Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құрметті ақтөбеліктер!

Құрметті ақтөбеліктер!

Баршаңызды Елордамыз — Нұр-Сұлтан қаласының 22 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке әрбір қазақстандық үшін маңызы зор, жалпыхалықтық мейрам екендігі белгілі.
Нұр-Сұлтан — бейбітшілік ордасы, жаңа мүмкіндіктер қаласы. Ертегідегідей күн санап өсіп келе жатқан шаһар. Бас қалаға қарап, облыс орталықтары да бой түзейді.
Нұр-Сұлтан — жарқын болашаққа қол созған қазақ елінің символы!
Елорда күні ел асыға күтетін, өзімізге есеп беріп, тағы бір қадам алға басқанымызды айшықтайтын жалпыхалықтық мерекеге айналды.
Егемендіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешімін көптеген азаматтардың әржақты қабылдағаны белгілі. Алайда уақыт өте келе Елбасының көреген саясатының, қабылданған шешімінің дұрыстығы дәлелденді.
Өйткені экономикалық байланыстар үзіліп, күнкөрістің өзі мұңға айналған шақта астананы ауыстыру туралы ой ешкімнің ақылына сыймайтын. Бірақ тарихты көпшілік емес, бүгінгісін ертеңімен байланыстыратын, алыс көкжиекке көз тіге алатын дара тұлғалар жасайды.
Елорда — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төл перзенті. Оның әрбір көшесінде, тіпті әрбір кірпішінде көшбасшымыздың қолының табы бар. Жер бетіндегі әрбір қазақ арқа сүйейтін мемлекет құрып, мәртебемізді биіктеткен, Есілдің жағасына жағалай ел толтырып, құтты ордаға айналдырған Елбасымыздың еңбегі қандай құрметке де лайық!
Елбасының орасан зор саяси ерік-жігерінің арқасында ерке Есілдің жағасында әлемдік сәулет өнерінің ең үздік үлгілері үйлесім тапқан әдемі шаһар пайда болды. Бұл, біріншіден, мемлекетіміздің іргесін бекітті, екіншіден, елордамыз тоғыз жолдың торабында орналасып, барша облыстардың экономикалық жағынан дамуына жол ашты.
Халқымызда «Теңдес ағайын баспанасымен, дербес халық астанасымен мақтанады» деген сөз бар.
Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі болған елордамыз күн санап гүлденіп, өзінің әсемдігімен күллі әлемді тамсандырып келеді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан еліміздің бас қаласы ғана емес, халықаралық дәрежеде маңызды шешімдер қабылданатын, Батыс пен Шығысты жалғаушы Еуразияның маңызды орталығына айналды.
Елорда күні мерекесі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің символына айналды деп толықтай айтуға болады.
Елбасының «Бүгінде Астана — бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орны. Астананың мысалы арқылы біздің мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады» деген сөзі бар.
Ендеше, жаңа тарихымыздың беттері жарқын істерге толықсын!
Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі — бас қаламыз асқақтай берсін, ағайын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Мыңжылдық құтты ордамыз болғай!

 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

 

aqtobegazeti.kz