Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздік журналистер марапатталды

Үздік журналистер марапатталды

Жұбанов университетінің Медиа орталығы ұйымдастырған  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды.

«Аймақтық ЖОО-ның қазіргі жағдайында білім мен ғылымды дамыту» байқауы аталған оқу ордасының оқытушылық қызметін, студенттердің жетістіктері мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің даму тенденцияларын танымал ету мақсатында ұйымдастырылды.

Тоғыз айға жалғасқан байқау нәтижесінде   «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова  «Баспасөз БАҚ-та жарияланған үздік материал»  номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Ақерке Сатыбалды «Интернет-БАҚ-тағы үздік  материал» номинациясы бойынша үздік атанды. Сондай-ақ «Aqtobe» телеарнасының редакторы Әлия Оразай «Үздік телевизиялық материал» номинациясын жеңіп алды.

Жеңімпаздар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында марапатталды. Биылғы байқаудың ерекшелігі жұмыстар электронды түрде қабылданып, нәтижесі онлайн форматта таныстырылды.  Байқауда жүлде алған жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар жоғары білім саласындағы жетістіктерді сапалы насихаттауға үлес қосқан бірқатар журналистер ақшалай сыйлықтар мен  университет ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков журналистерді жоғары оқу орнымен тұрақты және тығыз байланыс орнатқаны үшін алғыс айтып, университеттің ғылым-білімді дамытудағы шаралары мен рухани өмірі  ақпарат құралдары  арқылы жиі көрініс  табатынын атап өтті.

Байқау жеңімпаздарын құттықтаймыз және қатысқандарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс білдіреміз! Бастамаларыңызға сәттілік, шығармашылық табыстар тілейміз!