Жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жергілікті әкімдіктің негізгі міндетінің бірі осы. Өңірде еңбекке араласамын деген мамандар үшін бірнеше жоба ұсынылды. Тек білек түре, іске кіріс. Сонымен бірге студенттер де ата-аналарына көмектесе алады. Ол үшін тек білім алып, қоғам өміріне белсене араласса болғаны. Ерінбеген студенттердің бір тобы бүгін облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді. Шара туралы тілшіміз айтып береді. Жыл сайын 4 — курс студенттерінің 65%- ы дипломды қолға алмай тұрып жұмысқа жолдама алады. Биыл жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдаған 12 000 жас маманның 70 %-ын жұмыспен қамту жоспары бар. Осы мақсатта тың жобалар жүзеге аспақ. Ал егер жұмыс беруші тәжірибеден өткен маманды қызметке қабылдамаса, бір жыл бойы мемлекет тарапынан төленген жалақыны бюджетке кері қайтаруы тиіс. Бәсекеге қабілетті кадр дайындау, олардың біліктілігін арттыруға бағытталған өзге жоба да бекітілген. Шағын және орта бизнесті дамыту — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Облыста жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарының саны 60 мыңға жуықтаса, соның 8 мыңы жас кәсіпкерлерге тиесілі. Жастар үшін тұрақты жұмыс орнынан бөлек тұрғын үй мәселесі де өзекті. Бұған дейін облыс әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасындағы ынтымақтастық келісімі жасалғаны белгілі. Келісім аясында сатып алу құқығы мен тұрғын үйді жалға алу тетігі бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтар және 29 жасқа дейінгі жас мамандар баспаналы бола алады.Облыста халық саны 900 мыңды құраса, соның 200 мыңы 14 пен 29 жас аралығындағы жас. Қай салада болмасын оларды қолдау мен ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Бастысы — сол жобалардың жемісі. Жастармен кездесуде облыс әкімінің атаулы стпендиясын иеленген студенттер мараптталды. Ол үшін облыс қазынасынан 25 млн 600 теңге бөлінген. ЖОО 190 студенті 120 мың теңге, ал колледж оқушылары 40 теңге көлемінде сыйақы алды. Кездесу барысында «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық Елбасының алғыс хатымен марапатталды.
Әсем Самбаева