Среда, Июль 8, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Президенттің “Ана тілі” газетіндегі мақаласына орай: Алдағы өмірге нық сенім мен батыл қадам

Президенттің “Ана тілі” газетіндегі мақаласына орай: Алдағы өмірге нық сенім мен батыл қадам

Еліміздегі бүкіл жұртшылық  алғашқы кезеңнен-ақ әлемді жайлаған індетке қарсы тұрып, мемлекеттік деңгейде айтылған  талаптарға сай еңбек етіп, тіршілік жасады. Пандемия жағдайында карантин шараларына бейімделіп, бір-біріне жұқпалы дертті таратпаудың  алдын алу талаптарын орындады. Осыншама сақтық шараларына қарамастан әлемді  алаңдатқан індет қаупі толастамай, осы дерттің құрығына іліккендердің бірі  дер кезінде емделіп шықса, енді бірін  орны толмас өкінішке ұрындырып жатқанына ел құлақдар болып отыр.

Жұртты үрей құшағына алған індеттен сақтану шараларының барлығы да маңызды екендігімен қатар, әсіресе, балалар мен жастардың, қауіпсіздігі үшін барынша жағдайлар жасалды. Мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері оқуларын үй жағдайында жалғастырды. Осындай қиын кезеңде өзім еңбек ететін университетте де студенттердің оқуын үйде жалғастырып, білім алуына қажетті оқу-құралдары, кітапхана қызметі және тағы да басқалар электронды түрде қамтамасыз етіліп, профессор-оқытушыларымен де қашықтан зоом жүйесінде байланыс жасап, білім сапасын төмендетпеудің  барлық жағдайы жасалғанын көзбен көріп, куә болып,  осы  үдерістің арасында еңбек етіп жүрмін.

Үкімет тарапынан  халыққа жасалып жатқан барлық жағдайларды, кейбір жеңілдіктерді де, біліп-көріп отырсақ та, айналасындағы жақын-жуық, таныс адамдарының ауырып жатқанын,  бұл ауыр дерттің беті әлі де толастамай отырғанын көрген жұртшылық  соңғы кезеңде қайта алаңдай бастады. Осындай жағдайда, бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатқан кезде,   Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақ  халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген  сұхбатында  елдің  елдігі үшін, қазақ халқының  болашағы үшін, әр адамның бақытты өмірі үшін бір кісідей жұмылып, қиындыққа қарсы тұра білуіміз керектігін,  мемлекет құрушы ұлт ретінде сенім-жігеріміз мықты болуын,  елімізді өркендету,  көркейту  тек өз қолымызда екенін айтып,  алаңдаған жұртшылыққа қайта  күш беріп,   әр адамның ойына сенім ұялатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев статистика бойынша вирус жұқтырғандар саны артқанын,  «бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ» екенін, айта келіп: «Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғандығында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет»,- деп, бейқамдыққа салынбай, «кемедегінің жаны бір» дегендей, дұрыс  сақтансақ қана  айналамыздағы адамдарға, жақындарымызға, вирус жұқтырып алмаудың алдын алуға болатынын, карантин  режимін  қатаң сақтау керектігін  ескертті.

“Ана тілі” газеті тілшісінің сұрағына орай Мемлекет басшысы ұлт басылымының ұлттық мүддеге берік болып, ана тілімізге жанашырлық танытып келе жатқанына ризалығын білдіре отырып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру мәселесі жөнінде  өз ойларын  ортаға салды. «Қазір – аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ» екенін, қазақ тілін дамыта түсу үшін мемлекеттік тілге деген қажеттілік тудыратын тетіктерді санамалап көрсете келе:  «Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады»,- деп, қазақ тілін білуге ұмтылған әр адамды, сонымен қатар  қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектесетін  өзге ұлт өкілдерін де қолдай түсу керектігін айтты.

Президентіміз өз сөзінде елді еңбекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қолға алынған кейбір бағдарламалар мен жобалар жөнінде де әңгіме қозғалып, «қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп жүретін уақыт емес», «той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келгенімізді», алдыңғы қатарлы мәдениетті елдің көшіне ілесу үшін  жастардың ғылым мен білімді терең игеріп, қажырлы еңбекпен елді көркейтуге үлес қосатын  дәуірі екенін айтты. Халқымыздың бойына біткен дарқан көңілі мен қиындыққа төзімді, шыдамдылығын, сонымен бірге ақын Абайдың «Қара сөздерінде» айтылған кемшіліктерді де, қанымызда бар  асыл қасиеттерімізді де айтып, дамыған алпауыт елдердің өзі қазіргі ауыр індеттің алдында дәрменсіз күй кешіп отырған кезде, мемлекеттің өзі өлермен өмір сүретін кезге келгенде, еңбек етуге барынша күш салуымыз қажеттігін атап көрсетті.

Сондықтан ел болып, сонымен бірге, жастарымызға да дұрыс ақыл айтып, жол көрсете білу, оларды еңбекке баулу аға ұрпақтың, ел зиялыларының, ұстаздардың, әр ата-ананың міндеті болуы керек деп ойлаймыз. Ел іргесінің беріктігін, қарқынды дамып келе жатқан, татулығы жарасқан тәуелсіз жұртымызды дамыта беруде ел ішіндегі тұрақтылықты,  ең алдымен, халықтың өзі қамтамасыз етуі тиіс деп атап көрсетті. Жастардың болашағына жол ашу, азаматтардың  заңды талаптарына құлақ асу, құқықтық және қаржылық мүмкіндіктеріне жәрдем ету сынды көптеген әлеуметтік мәселелерді оң шешу жолдарын ұсынды. Сонымен бірге, қазіргідей  әлемнің бет-бейнесі өзгеріп, халықтың да тұрмыс-тіршілігі өзгеше сипат ала бастаған шақта,  бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатқан кезде, ел зиялыларының елге сүйеу болып, өздерінің ақыл-кеңесімен жас ұрпаққа жол көрсете білуінің маңыздылығын да айтып өтті.

Сонымен бірге  елге беделді ақыл-ой иелерінің алдағы кезеңдегі өмір салтымыз, тарихи жаңа кезеңдегі құндылықтарымыз, біз өмір сүріп жатқан осы кезеңнің талабы жөніндегі пікіріміз туралы парасатты пікірлері ауадай қажеттігін, сондықтан қазіргі машиналар мен роботтар әлемінде, қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұрған кезеңде,   өзіміздің бет-бейнемізді анықтап, халқымыздың қолдауымен жаңа заманға  батыл бет бұру қажеттігін атап көрсетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сұхбаты дер кезінде жарияланып,  елдің  алдағы өмірге нық сенім мен  батыл қадам жасауына күш берді деп ойлаймыз.

 

Нұрбол САДУАҚАС,
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университеті 
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

 

https://bilimdinews.kz/?p=110573

https://aqtobegazeti.kz/?p=88829