Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Жаңалықтар > «Математика» мамандығы бойынша алғашқы докторлық диссертация сәтті қорғалды

«Математика» мамандығы бойынша алғашқы докторлық диссертация сәтті қорғалды

Жұбанов университеті ғылым саласындағы жас ғалымдардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, ғылыми әлеуетті нығайту, жас ғалымдарды ынталандыру, басқа оқу орындарымен  тәжірибе алмасу, ірі ауқымды зерттеу жобаларына жас оқытушылар мен ғалымдарды тарту, озық тәжірибе алу үшін халықаралық университеттермен байланысты нығайту мәселелері шешуде жан-жақты қолдау көрсетіледі.

2019 жылы Жұбанов университетінде «Математика»мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру бойынша диссертациялық Кеңес ашылған болатын. Диссертациялық кеңестің құрамына отандық және шетелдік ғалымдар кірді.

Бүгін онлайн кеңесте алғашқылардың бірі болып бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша Сандуғаш Мынбаева диссертациялық жұмысын ұсынды.

Cандуғаш Табылдықызы«Фредгольмнің интегро-дифференциалдық теңдеуі үшін сызықты емес шеттік есептің сапалық қасиеттері және сандық шешімі» тақырыбында 6D060100-«Математика» мамандығы бойынша PhD философия докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертациясын қорғады.

Диссертациялық Кеңес мүшелері қатарында: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Марат Ахмет (Анкара қ., Түркия); физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Александр Станжицкий (Киев қ., Украина); физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Анар Асанова (Алматы қ., Қазақстан); физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаров (Астана қ., Қазақстан); физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Марат Тілеубергенов (Алматы қ., Қазақстан) диссертациялық кеңестің төрағасы, профессор Жайшылық Сартабанов; диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы физика-математика ғылымдарының кандидаты Алтыншаш Бекбауова; диссертациялық Кеңес төрағасының орынбасары физика-математика ғылымдарының кандидаты Асқарбек Иманчиев; физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалия Әбдіқалықова; физика-математика ғылымдарының кандидаты Мәдина Тлеубергенова болды.

Айта кетейік, 2000-2004 жылдары Жұбанов университетінде 01.01.02-«Дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика» мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес құрылған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстанның әр аймағынан бірнеше ғалымдарға жол ашылып, ғылым кандидаттары дайындалды.