Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қос университеттің ынтымақтастығы артып келеді

Қос университеттің ынтымақтастығы артып келеді

Бүгінгі таңда медицина саласы қарқынды дамып келеді. Медицина саласының  дамуы түрлі медициналық техникалардың пайда болып, қолданысқа енуіне тікелей байланысты. Ал бұл жағдай осы техникамен жұмыс істейтін арнайы мамандарды қажет ететіні анық.  Сондықтан, IT-медиктер – бүгінгі таңда аса сұранысқа ие мамандық болып табылады, – деп хабарлайды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің медиа орталығы.

Бұған дейін ондай мамандар тек шетелдерде ғана даярланатын, ал енді біздің елде де оқуға мүмкіндік туды. Бұл ретте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті алғашқы болып бұл бағытты қолға алып отыр. Биылғы оқу жылында аталған жоғары оқу орындары  бакалавриат деңгейінде жаңа біріккен «IT-Медицина» білім бағдарламасын ашты. Ол республика бойынша бірыңғай мамандықтар тізіліміне енгізілген. Осыған орай медицина саласына мамандар даярлау мақсатында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен М.Оспанов атындағы БҚМУ  басшылығы  кездесті.

Кездесуге Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры Бауыржан Ердембеков,  оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова және физика-математика факультетінің деканы Алтыншаш Бекбауова,  М.Оспанов атындағы БҚМУ ректоры Мұрат Телеуов және  стратегиялық даму және халықаралық серіктестік жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Серік Бахтияр қатысты. Кездесуде  жоғары оқу орындарының басшылары қос университеттің білім берудің жаңа саясатына бейімделу жолында айқын мақсат ұстанатынын тілге тиек етті. Екі жақты келісім аясында білім алушыларға ақпараттық коммуникациялық технологиялар бағытында қос университетте тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріліп отыр. Алдағы уақытта қос университет басшылары нейропсихология, биофизика бағыттарын қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтады.

Білім беру қызметі нарығында жаңа мамандықтың пайда болуына республиканың түрлі салаларында, соның ішінде денсаулық сақтауда цифрландырудың белсенді дамуы ықпал етті. Пәндер негізін медицинадағы интернет технологиялар, медикобиологиялық мәліметтер қорын өңдеу мен жобалау, жасанды интелект, мәліметтерді сараптау мен машиналық оқыту, электронды денсаулық сақтау, денсаулық сақтаудағы жобаларды басқару бағыты құрайды. Мектеп бітірген әр түлек сұранысқа ие мамандықты таңдауға талпынады. IT-медик – қазіргі кезеңде дәл осы сұранысқа ие мамандықтардың қатарында. Дегенмен, ол мамандыққа оқуға түсу үшін қойылатын өзіндік талаптары бар. Оның бастысы – ағылшын тілін меңгеру. Сонымен қатар, бұл мамандық иелері физика, математика пәндерін жақсы меңгеруі қажет. Демек, IT-медик мамандығына түсуде тапсырылатын бейінді пәндер – математика, физика болмақ.

Аталмыш бастама осы жылдың жаз айынан бастап мектеп түлектерін  қабылдай бастайды. Ал, оқу үдерісі бірден Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде өтеді, оқу мерзімі төрт жыл. Айта кетейік, IT-медицина қызметкерлері кез-келген ғылыми-зерттеу институттарында, емханаларда, ауруханаларда, маңызды зерттеулер жүргізумен айналысатын шағын жеке зертханаларда жұмысқа орналаса алады. Екі жақты басқосуда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов қос университетті байланыстыратын ортақ мақсаттар көп екенін айтып,  білім мен ғылым  саласындағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдалы әрі тиімді екенін атап өтті.

Басқосу нәтижесінде медицина саласына мамандар даярлауда екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Кездесуді қорытындылаған Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры Бауыржан Ердембеков екі университет арасындағы ынтымақтастық үлкен көпір болатынына сенім білдірді.

https://bilimdinews.kz/?p=109730