Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Коронавирус пандемиясы жағдайындағы кәсіподақ ұйымы

Коронавирус пандемиясы жағдайындағы кәсіподақ ұйымы

 

Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы жиырмасыншы ғасырдан бастау алады. Қазақ жеріндегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы ретінде  1905 жылғы желтоқсан айынының алтысында құрылған Қарағанды облысы аумағында орналасқан мыс кеніші жұмысшыларының одағы болып саналады. Кеңес Одағы тұсында Қазақ КСР-ның барлық кәсіподақтарының қызметі орталық орган – Қазақ кәсіптік одақтар кеңесіне  (ел есінде Қазсовпроф болып қалған) қарады. Оның қызметі 1948 жылы басталды, – деп хабарлайды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университетінің баспасөз қызметі. 

1990 жылы Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде «Қазсовпрофтың» орнына Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясын құру туралы Декларация қабылданды. 1992 жылы Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясының атауы өзгертіліп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы болып қайта құрылды. Бұл ұйымға биылғы мамыр айынан бастап Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин төрағалық етеді. Федерация қызметінің нысаны және мақсаты – мүшелік ұйымдардың әрекеттерін кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға өкілдік ету үшін шоғырландыру және үйлестіру, кәсіптік одақтардың қызметіне құқықтық кепілдікті қамтамасыз етуге септесу.

Федерацияның жоғарғы органы – Федерацияның Бас кеңесі бес жылда бір рет шақыратын съезд. Федерацияның басшы органы Федерацияның Бас КеңесіАлқалы атқару органы – Федерацияның Атқару комитетіАтқару басқару қызметін Федерацияның төрағасы жүзеге асырады. Бақылап тексеру органы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Тексеру Комиссиясы. Біздің жоғары оқу орнының бастауыш кәсіподақ ұйымы «Қазақстан Республикасының Ақтөбе облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғам бірлестігінің филиалы болып табылады. Кәсіподақ ұйымының басты қызметі – профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіби құзырын қорғау. COVID-19 коронавирустық инфекциясына байланысты әлемдік пандемия кезінде кәсіподақ ұйымдары қызметінің ширауы заңдылық. Өйткені  қауіпті індет халыққа көптеген қиындықтар туғызып отыр. Осы ерекше жағдайда қалай жұмыс істеп жатқандары жайлы  университеттегі бастауыш кәсіподақ төрайымы Ольга Қашымқызы Сұлтанғалиева (суретте) баяндап берді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бастауыш кәсіподақ ұйымы еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерінің орындалуын қадағалайтын қоғамдық бірлестік. Өз құрамында мыңға жуық кәсіподақ мүшесін қамтитын іргелі ұжым.  Әлемдік КВИ пандемиясы жағдайына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған  күннен-ақ университет ректоры, яғни әлеуметтік серіктесіміз Бауыржан Ердембеков өз қарамағындағы барлық қызметкерлерге материалдық көмек қолын ұсынып, жағдайын жасады. Сонымен бірге біздің ұйым да бұл жағдайдан тысқары қалған жоқ, дер кезінде қатарымыздағы кәсіподақ комитет мүшелерімен байланысқа шығып, олардың хал-ахуалын біліп отырдық. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментімен бірлесе отырып тікелей эфирге шығып қызметкерлер көкейінде туындаған  сұрақтарға жауап берілді.

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік және моральдық тұрғыдан көмек беру бірінші кезеңге қойылды. Кәсіподақ ұйымы қаржысынан көмек сұраған 35 кәсіподақ мүшелерінің өтініштері қанағаттандырылып, ақшалай көмек алды. Кәсіподақ ұйымы басқа құрылымдар секілді төтенше жағдайға байланысты online режимде жұмыс жасады. Бірінші кезекте еңбек адамының құқығын, еңбек қатынастарын қорғау болғандықтан қызметкерлерді басқару және құжатайналым бөлімі қызмет басшысымен тікелей байланыста болдық, жұмыстан еріксіз босату мәселесі сияқты жағдайлар болған жоқ, өз еркімен еңбек демалысы төленетін күндерін алғандар қатары болды, қазір олар жұмыстарын жалғастыруда.

