әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментіне, кәсіподақ ұйымына алғысым шексіз. Біздің қызметіміз   басшылық  тарапынан қолдау тауып жатқанына ризамын», — деді ол.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің студенттік емханасы — еліміздің жоғары оқу орындарының алғашқы медициналық мекемелерінің бірі.  1999 жылы желтоқсан айында университет жанынан ашыл­ған студенттер емханасы өңірлер арасында тұңғыш рет құрылды.  Аталған емхана 20 жыл бұрын студенттерге сапалы амбулаториялық-емханалық көмек беру жә­не оның қолжетімділігін кө­теру үшін Ғылыми кеңес­тің­ шешімі бойынша ұйымдастырылған болатын. Мұнда медицина мекеме­сінің бастауында, яғни ашылуы мен қалыптасу кезінде бол­ған білікті мамандар то­бы әлі күнге дейін студенттер­ге сапалы медициналық көмек­тер көрсетіп келеді. Арнайы медициналық мекеме тиісті материалдық базамен, заманауи қондырғылармен және білікті медициналық кадр­­лармен қамтамасыз етіл­ген.

Нақты айта кетсек, емханада 14 жоғарғы санатты және 4 бірінші санатты медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды.