Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Алпыстың асқарына шыққан ұстаз

Алпыстың асқарына шыққан ұстаз

Бүгін Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, дене шынықтыру саласының үздік қызметкері, спортклуб төрағасы Абилғазиз Құлмағамбетов  мерейлі 60 жасқа толды.

Мерейтойлық датаға орай  спорт қайраткерін Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков мерейлі жасымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.  Өз кезегінде оқу ордасының басшысы мерейтой иесінің университеттің дамуы мен оның ғылымға қосқан үлесін ерекше бағалады.

— Сіз еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген қадірлі де құрметті жансыз. Еңбек жолыңызды Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында дене шынықтыру кафедрасының оқытушысынан бастап, университетіміздің доценті, факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі, спорт клубының төрағасы қызметінде көптеген шәкірттерді тәрбиелеп жүрген ардақты ұстазсыз. Дене тәрбиесі мен спорттың өзекті мәселелеріне арналған оқу-әдістемелік мазмұндағы еңбектеріңіз оқу үдерісінде қолданылып жүр. Самбо күресінен бапкерлікпен айналысып, елге танымал қырықтан аса спорт шеберлерін дайындадыңыз. Ел ертеңі болып табылатын жастардың бойына ғылым мен білімді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастырудағы қосқан үлесіңіз мол, — деді.

Сөз соңында қазақы дәстүрмен Абилғазиз Құлмағамбетовтің  иығына шапан жауып,  спортты дамытудағы үлкен үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін «Құдайберген Жұбанов» төсбелгісін табыс етті.

Абилғазиз Қалдыбайұлының өңірдегі білім саласындағы, ғы­лыми-шығарма­шылық, қызметтік әлеуеті Жұбанов университетімен етене байланысты. Өйткені белгілі спорт қайраткері  қызметін аталмыш жоғарғы оқу орнының дамуы мен өркендеуіне арнады. 1987 жылдан бері қарай Абилғазиз Құлмағамбетов университет қабырғасында қызмет атқара жүріп, самбо күресінен бапкерлікпен айналысты. Әр жылдары әлем чемпиондары Райса Байлиева, Қажымұқан Шалтаков, Асхат Шахаров, әлем кубоктарының иегерлері Мұрат Досанов, Жанаргүл Ақбаланова, сондай-ақ әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Мәди Хусаинов, Берік Бакешов, Серік Нұрғалиев бастаған қырықтан аса спорт шеберлерін дайындады. Қызметтің қай түріне болмасын үлкен жауапкершілікпен қарап, абыроймен атқаруды негізгі ұстанымы еткен ғалымның  еңбегі әкімшілік тарапынан да, ұжымы және шәкірттері тарапынан да оң бағаланып келеді.

Алпыстың асқарына шыққан ғалымның тындырымды еңбегі қыз­меттес әріптестері мен шәкірттеріне әрдайым үлгі.

Айта кетейік, Құлмағамбетов Абилғазиз Қалдыбайұлы  – Жұбанов университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының доценті, аға оқытушы, спортклуб төрағасы. Бүкіл саналы ғұмырын ғылым жолына, оның ішінде спорт саласына  арнаған ұлағатты ұстаз. Жұбанов университетінде  отыз жылдан артық табан аудармай еңбек етіп, ұстаздық қызметпен қатар ғылыми жұмыстарын да атқарды.

1960 жылы 23 маусым күні  Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жұбанов ауылында дүниеге келген.  1977 жылы Ақтөбе қаласындағы «Дарын» орта мектебін бітірген.1979-1981 жылы әскери борышын өтеп, 1982 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының дайындық бөліміне түсіп, 1987 жылы бітірген. 2012 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» белгісімен марапатталған.

Жетістіктері: Самбодан  Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін төс белгісінің иегері, ұлттық дәрежедегі төреші. Бауыржан Момышұлының «Батыр шапагаты» медалінің иегері, Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері, «Спорт ардагері» төс белгісінің иегері, «Университеттің дамытудағы еңбегі үшін» медалінің иегері.