Университет басшысының қолдауымен жағдайы нашар бірнеше отбасына бір еңбекақы көлемінде университеттен  көмек берілді, бұл ауыз толтырып айтуға болатын жағдай деп ойлаймын, бұған кәсіподақ ұйымының септігі тиді, өйткені көмек сұрап келушілер ең бірінші болып кәсіподақ ұйымына келеді, өтінішті кәсіподақтың комитет мүшелері жан-жақты талқылап барып, бір шешімге келіп отырады. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы пандемия кезінде өз кеңестерінде мерейтой иелерін де ескерусіз қалдырмады. Әсіресе жедел көмекке мұқтаждарды назарында ұстап, кәсіподақ комитет мүшелерінің шешімімен кәсіподақ ұйымы есебінен қаржылай көмек беріліп отырды. Ондай қайырымдылық көмек алушылар – ауыр науқаспен ауыратындар, оперативті ем қабылдағаннан кейінгі қиындықтарға тап болғандар, жалпы өмірде ауыр жағдайда қалғандар.

Жалпы кәсіподақ ұйымына келіп түскен арыздар мен өтініштер жүз пайыз қаралады және соңғы бір жарым жылдың ішінде қанағаттандырылмай қалған өтініштер болған жоқ (тек қана кәсіподақ қатарында жоқ адамдардың арыз-өтініштері қаралмайды), бұл да кәсіподақ ұйымы үшін соңғы жылдардағы үлкен жетістік. Қазір еңбек демалыстарының мерзімі басталды. Кәсіподақ ұйымы осыған дейін де өз құрамындағы кәсіподақ мүшелерінің жазғы тынығуын тиімді өткізу мәселесін қарастырып, өткен жылы 25 қызметкерлерді Мәртөк ауданындағы  «Зәру» пантосауықтыру шипажайында демалуға жолдама берген болатын.

Биыл да осы дәстүрді жалғастырғымыз келеді, бірақ қазіргі пандемия жағдайына байланысты бұл мәселенің нақтылы шешімін табуы уақыт еншісінде. Дегенменде, өз құрамындағы барлық профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің жазғы шипажайға демалуы қарастырылып, отыз пайызын белгіленген лимит бойынша төлеу жоспарда бар. Хабарландыру әрбір құрылымдағы жауапты адамдарға жіберілген болатын. Сондықтан еңбек демалысында сауықтыру шипажайына демалып келгендер үшін кәсіподақ ұйымы есебінен отыз пайыз төленіп беріледі. Тағы айта кететін мәселе, осыған дейінде соңғы бір жылда кәсіподақ құрамындағы кәсіподақ мүшелерінің өтініштері толық қаралып, демалған шипажайларға кеткен шығындары  жүз, елу, отыз пайызға дейін төленді.

Әрине, жоғары оқу орнында  оқу мен тәрбие қатар жүретіні белгілі. Сондықтан кәсіподақ ұйымы университетегі барлық тәрбиелік шараларда белсене араласып отырады, шараларды өткізуге демеушілік көрсетеді, өз құрамындағы кәсіподақ мүшелерін түрлі жетістіктерімен марапаттап отырады.  Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына байланысты университетте қызмет істеген тыл ардагерлерін марапаттау іс-шарасы өтті, оларға университет ректоры атынан «Алғыс хатпен» тапсырылып, кәсіподақ ұйымының демеушілігімен сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге, 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесіне университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің балаларына арналған online-конкурс болды, конкурсқа 40-тан астам балалар қатысып, жүлделі орын алғандары қомақты көлемде ақшалай және бағалы сыйлықтарды иеленді.

Шараға қатысушы барша балаға сыйлық берілді. Сонымен бірге, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментімен бірлесіп «Smart куратор» онлайн-конкурсын ұйымдастырдық, жүлделі орындарға 100 мыңнан 40 мыңға дейінгі ақшалай марапат және қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Медицина қызметкерлері күнінде университет емханасы дәрігерлері мен қызметкерлеріне қомақты қаржы бөліп, мерекелік тарту жасадық. Осыған дейінгі өткізіліп келе жатқан тәрбие жұмыстарына байланысты іс-шаралардың бәріне де кәсіподақ ұйымы демеушілік жасап, қолдап келеді. Өйткені бұл ортақ жұмыс, өз қатарындағы профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге, білім саласында тер төгіп жүрген жандардың қажырлы еңбегіне  деген сый-құрмет деп есептеймін.

Алда университтің сексен бес жылдық мерей тойы жақындап қалды, оған орай үлкен жоспар құрып отырмыз. Бір қуаныштысы ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы кеңестің төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестік төрайымы Раушан Серікқызы Серікова осы университеттің бітіруші түлектері. Олар да ерекше тосын-сый дайындап жатыр. Әлем халқының басындағы бүгінгі індет қаупі сейіліп, қалыпты өмірімізге  тезірек ораламыз деп сенемін.

https://bilimdinews.kz/?p=110771